982

Астана тұрғындары 47,5 мың текше метр қарды елордадан шығаруға көмектесті

Жалпықалалық ауқымды шара 5 наурызға дейін жалғасын табады.
Фотография - Астана тұрғындары  47,5  мың текше метр қарды елордадан шығаруға көмектесті Сурет: ©Арман Мұқатов

«Көктемгі Астана» жалпықалалық ауқымды шара негізінде елордадан 47 468 текше метр қар шығарылды. Атап айтқанда, «Алматы» ауданы қар шығару бойынша көшбастап тұр деп, хабарлайды Today.kz  Астана әкімшілігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

«Алматы» ауданы бойынша 22 175 текше метр,«Сарыарқа» ауданы бойынша 16 817 текше метр және  «Есіл» ауданында 8 476 текше метр қар жиналды. 

Сондай-ақ, 32 296 текше метр қар үш аудан әкімшіліктерінің күшімен, 13 654 текше метр «Астана Тазалық» және 1 518 текше метр қар «Астана - Жасылқұрылыс» АҚ шығарды.

Фото -

«Ауқымды шараға қаланың барлық коммуналдық қызметтері, барлық аудандардың өндірістік-техникалық бөлімдерінің мамандары, ПИК қызметкерлері мен елорданың жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары тартылды»,-деп хабарланды Астана әкімшілігінің баспасөз қызметінде.

Естеріңізге сала кететін болсақ, 4-5 наурыз күндері су тасқыны мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жалпықалалық ауқымды шара өткізілу жоспарланып отыр. Шараны ұйымдастырушылар елорданы қардан тазалау жұмысына астаналықтарды өз еріктерімен көмектесуге шақырады.

«Біз қарды тазалау жұмыстарын тұрғындардың иығына артып қойғымыз келмейді. Керісінше, осы шараға азаматтық қимыл танытуға шақырамыз. Тұрғындар арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Ең басты міндет – ауланы тазалау»,-деп хабарлады «Сарыарқа» аудандық әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбеков.

Айта кету керек, жылдың басында Астана әкімшілігінде қыс мезгілінде елордадан 3,5 миллион текше метр қар шығарылады деп есептелген болатын.