Астана әкімдігі Uber компаниясымен меморандум жасасты

Фотография - Астана әкімдігі Uber компаниясымен меморандум жасасты

Uber – пайдаланушылар мен жүргізуші-серіктестерді байланыстыратын технологиялық платформа

187 0

Астана қаласының әкімдігі, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті және Uber компаниясы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Әлемнің 70-тен астам мемлекетінде қызмет көрсететін халықаралық компания қазақстандық нарыққа елордадан бастап кірмек, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Меморандумға сәйкес, Uber тек кәсіпкерлік қызмет субъектілері ретінде тіркелген Серіктестермен (заңды тұлғалармен және жеке кәсіпкерлермен) ғана жұмыс істейді. Автоматтандырылған есеп айырысу жүйесі мен заңды қызметінің арқасында Uber қазақстандық нарықта сервис серіктестері-жүргізушілердің кірісінің айқын болуына және салықтардың бюджетке толық төленуіне жағдай жасайды.

"Әрине, бұл біз үшін айтулы оқиға. Uber компаниясымен көптен бері келіссөздер жүргізіп келеміз, оның Қазақстан нарығына осы Астанадан бастап кіретініне қуаныштымыз. Жүйенің айқындылығының арқасында шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашылып, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер ұлғаяды, ал ең маңыздысы, нарықта тағы да бір әлемдік бренд болады", - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова. Оның айтуынша, жолаушылар тасымалы нарығына жаңа компанияның енуі елордалық бизнестің дамуына үлкен серпін бермек.

Uber – пайдаланушылар мен жүргізуші-серіктестерді байланыстыратын технологиялық платформа. Мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруші жүргізуші мен машинаға резерв қойып, оның белгіленген жерге дейінгі қозғалысын бақылай алады, төлем банктік картамен жасалады. Uber қолданыстағы қарапайымдылығымен, қауіпсіздік талаптарының жоғары болуымен, сондай-ақ, қолма-қол ақшалай төлемдердің жоқтығымен танымал. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің атап өтуінше, нақ осы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етеді.

Uber B.V. ТМД мемлекеттері бойынша бас менеджері Алексей Стахтың атап өтуінше, компанияның жобаны Астанада дамыту перспективалары зор.

"Үлкен перспективалар бар. Стартап аса қарқынды дамып келеді, біз әлемнің 70 мемлекетінде 400 астам қалада жұмыс істейміз. Қазақстанға келіп, елордадан бастайтынымызға қуаныштымыз. Біз үшін бұл өте маңызды. Бүгінгі таңда биліктің қазіргі саланы жақсартуға мүмкіндік беретін инновацияларды қолдайтынын көріп жүрміз. Өз тарапымыздан қазақстандықтар күткен сервисті ұсынуға барлық шараларды қабылдайтын боламыз", - деді А. Стах.

М. Бектұрованың айтуынша, елорда әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына жайлылық пен қызметінің заңдылығын қамтамасыз ететін, дамытылып жатқан басқа да жобалар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!