Жазғы лагерьлер балаларға көп қызық ұсынады

Фотография - Жазғы лагерьлер балаларға көп қызық ұсынады

М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының жазғы шығармашылық мектебі 6-12 жастағы балаларды қабылдайды

189 0

Жаз – балалардың ең сүйікті және көптен күткен мезгіл. Кішкентай астаналықтар қаладан тыс және мектептердің жанынан ашылған лагерьлерде демалады. Елордалық Оқушылар сарайы да балаларға түрлі ойын-сауықтар ұсынады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының жазғы шығармашылық мектебі 6-12 жастағы балаларды қабылдайды. Биылғы бағдарламаға брейк-данс, мүсіндеу, бейнелеу өнері, хореография, вокал, шахмат сияқты үйірмелер енді.

– Биыл балалар сабақтарға үлкен қызығушылық танытуда. Үш жыл бойы барлық маусымдарда келіп жүретін балалар да бар. Біз ойын квесттерін, шоу-бағдарламалар, театрландырылған және цирк қойылымдарын ұйымдастырамыз. Балалар "Спортландияны" ұнатады – эстафеталарды, мультфильмдердің кейіпкерлерімен өткізілетін бағдарламаларды, өздері костюм киіп, қатысады. Осылайша, балалар өздерін көрсетіп, таланттарын паш етеді, – дейді Оқушылар сарайы директорының орынбасары Алмагүл Жапарова.

Биыл жазғы мектепке Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларынан келген және Астананың өзінде тұратын балалар келеді. Қазіргі кезде лагерьге 100 адам қабылданды.

– Бізге бұл жер өте ұнайды, күнде түрлі үйірмелерге барамыз, бассейнде жүземіз, эстафеталарға қатысамыз. Күніміз жақсы өтеді, далада серуендейміз, - дейді Дарина мен Жасмин.

Б. Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайында да жазғы демалыс академиясы ашылды. Жоба бірнеше бағытты қамтиды. "Балалар қаласы" лагеріне 150 балғын жазылған. Мұнда мұз айдыны, бассейн, жеңіл атлетикалық манеж, сурет салу, вокал, хореография, театр өнері, көңілді старт және т.б. үйірмелер жұмыс істейді.

– Академия аясында мектеп жанындағы лагерьлерге баратын балаларға арналған "Көңілді калейдоскоп" ашылды. Күн сайын барлық мектептерден 600–700 баланы қабылдаймыз. Олар планетарийді тамашалап, хореография үйірмесіне қатысады, театрландырылған қойылымдар көреді, флешмоб билеуді үйретеміз. Жазда оқығысы келетін баалларға арналған профильді бағыт та бар. Олар сабақ оқып, демалады. Жас спортшылар үшін "Чемпиондар лигасы" ашылды. Хоккейшілер, мәнерлеп сырғанаушылар, гимнасттар спортпен айналысып, біруақытта демалады - планетарийді, интерактивті паркті, "Менің мамандығым" виртуалды зертханасын көреді, – дейді Оқушылар сарайы директорының орынбасары Қымбат Іргебаева.

Айта кетейік, 8 шілдеге дейін 73 мектептің жанынан төменгі сыныптың 45 мыңнан астам оқушысын қамтыған лагерьлер ашылды. Ең белсенді балалар "Дидарлы жаз" спорттық, ойын-сауық алаңдарына барады. 8–10 сынып оқушылары үшін мектептердің жанынан "Айбынды маусым" әскери-спорттық алаңдар жұмыс істейді, бағдарламаға әскери далалық жиындар, ойындар, экскурсиялар, мұражайларға бару, саяхатқа шығу кіреді.

Бұдан басқа, қаладан тыс орналасқан "Арман" спорттық-сауықтыру лагері мен "Батыр" палаталы лагері де балаларды демалуға шақырады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері – 160 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала "Боровичок" демалыс аймағында демалады.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!