Елордалық полицейлер экологиялық рейдтер өткізіп жатыр

Фотография - Елордалық полицейлер экологиялық рейдтер өткізіп жатыр

Бүгін астаналық полицейлер аумақты абаттандыру ережелерін сақтамайтын кәсіпкерлерді анықтау бойынша рейд өткізді

98 0

Қаланы тазалау және абаттандыру қалалық қызметтердің күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып табылады. Бұл ретте түрлі ұйымдардың, мекемелер мен ШОБ өкілдерінің қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзу жағдайларын анықтауға және болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды өткізу аса маңызды. Астана қаласының табиғат қорғау полицейлері тиісті жұмыстарды тұрақты түрде қолға алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін астаналық полицейлер аумақты абаттандыру ережелерін сақтамайтын кәсіпкерлерді анықтау бойынша рейд өткізді. Күн сайын бекітілген аумақтарды аралау барысында полицейлер құрылыстардың іргелес аумақтарын санитарлық ұстау мен уақытылы жинауды ұйымдастыруды бақылайды. Бүгін тексеру барысында тәртіп сақшылары кәсіпкерлердің, көлік жуу орындарының, дүкендердің, сондай-ақ құрылыс объектілерінің иелерінің іргелес аумақтарды қалай ұстайтынын бағалады.  

Астана қалалық мәслихатының 2004 жылғы 30 наурыздағы № 28/6-III "Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары туралы" шешіміне сәйкес кәсіпкерлер іргелес аумақты (периметрі 5 м) таза ұстауға міндетті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін тәртіп сақтау бойынша қолайлы жағдай жасауы керек.

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері 723 тексеру жүргізіп, нәтижесінде шағын және орта бизнес объектісінің 372 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.

"Көлік жуу орнына іргелес аумақ лас. Жиналмайтын кездері де болады. Иесінің өзі жоқ. Оған қызметкері арқылы сағат 17.00 бөлімге келсін деп шақыру қағазын қалдырып кеттік. Мекеме иесіне қатысты әкімшілік жаза қолданылады", - дейді Астана қаласының ІІД ЖПҚ аға инспекторы Ораз Ахметов.

Айта кетейік, барлық басшылармен және азаматтармен абаттандыру ережелерін сақтау, санитарлық ұстау, нысан аумағын жинауды ұйымдастыру және тазалықты қамтамасыз ету туралы профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 30-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!