Жас өрт сөндірушіге "Ерлігі үшін" марапаты табысталды

Фотография - Жас өрт сөндірушіге "Ерлігі үшін" марапаты табысталды

Қиын жағдайларда адамдарға көмектесіп, оларды аман алып қалу үшін Асхат көп жаттығады.

334 0

Астана қаласының ТЖД азаматтық қорғаныс сержанты Асхат Сәлкеевке "Ерлігі үшін" мемлекеттік наградасы табысталды. Өзінің жасына қарамастан Асхат Астана қаласының №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен жылдары күн сайын дерлік ерлік жасайды және бұл жағдайды қызметтік міндеті деп санайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Елордада Шонанұлы к-сі, 43 мекен жайы бойынша орналасқан бес қабатты жатақханада өрт шыққанда ол өз бетінше жүре алмайтын бірінші топтағы мүгедек қызды құтқарған. Өрт пен қалың түтінге қарамастан өз өмірін қатерге тіге отырып, жас жігіт басқа да адамдардың өмірін  сақтап қалып, наградаға ұсынылды.

– Марапатталатыным туралы отбасыма айттым. Олар мәз болды. Әкем де еңсесін көтерді. Адамдарды құтқарып қалғаныма, жұмысқа бекер барып-келіп жүрмегеніме өзім де қуаныштымын. Міне, сол еңбегім де бағаланып жатыр, – дейді Асхат.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ол кішкентайынан спортпен шұғылданып, саяхатқа шығуды ұнатады, әрқашан да басқаларына қол ұшын созуға дайын тұрады.

– Бала кезімнен адамдарды құтқарғым келетін, әскери салада істесем екен деп ойлайтынмын, сол арманым орындалып, өрт сөндіру қызметіне кірдім. Құтқарған кезде қорқудың не екенін білмейсің, не болады екен деп ойламайсың, кейіннен ой елегінен өткізіп, талдайсың,­ дейді ол.

Қиын жағдайларда адамдарға көмектесіп, оларды аман алып қалу үшін Асхат көп жаттығады. Өрт сөндірушілер әрқашан да сақадай сай тұрып, жедел әрекет етуге тиіс. Сондықтан олар өрт сөндіру және авариялық құтқару жабдықтарын жазу, өрт сөндіру сатысымен көтерілу және басқа да өрт сөндіру саптық нормативтер мен арнайы тактикалық дайындық бойынша машықтарын жетілдіріп отырады.

Фото -

Сәлкеевтің пікірінше, өрт сөндіру кезінде жанып жатқан ғимаратта қалып қойған адамдар сабырлық танытуы керек.

– Ең бастысы дүрлікпеу керек. Ең жаманы өрт емес, дүрлігу. Тыныштық сақтау керек. Кез келген үйдің есігі, терезесі бар. Есіңді жинап, сипалап жүріп, шығатын тесікті табуға болады, – дейді ол.

Айта кетейік, елордада 17 өрт сөндіру бөлімінде 1500-ден артық өрт сөндіруші қызмет етеді, олардың әрқайсысы күн сайын басқалары үшін өз өмірін тәуекелге тігеді.




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!