Алғабаста жаңа баспананың құрылысы басталды

Фотография - Алғабаста жаңа баспананың құрылысы басталды

Құрылыс сапасын 3 тарап - тәуелсіз мекеме, жергілікті билік және тұрғындардың өздері бақылайтын болды.

300 0

"Алғабас-6" ықшамауданында қисайған 9 қабатты тұрғын үйдің орнына салынатын жаңа баспананың құрылысы басталып кетті. Есте болса, тұрғындардың қалауы бойынша дәл осы ауданында, дәл сол мердігер - "Астанақұрылыс" мекемесіне қала әкімдігі 2 жер телімін бөлген еді. Болашақ үйдің қазығын қағып, қазан шұңқыры қазылды. Ішкі жоспары мен жобасы бір бүйіріне қисайған бұрынғы 72 пәтерлі тұрғын үйден айнымайтын жаңа көп қабатты баспана салынбақ. Ал құрылыс сапасын 3 тарап - тәуелсіз мекеме, жергілікті билік және тұрғындардың өздері бақылайтын болды.

Қалалық әкімдік пен мердігер мекеме құрылысты елорданың туған күні қарсаңында бастауды жөн көріпті. Өйткені, бүгінге дейін топырақ қабатын жіті зерттеген. Ал, нысанды еліміздің тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 16 желтоқсан күні қолданысқа бермек ниетте. Оның сапасын ең алдымен тұрғындардан құралған белсенді топ бақылайды. Одан кейін құзырлы ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардан құрылған комиссия да қатаң тексереді. Мердігер компания инженерлік желілерді жүргізуден бөлек, ауланы абаттандырады және балалар ойнайтын алаң да салып бермек. Қадағалауға келгенде ол өте мықты болады деп сендірді қалалық әкімдік. Құрылыс барысы баршаға айқын әрі ашық түрде жүргізіледі.

"Қазіргі күні барлық тұрғындардың тұрғындық мәселесі шешілген. Компенсация жұмыстары, ақшалары төленген. Яғни, құрылыс мекемесі өз мойнына алып жатыр. Қарайтын жақтардан техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, біздің құрылыс мамандары және көпшілік те болады", - деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған 9 қабатты тұрғын үйдің не себепті шалқайғаны әлі де белгісіз болып отыр. Мамандардан құрылған комиссия нақты шешімді әлі жариялаған жоқ. Бүгінде 12 метр тереңдікке дейінгі топырақ қабаты тексерілген. Оған қоса, тереңдігі 25 метрге дейінгі ұңғымадан сынама алынып, жіті зерттеліп жатыр. Соңғы ұйғарымды комиссия келесі аптада жарияламақ ниетте. Ал мердігер мекеменің президенті Болатбек Амантулин жаңадан салынатын үйдің сапасы жоғары болатындығын айтты. Ол қисайған үйді салу барысында технологиялық нормалардың бұзылғанын жоққа шығарып отыр. Еске салайық, көп қабатты үй 1 маусымда бір жағына қисайып, тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.

"Жалпы құрылысты сапалы жүргізетінбіз. Жаңадан салынатын үйге бастапқы кезеңге қажетті құжаттарды алдық. Енді келісімге сәйкес құрылысты дер кезінде тапсыру үшін тағы бір жобалаушы мекемемен бірігіп жұмыс жасаймыз. Олар уақытылы тиісті жобалық сызбаларды сызып беріп тұрады және сараптамадан өткізеді. Жобалауға аса мән бердік. Дәл сол өздері тұратын үй секілді етіп жобаладық. Сондықтан тұрғындармен ешқандай келіспеушіліктер болмайды деп ойлаймын», - деді «Астана құрылыс» компаниясының президенті Бекболат Амантурлин.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!