Астанада Талдыкөлдегі жағымсыз иісті жоюмен айналысуда

Фотография - Астанада Талдыкөлдегі жағымсыз иісті жоюмен айналысуда

Елбасы көлді 2016 жылдың соңына дейін тазартуға тапсырма берді

133 0

Жыл соңына дейін Талдыкөл лайдан тазартылмақ. Бұл туралы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тимур Әбижанов өзеннің су тазарту құрылыстарын аралау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Today.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Талдыкөл ағын су жинағышын тазарту жобасы 2011 жылдан бастап қолға алынған. Биыл көлді тазарту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді: қосымша құрылыстар салынып, қайта жөнделді, су тазартуға арналған блок қолданысқа енгізілді. Өткен жылы Талдыкөлге су шығару тоқтатылған болатын.

«Былтыр су тазартуға арналған қосымша блок пайдалануға берілді, блоктың өзі суды талаптарға сәйкес санитарлық және гигиеналық нормаларға дейін тазартады, бұл оны Есіл өзеніне құюға мүмкіндік береді. Бұл австриялық технология. Қазіргі кезде су тазартатын блок жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 136 мың текше метрге жуық таза су шығарылады. Күніне бірнеше рет суға мониторинг жүргізіледі, біздің зертханамыз бар», - деді T. Әбижанов.

Өткен жылы су тазарту шаралары қабылданған соң Талдыкөлдің көлемі 43 миллион текше метрге дейін азайды, бұған дейін бұл көрсеткіш шамамен 56 млн. құраған болатын. Бұл нәтижеге былтыр қосымша су тазарту блогын іске қосқаннан кейін қол жеткізілді. Қосымша су тазарту дегеніміз - сүзгілеу, яғни суды терең тазарту. Бүгінде елорданың ағынды сулары тазартудың төрт сатысынан өтеді: механикалық, биологиялық, қосымша тазарту және ультракүлгін залалсыздандыру. Осыдан кейін таза, мөлдір және залалсыздандырылған су Есілге құйылады.

«Биыл су көлемін азайтып, су түбіндегі лай тазартылмақ. Негізінен, иіс сол лайдан шығады. Анаэробты процестер жүріп, күкіртті сутегі бөлініп шығады, ол атмосфераға тарайды. Жыл соңына дейін лай түгелдей тазартылады, сонда жағымсыз иіс те кетеді. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстардың 37% орындалды. Лайдың еш зияны жоқ, кейіннен ол кәдеге жаратылатын болады», - деді Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Т. Әбижанов.

Үстіміздегі жылы көл түбін тазарту және су деңгейін азайту бойынша барлық жұмыстарды аяқтау көзделген. Қазіргі кезде Талдыкөлдегі су көлемі 43 млн текше метрді құрайды, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ауданы 635 гектар болатын 9 млн-ға жеткізілмек. Алдағы уақытта Талдыкөл суын тазарту жұмыстары аяқталған соң көл аумағы рекреациялық аймаққа айналмақ.

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!