Ақмола облысында дін мамандары жетіспейді

Фотография - Ақмола облысында дін мамандары жетіспейді

Облыстағы 43 мешітте арнайы білімі бар имамдар жоқ.

227 0

Ақмола облысында дәстүрлі дінді нығайту үшін салаға тікелей жауапты мамандар жетіспейді. Бұл туралы  облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды Вnews.kz.

Ақмола облысының дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраеваның айтуынша, өңірде әлі де болса діни білімі бар теолог мамандар тапшы. Облыстағы 43 мешітте арнайы білімі бар имамдар жоқ. Әсіресе, шалғаййдағы елді мекендерде діни насихат қай бағытта жүргізіліп жатқаны белгісіз. Облыс әкімінің атынан өңірге қажет теолог мамандарды оқытуға арнайы стипендия тағайындалуда. Бүгінгі таңда 4 азамат "Нұр-Мүбәрак" университетінде білім алуда.

"Жастардың біразы әлі адасып жүр. Жанымызда жүріп, өзімізге жат болып барады. Елде алаңдаушылық туындады, біраз шаралар қолға  алынды, жиындар өтті, өтіп те жатыр. Бірақ, батпандап кірген аурудан құлан-таза айығып кеттік деп айта алмаймыз. Жақында Ақтөбеде орын алған оқиға соны көрсетеді. Демек, әлі кемшін тұстар бар. Басқасын былай қойғанда имамдарымыздың уағыздарының жүйесін, құрылымын нығайта түсу керек іспетті",–дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Діни экстремизмнің алдын алуда дөңгелек үстелдер өткізіліп, бейнероликтер көрсетіліп келеді. Білім мекемелерінің ресми сайтында ақпараттық таным парақшалары орналастырылған. Тұрғындарды, жастарды дәстүрлі емес діни ағым идеяларынан сақтандыруға, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттауға бағытталған жазушы Жабал Ерғалиевтың "Жан шырылы" пьесасының теленұсқасын жасау қолға алынбақшы.

Облыс әкімінің орынбасары Ж.Нұркенов бұл мәселені шешу үшін қаржы бөлу қажеттігін айтады. Жұмыссыздықты жою, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің білімін көтеру, оларды қажетті діни әдебиеттермен  қамтамасыз ету, аудандарда діни жат ағымдардан жапа шеккендерге көмек  көрсету үшін  қоғамдық ұйымдар ашу және оның жұмысына дін мамандарын тарту керек деп санайды.

"Сарапшылардың зерттеуі бойынша жат ағымның жетегінде кеткендердің  дені  жұмыссыз, оның ішінде басым бөлігі жастар.  Жұмыссыздық халықтың кейбір топтарын кедейленуге ғана емес, сонымен қатар рухани құлдырауға алып келуде",–дейді Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының жетекшісі Ринат Галлямов.

Қазіргі таңда жастардың дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еріп кетуінің басты себебі – діни сауатсыздық пен түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі. Осы орайда, облыс әкімінің қолдауымен өңірге Астана, Алматы қалаларынан 12 теолог-маман  шақыртылып отыр. Бұл мамандар діни радикализмнің алдын алу бағытында оқу орындарында, мешіттерде, мәдениет үйлерінде, түзеу мекемелерінде және басқа да жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші.

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың айтуынша, бүгінгі күні қала бойынша 25 діни бірлестік арнайы тіркеуден өткен. Ол өңірдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында жергілікті полицияға жексенбілік діни мектептердің де жұмысын қатаң бақылауға алу жүктелгенін жеткізді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!