Жамбыл облысында 26 жасар ана 10 баланы тәрбиелеп отыр

Фотография - Жамбыл облысында 26 жасар ана 10 баланы тәрбиелеп отыр

Жап-жас орыс келіншегі шүпірлеген жас өскіндердің асыраушысы әрі анасы.

636 0

Жамбыл облысы Қаратау қаласында жиырма алты жасар ана Ульяна Романқызы Ким он баланы бағып отыр деп жазады Ақжол басылымы. Жап-жас орыс келіншегі шүпірлеген жас өскіндердің асыраушысы әрі анасы, ал бәріне бас-көз болып жүрген Ульянаның енесі, балақайлардың әжесі – Надежда Генхванқызы Ким деп жазады басылым.

"Келінім балалар үйінде өскен. Ата-ананың жоқтығының тақсыретін әбден тартқан. Жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Жетім көрсе, жебеп, жан шуағын төккісі келіп тұрады. Ульянаның өзі үшеу туды. Балам Валентин Оңтүстік Корея мемлекетінде жұмыс істеп жатыр. Жазға салым келіп, тұрмысымызды көріп кетеді. Не керек келінім жетім балаларды қамқорлығымызға алайық деді. Біз қарсылық жасаған жоқпыз", - дейді енесі келінін мақтап.

Ульянаның балаларды асырап алуына оның өз басынан өткерген жағдай себеп болған.

"Әрбір сәби ата-ана мейірімін аңсайды. Балалар үйінде жылы-жұмсақ жеп отырса да, аялы алақанды, өз үйі болғанын аңсайды. Өзім де сондай сәтті басымнан өткердім емес пе?!", - дейді Ульяна. Осылай деп, көзіне жас алды мейірімді жан.

Сөйтіп, жас келіншек енесі екеуі әуелі Меркідегі Савва, кейін ондағы балалар үйі жабылған соң Тараз қаласындағы Сармолдаев атындағы балалар үйін жағалап, қамқорлыққа бала асырап алуға ниет еткен. Содан бері, тиісті ұйымдардың келісімімен 5 баланы асырап, бағып отырған жағдайлары бар. Оның үстіне, Қаратау қаласынан ата-ана қарауынсыз қалған 3 қыз жазғы демалыстарында (олар колледжде оқиды) келіп, осы үйді паналайды екен. Сегіз баламен бірге өзінің ұл-қызы мен жиенінің үш баласы да шаңырақтың шаттығына айналған.

Ульянаның "үлкендері" Нина Петровна Алматыда колледжде стилист-модельер мамандығына машықтанып жүр, жаз шыға үйіне асығады. Ал Александр – 9, Анна – 7, Петр 5-сыныпта, Анатолий алғашқы дайындық сыныбында оқиды. Бәрі де қаладағы Карл Маркс атындағы орта мектепте білім алып жүр. Виктория, Светлана, Любовьтар – қаладағы колледжде оқиды. Бауырдай болып кеткен үш қыз да жазғы демалыстарында Ким отбасын паналайды.

"Бес балаға үкімет 106 мың тең жәрдемақы тағайындаған. Құдайға шүкір, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ", – дейді Ульяна.

Ал жас ананың енесі әрбір қазақстандық сол балаларды асырап алса, елімізде жетім болмаса, деген тілегін айтты.

"Балалар үйіне барған сайын көздері мұңға толы балаларды көріп жүрегім қарс айырылады. Мейірімді жандар табылып, соларды асырап алса ғой, жетім деген болмаса ғой деп тілеймін. "Шіркін-ай" дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Көз алдыма дүниеге келген сәбилерін қоқысқа заттай лақтыра салатын көкек аналар елестеп, қамығып қалдым. Солар, Ким әулетінен үлгі алып жатса, қанеки.

"Балалы үй – базар" дегеніміз сол емес пе?!", — деп сөзін түйіндеді Надежда Ким.





Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!