Қазақстандықтар "Жақсылық жаса" акциясына белсенді атсалысып жатыр"

Фотография - Қазақстандықтар "Жақсылық жаса" акциясына белсенді атсалысып жатыр"

#ЖақсылықЖаса!" жобасының қазақ және орыс тіліндегі dd.bnews.kz домендік атауымен арнайы сайты да әзірленді.

483 0

"Жақсылық жаса" акциясының ауқымы кеңейе түсті. Қолынан келген жәрдемін аямай, жақсылық жасап жатқан қазақстандықтардың қатары қалың. Осылайша, бұл акция елімізде көмекке мұқтаж адамның жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтар көп екенін көрсетіп отыр.

Қазақстандықтар "Жақсылық жаса" акциясына белсене атсалысып,  жақсылық жасауға ізгі ниетпен кірісіп кетті. Жәрдемге мұқтаж адамдарға көмек қолын созуға дайын қайырымды жандар аз емес. Алматылық кәсіпкер үш баласы сал аурына шалдыққан Шымкенттегі Елеуовтер отбасына 4 бөлмелі пәтер сыйға тартты. Отбасы 1 наурыз күні қоныс тойын тойлайды. 5 баланың әкесі Әлихан Елеуов жұмысын тастап, балаларды қарауға көмектесуге мәжбүр болды. Мемлекет төлейтін жәрдемақы дәрі-дәрмек, азық-түлік пен пәтер ақысына кетеді. Ал пәтер тізімінде отбасы 5164-орында тұр. Жергілікті БАҚ өкілдері Елеуовтер отбасы туралы жазғаннан кейін қазақстандықтар қол ұшын соза бастаған. Біреу қаржылай көмек көрсетсе, екіншісі азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал алматылық кәсіпкер әйел отбасыға 4 бөлмелі пәтер сыйлады.

"Жақсылық жаса" акциясынан жастар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, әлеуметтік желілердің пайдаланушылары түрлі қайырымдылық іс-шараларын  ұйымдастырып жатыр. Осылайша, Астана қаласының 11-сынып оқушысы Айдана Кентаева ізгі жобаны қолға алған. Ол "Артем" базарының жанында қайыр сұраған әжейді көргеннен кейін өз акциясын іске қосуды жөн көрген. Оның аясында Айдана достарымен бірге бірнеше дүкенге арнайы себет орнатып, қайырымды жандарды қарт адамдарға азық-түлік сатып алуға шақырады. Кейін олар жиналған азық-түлікті қарияларға таратып береді.  Жеткіншек алдағы уақытта азық-түлік себеттерін ірі сауда орталықтарына қоюды көздеп отыр.

Бұдан бөлек, зейнеткерлердің ауласын тазартып беру, үйін жинау, мүгедектер мен зейнеткерлерге такси қызметін ұсыну, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне демалыс ұйымдастыру секілді ізгі істер де жетерлік. Мінеки, қазақстандықтар немқұрайдылық танытпай, "Жақсылық жаса" акциясына ерекше белсенді қатысып жатыр. Бұл тек бастамасы ғана, алдағы уақытта игі істер саны арта түсетіні сөзсіз.

Айта кетейік, 20 қаңтар күні "#ЖақсылықЖаса!" SMM-жобасы кең ауқымда бастау алды. Жобаның мақсаты – жақсылық, ізгілік, мейірімділік құндылықтарын қоғам арасында кеңінен тарату. Бұл акция қазақстандықтар арасында кең қолдау тапты. "#ЖақсылықЖаса!" жобасының қазақ және орыс тіліндегі dd.bnews.kz домендік атауымен арнайы сайты да әзірленді. Жоба аясында әрбір пайдаланушы үшін мультимедиялық форматта (мәтін, сурет, бейне) өзінің істеген жақсылығының тарихын жүктеуге мүмкіндік беретін қолайлы интерфакс жасалды.

"#ЖақсылықЖаса!" жобасына еліміздің көптеген белгілі адамдары қолдау танытуда. Қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының өкілдері қазақстандықтарды ізгі бастаманы қолдауға шақырып отыр.





Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!