Елордада қымыз мерекесі өтеді

Фотография - Елордада қымыз мерекесі өтеді

Бірнеше күн бойы көк шалғында ұлттық нақышта безендірілген 10 киіз үй тігіледі.

472 0

Елорда күнін мерекелеу аясында "Жерұйық" паркінде даладағы нағыз қазақ ауылы орын тебеді. 5 және 6 шілдеде алғаш рет Ұлы дала халқының басты сусыны – қымызға арналған "Қымызмұрындық" халықаралық этнографиялық фестивалі өткізіледі, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қалада 1992 жылдан бастап өткізіліп келген бүгінгі этнографиялық мерекенің тақырыбы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен "ЭКСПО-2017" көрмесі болмақ. Оны өткізу идеясы еліміздің өзге өңірлерінде де қолдау тапты – Алматы, Павлодар, Тараз, Шымкент және т.б. қалаларда. 

Бірнеше күн бойы көк шалғында ұлттық нақышта безендірілген 10 киіз үй тігіледі. Мол дастархан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар – құрт, бауырсақ, жент, ірімшік, шұбат пен қымыз ұсынылады. Бұдан басқа, қонақтар самауырыннан құйылған хош иісті шай ішеді. Ал кіре берісте қолданбалы өнер көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылады. Сонымен қатар, этноауылда алтыбақандар орнатылып, жігіттер мен қыздар, сауық-сайран құрып, ән айтады. Жақын маңда батырлар мен балуандар күш сынасып, шеберлік байқасады.

Фестивальдің ашылуында қымызды мадақтауға арналған театрландырылған қойылым, қатысушылар шеруі, би мен айтыс өтеді.

Мұнымен қоса, келушілер шара барысында қымыз туралы білімін тексеріп, қымыз ішуден жарысады, армрестлинг, арқан тарту және т.б. сайыстарда күш сынасады.

Ежелден дала халқы жазда бие сауып, қымыз ашытқан. Бұл айтулы шараға ауылдың алты ауызы, туған-туыстар, көрші-қолаң, дос жарандар шақырылған. Жаздағы алғашқы сусыннан дәм татқызу және молшылықтың белгісі ретінде қасиетті сусынды жерге төгу қазақтар үшін тұтастай бір салт-жора. Ұйымдастырушылар фестиваль барысында осы дәстүрді жағыртпақ ниетте. Шараға Қазақстаннан басқа,  Қырғызстан, Омбы, Қалмақ, Алтай аймағы, Новосібір, Якутия, Забайкалье аймағы, Бурятиядан келген шеберлер қатысады.

Этноауыл қонақтары қымыз ішу рәсімін және якутиялық қалыңдықты киіндіру жорасын, Забайкалье аймағының өкілі Жалсанова Дариманың аттың қылынан жасаған үлгілер коллекциясының, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, қазақстандық Қайролла Әбішевтің коллекциясының, Шадапова Ханданың "Байкал маржандары" костюмдер коллекциясының көрсетілімін және т.б. тамашалайды. Мереке күндері «Алтын дала дауысы» бүкілресейлік байқауының лауреаты, созылыңқы қалмақ әндерін орындаушы Эврена Оргаева, нағыз алтай хомусында ойнайтын Игнатьев Виктор Викторович Астанаға арнайы ат басын тірейді.

Қымыз жасау мен оны сақтау туралы білгісі келетіндер, сондай-ақ, ұлттық қуыршақтар жасауды, тоқу мен тігуді үйренуге ниетті жандар шеберлік дәрістеріне қатыса алады.

Сонымен қатар, фестиваль қымыз жасау мен өндіру, қолданбалы қолөнер бойынша жас дарынды шеберлер, суретшілер мен модельерлер үшін жақсы алаңға айналып, өзін-өзі таныстыруға мүмкіндік береді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!