934

10 қаңтардан бастап Астана вокзал маңы аумағындағы тұрақ ақылы болады

Сондай-ақ, қоғамдық көлікке сұраныс 15-20 пайызға артады деп күтілуде.
Фотография - 10 қаңтардан бастап Астана вокзал маңы аумағындағы тұрақ ақылы болады Сурет: ©Арман Мухатов

10 қаңтардан бастап, Астана вокзал маңы аумағындағы тұрақ ақылы болады. Ақылы тұрақ жүйесі вокзал маңындағы алаңда көлік құралдарының айналымын 30-40 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді деп, хабарлайды Today.kz елорданың әкімшілік сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ, қоғамдық көлікке сұраныс 15-20 пайызға артып, аудандағы жолдар желісіне жүктеме 20-30 пайызға азаяды деп күтілуде. Сонымен бірге, ақылы автотұрақ жүйесі жол-көлік оқиғаларының санын 70-80 пайызға, ал тұраққа жүктемені 40-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Ақылы автотұрақты ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. 

Автотұрақтың сыйымдылығы 250 көлікке есептелген, соның 9-ы мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге және 20 орын ресми таксомоторлық кәсіпорындардың өкілдеріне арналған.

Алғашқы 30 минут үшін ақы алынбайды, көлікті екі сағатқа дейін қалдыру - 200 теңге, 12 сағатқа дейін - 1000 теңге, 24 сағатқа - 1800 теңге, автотұрақ қызметін екінші тәулік пайдаланғаны үшін 2000 теңге алынады. Сонымен бірге, вокзалдың аумағында 100 орынға арналған баламалы тегін автотұрақ жұмысын жалғастырады.

Автотұраққа көлік құралын орналастыру үшін төлем паркоматтарының көмегімен іске асырылады. Олар теміржол вокзалының ескі және жаңа ғимараттарының аумағында орналасқан. Автотұрақ билетін жоғалтқан жағдайда көлік иелері ASTRA Park әкімшілігіне (ескі теміржол вокзалының екінші қабатында) жүгіне алады.

Ақылы тұрақ жүйесі жұмыс істейтін алғашқы уақытта есеп айырысу ақшалай түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен жүйеге онлайн-төлем, банктік картамен және ұялы қосымша арқылы төлем жасау қызметтері енгізіледі.

Вокзал маңындағы автотұрақ аумағы түгелдей бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Аумақтағы тәртіпті қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қадағалайды.

Ақылы тұраққа кіре берісте уақыт мен қозғалысты тіркегіш автоматты жүйе және номер белгілерін автоматты тану жүйесі орнатылған. Бұл көлік құралдарын заңға қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етеді.

«Қиындықтар туындаған жағдайда жүргізушілер 574-777 телефоны арқылы немесе паркоматтағы және аумаққа кіретін және одан шығатын жердегі терминалда орналасқан «Операторды шақыру» оперативті пернесін басу арқылы байланыс орталығының операторымен байланыса алады»,-деп түйіндеді әкімшілікте.