Ұлттық ұлан сарбаздарының жақындарымен Skype арқылы тілдесуі жалғасуда

Фотография - Ұлттық ұлан сарбаздарының жақындарымен Skype арқылы тілдесуі жалғасуда

Осылайша жалғасқан іс-шара барысы келесі әскери бөлімдерге ауысты.

582 0

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінде Ақмола өңірінен Отан алдындағы борышын өтеу үшін шақырылған сарбаздар интернет-скайп жүйесі арқылы онлайн режимде ата-аналары және туыстарымен видео-байланысқа шықты, деп хабарлайды "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметінен Айдос Байшағыров.

Бұл күні Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Ұлттық ұланның 5510 әскери бөліміне осы өңірден Отан алдындағы борышын өткеру үшін аттанған сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары көптеп жиналды. Барлық әскери бөлімдердің байланыс тораптары тексеріліп жүйеге қосылған соң, өңірлік сарбаздардың тамашалауымен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов жауынгерлердің ата-аналарымен әңгіме-пікір өрбітті.

Мұхаметқали Құсайынұлы жиналған қауымға Ұлттық ұлан тарихы, тыныс-тіршілігі мен сарбаздардың әскери өмірі туралы баяндап берді. Бас тәрбиешіге ата-аналар тарапынан да көптеген сұрақтар қойылды, соның басым көпшілігі бауыр еті балаларының амандығы болды.

Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде осы сәтті тағатсыздана күтіп Ақмола өңірінің 50-ге жуық сарбазы отырды. Ұлттық ұланның Бас тәрбиешісі Мұхаметқали Сатовтың ата-аналармен құрған әңгімесін ұйып тыңдаған жас сарбаздар, тікелей байланыстан бірі анасын, бірі аға-әпкелерін көріп көзайым боп жатты. Әсіресе, бұл күні Мұхаметқали Құсайынұлы қызмет барысында көзге түсіп ерекшеленген сарбаздардың ата-аналарын арнайы грамоталармен марапаттады. Өз ата-аналарының марапатталғанын көрген жауынгерлердің қуанышында шек болмай, осы сәтте ду қол шапалақпен қошеметтеп отырды.

Өз кезегінде "Нығметжанов Серік бар ма?" деген ана дауысы эфирден жарқын естілді. Өз анасының ақжарқын даусын ести сала орнынан ұшып түрегелген қатардағы сарбаз Серік Нығметжанов байланыс барысында үй-ішінің амандығын, тұрмыс-тіршілігін сұрасып, елге сәлем айтты. Ол өз сөзінде: "Анашым, еш уайымдамаңыз. Мен Алматы қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп әскерінде өз борышымды ойдағыдай атқарып жүрмін. Сіздерді сағындым, Алла бұйырса әскери міндетімді өткеріп, туған жерге аман-есен ораламын. Маматай, бәріңіздің беттеріңізден сүйдім, барлығына сәлем айтыңыз!" - деп ағынан жарылды.

Осылайша жалғасқан іс-шара барысы келесі әскери бөлімдерге ауысты.

Айта кетейік, аталған іс-шара Қазақстан Қарулы Күштері бойынша Ұлттық ұлан әскерінде тұңғыш рет қолға алынып, 29 шілде күні Қостанай өңірінен шақырылған жас сарбаздар ата-аналары, туған-туыстарымен байланысқа шыққан болатын. Тәжірибеден сәтті өткен іс-шара бүгінде жалғасын тауып, алдағы уақытта да Қазақстан аумағының барлық өңірлерімен осындай байланыс орнату көзделуде.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!