Ұлттық ұлан 8 наурызбен құттықтай отырып, әскери шендер тақты

Фотография - Ұлттық ұлан 8 наурызбен құттықтай отырып, әскери шендер тақты

Бүгінде Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 380-нен астам қыз-келіншек қызмет етуде

485 0

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметінен Айдос Байшағыров.

Әскери қызметтің суығы мен ыстығына төзіп жүрген Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің батыл қыздарын "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әлібек Серәлиев құттықтап, әскери қызметші әйелдер қауымының жеткен жетістіктерін атап өтті. Өз сөзінде қолбасшы: "Ұлттық ұлан қатарындағы ерлермен тең қару асынып жүрген арулар еш қаймықпастан, тәуліктің кез келген уақытында өздеріне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді адал атқарып жүр. Өз өмірлерін Отан қорғау жолына арнап, ер адамдармен қатар қатаң әскери тәртіптің құрышында болат боп қайнаған осындай батыл да қайсар әйелдерді кешегі Хиуаз, Мәншүк, Әлиядай қазақ батыр қыздарының дәстүрлі жалғасы деп білемін" - деп жүрекжарды тілектерін арнаған соң, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылықтың бұйрығымен марапатталған үздік әскери қызметші аруларға грамоталар мен кеуде белгілерін табыс етті.

Осы жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасы Генералдар кеңесі Президиумының мүшесі, Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің тәлімгері отставкадағы генерал-майор Иван Комаров та Ұлттық ұланның зейнеткер әйелдері мен ел басына күн туса, етігімен су кешуге әзір аруларды келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, Ардагерлер кеңесінің атынан олардың омырауларына естелік кеуде белгілерін тақты.

Ұлттық ұлан қатарында он жылдан астам қызмет етіп, офицерлік лауазымның нағыз маман кадрына айналған "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының аға офицері капитан Данара Баймағанбетоваға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен кезектен тыс "майор" әскери шені берілген болатын, оны осы жиында өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы Әлібек Болатұлы салтанатты түрде табыс етті.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде барлығы 380-нен астам қыз-келіншек ерлермен иық тірестіріп қызмет етуде. Түрлі қызметтегі мамандар, бақылау-өткізу пунктінің сақшысы, маман-оператор, бөлініс фельдшері, қойма бастығы, тағы басқа лауазымдардағы нәзік жандылар өздеріне жүктелген тапсырмаларды абыроймен орындап, әріптестері мен қолбасшылық алдында зор құрмет иеленуде.