Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды

Фотография - Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды

Фото: today.kz

Осы жолғы ораза күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр.

5928 0

Маусымның 6-ында мұсылман әлемінің маңызды ғибадат айы - қасиетті Рамазан айы басталды. Бұл айға аман-есендікте жеткен әрбір мұсылман мадақ айтып, бір ай бойы ауыздарын бекітеді. Жалпы биылғы Оразаның ерекшеліктерімен өткізілетін іс шаралар жайлы ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы ҚМДБ сайтында мәлімдеме жасаған болатын.

Ораза ғибадаты - мұсылманға міндет етілген бес парыздың бірі. Ораза өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға міндет болып табылады. Тек ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт кісілер ғана әлеуметтік әлсіз жандарға фидия төлемін берумен босатылады. Сапарда ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы – ауыз бекіту. 

Осы жолғы ораза күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 17-18 сағатқа дейін созылады. Алайда күннің ұзақтығы мен шілденің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауына кедергі келтірмейді деп сенеміз. Өйткені, Рамазан – жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын берекелі, қасиетті ай. Мұсылман баласы мұндай мүмкіндіктер айын жіберіп алмауға тырысады.

Маусымның 6-ы күні басталған ораза шілденің 4-і күні тәмамдалып, жиырма тоғыз күн тұтылады. Бұл күндері мұсылмандар бірін-бірі ауызашарға шақырып, жақсы тілектер айтады.

Қасиетті Қадір кеші – шілденің 1-нен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.

Рамазан - араб сөзі, түбірі "рамзау" - "өте ыстық" деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: "Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді", - деп түсіндіреді.

Ораза ұстаудың пайдалы екендігін медицина мамандары да қуаттайды. Мәселен, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтеді, семіздік пен оның салдарынан, бауырда тастардың жиналуынан және қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Сондай-ақ денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғап, реттейді.

Оразаның әр күнінде барлық мешіттерде Тарауих намазы оқылып, Құран кәрім хатым түсіріледі. 

Ораза кезінде пітір садақа беріледі. Биылғы пітір садақаның мөлшері 200 теңгенің көлемінде бекітілді. Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетіледі.

Рамазан айынан кейін Ораза айты атап өтіледі. Алдағы айт шілденің бесінен басталады.

Қасиетті айдың қарсаңында Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, облыстардағы мәдениет үйлерінде "Қош келдің, Рамазан!", "Берекелі мереке", "Берекелі Рамазан" деген тақырыппен рухани-мәдени, патриоттық кештер ұйымдастырылды.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша Рамазан айының құрметі үшін "Тегін такси", "Тегін автобус", "Қайырымдылық – қайырлы іс", "Барыңмен бөліс", т.б. қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.

Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!