Астанада қазіргі заманғы жемқорлыққа қарсы күрес саясаты мәселелері талқыланды

Фотография - Астанада қазіргі заманғы жемқорлыққа қарсы күрес саясаты мәселелері талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әрқашан да прокуратура органдарының да басты міндеті болып табылады

262 0

Астанада қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес түрлері, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту мәселелері талқыланып, кездесуге қатысушылар азаматтарды сыбайлас жемқорлықтың кез келген белгілеріне немқұрайлылық танытпауға шақырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

– Президенттің көреген саясатының арқасында жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жетілдіруге баса назар аударылып отыр. 1999 жылы ТМД мемлекеттерінің ішінде Қазақстан бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң әзірлеп, қабылдады. Содан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасы ұдайы жетілдіріліп келеді, – деді ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Каскин.

Оның айтуынша, Департамент мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылауды күшейтуге, яғни азаматтардың сенім деңгейін арттыруға басымдық беріп отыр, бұл елімізде жемқорлық жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әрқашан да прокуратура органдарының да басты міндеті болып табылады.

– Қазіргі кезде жемқорлықтың бірнеше түрі бар  – заңды және заңсыз іс-әрекеттерді жасағаны үшін пара беруден бастап, лауазымды тұлғалардың қатысуымен күрделі операцияларды іске асыруға дейін және т.б. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында құқық қорғау және арнайы органдармен 109 жемқорлық құқық бұзушылық жағдайы анықталып, тіркелген. Бұрынғыдай қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу және беру жағдайлары жиі кездеседі, – деді Астана қалалық Прокуратурасы Жалпы қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Берік Мелдебеков.

Сыбайлас жемқорлықтың таралуына азаматтардың өз құқықтары мен мемлекеттік қызметтер ұсынудың тәртібі туралы тиісті дәрежеде хабардар болмауы ықпал етеді. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі азаматтардың саналылығына тікелей байланысты, бұл мәселені қоғам жемқорлыққа төзбеушілікпен қарағанда ғана жоюға болады.

– Адамдар белсенді азаматтық көзқарасты ұстануы керек, өз-өзіңді қорғап, лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыздыққа шыдамсыздық таныту керек. Бүгінде азаматтық көзқарасыңды жеткізуге болатын алаңдар көп және кез келген мемлекеттік органға жүгінуге болады. Сайттарға кіріп, өтініш қалдыруға немесе call орталыққа хабарласуға болады. Барлығы азаматтарға жемқорлықпен күресуге көмектесуге дайын, – деді Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюро штабы басшысының орынбасары Дінмұхамед Шермаханбетұлы.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар, жемқорлыққа қарсы тәрбие беру мектептен басталатынын атап өтті. Кездесу соңында қалалық мектептер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен шығармалар мен сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!