Бас мүфти: Таңдауымыз – Тұрақтылық, Бағытымыз – Бірлік

Фотография - Бас мүфти: Таңдауымыз – Тұрақтылық, Бағытымыз – Бірлік

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлы үндеу жариялады.

233 0

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз "Әли Имран" сүресінде: "...Бөлінбеңдер", – деп әмір етсе, Оның Елшісі: "...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар", – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

"Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді", – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: "Бірлік болмай, тірлік болмас", – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.  

Биыл Алланың бізге берген нығметі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесі. Сіздерді осынау Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен және 1 мамыр бірлік мерекесімен құттықтаймын.

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин! 

muftyat.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!