Алматыда Бас мүфти жүлдесі үшін қазақ күресінен турнир өтті

Фотография - Алматыда Бас мүфти жүлдесі үшін қазақ күресінен турнир өтті

Төл күресімізден өткен додаға әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты 60 балуан күш сынасты.

141 0

Алматыда "Достық" спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында 3-республикалық турнир өтті,деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі

Төл күресімізден өткен додаға әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты 60 балуан күш сынасты. Әр облыстан іріктеліп шыққан балуандардың осалы жоқ. "Достық" спорт кешеніне жанкүйерлер де көп жиналды. Бұл ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне деген құрмет пен қошеметтің деңгейін аңғартса керек. Осылайша, Алматы қаласының төрінде жақсы дәстүр жалғасын тапты.

Игі шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы, Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Қуат Хамитов, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетов тамашалады.

Жарыстың ашылу салтанатында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақ күресі – ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жеткен дәстүрлі өнер екенін айта келе, жамағаттың ауыз біршілігін арттыратын бұл шара дәстүрлі түрде жалғасатынын айтты.

"Қазақ күресі – ұлттық дәстүріміз. Қазақ күресі дәстүрімізбен қоса, дінімізбен де астасып жатыр. Бұл өнер Пайғамбарымыздан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет. Алла елшісі бір хадисінде: «Күшті мұсылман Алла Тағала құзырында әлсіз мұсылманнан жақсырақ", – деген. Сондықтан, имамдарымыз әр өңірде ұлттық спорттың басқа түрлерінен де жарыстар ұйымдастырып келеді. Мұндай бастамалар қоғамды бірлік пен ынтымаққа, бауырмалдық пен кішіпейілділікке шақырады. Имамдарымыз тек уағыз айтып, мешітте намаз өткізумен шектелмей, халық арасында имандылық пен ауызбіршілікті амалдары арқылы насихаттап келеді", – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Боз кілемде тер төккен балуандардың арасынан топ жарып сүрінбей өткен Нұржан Мертаев пен Біржан Молдашев бас жүлдені сарапқа салды. Екі нар жігіттің қайсысы басым түседі деген көптің көкейіндегі сауалға бозкілемдегі белдесу ғана жауап берді. Атадан асып туған Нұржан жанұшыра дем берген жанкүйердің қолдауымен қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Сонымен, бас бәйгеге тігілген Үлкен қажылыққа жолдаманы Шығыс Қазақстан облысынан келген Нұржан Мертаев қанжығасына байлады. Екінші орынды ұтып алған Атырау облысының атынан қатысқан Біржан Молдашев пен үшінші орынды иеленген Алматы облысынан келген Шыңғыс Тұрсынханов Кіші қажылыққа тегін жолдаманы иемденді.

Сонымен қатар, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бірінші орынды жеңіп алған Нұржан Мертаевтың жаттықтырушысына да Үлкен қажылық сертификатын табыстады.

 



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!