972

Астана әкімшілігі: Біз жеделсаты компанияларының жұмысына ықпал ете алмаймыз

Шенеуніктердің айтуынша, елордада бірде-бір жеделсатының құлау фактісі тіркелген жоқ.
Фотография - Астана әкімшілігі: Біз жеделсаты компанияларының жұмысына ықпал ете алмаймыз Көрнекі сурет

Қазіргі таңда заңдағы қайшылыққа байланысты Астана билігі жеделсаты компанияларының жұмысына ықпал ете алмай отыр. Астанада жеделсаты компанияларының жұмысын бақылау бойынша инспекция құрылмақ, деп хабарлайды Today.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қолданыстағы заңдағы қайшылықтарға байланысты біз олардың жұмысын бақылай алмаймыз. Жеделсаты компанияларына ықпал етуге құзырлы емеспіз. Осыған орай Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігіне біздің ведомствоға бақылау қызметін беруін сұрап өтініш жолдадық. Бүгінде осы мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Әлихан Қуатбеков.

Оның мәліметінше, таяуда Астана әкімдігінде жиын өткізіліп, онда тұрғын үй –техникалық инспекциясын құру мәселесі көтерілген.

«Кейінгі кездері БАҚ беттерінде тұрғын үй кешендерінде төтенше жағдайда тоқтап қалған жеделсатыларға қатысты бірқатар ақпарат жарияланған болатын. Тіпті кейбірінде жеделсаты құлағаны жазылды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Астанада соңғы жылдары бірде-бір жеделсатының құлау фактісі тіркелген жоқ. Тек апатты жағдайда тоқтап қалған кездер болды. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей», - деді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Ә.Қуатбеков.

«Заманауи жеделсатылардың құлауы мүмкін емес: олар сақтандыру тетіктерімен жабдықталған, яғни, сынатын кезде белгі береді әрі құрылғы автоматты түрде тоқтап қалады. Ондай жағдайларда қызмет көрсететін компаниялар бірден сынған құрылғыны қайта қалпына келтіріп, уақытында регламентті жұмыстарды жүргізулері қажет әрі тозығы жеткен бөлшектерді жаңасына ауыстырулары міндет», - деді ол.

Мониторинг нәтижесі көрсетіп отырғандай соңғы уақытта тұрғын үй кешендеріндегі жеделсатылардың апатты жағдайда тоқтап қалуы қондырғының сын көтермейтін жалпы жағдайы, оларды орнату мен қызмет көрсетумен айналысатын компаниялармен байланысты.

«Соңғы жағдай - «Айя» ТК-дегі жеделсатыда балаларды қоса алғанда алты адам апат салдарынан қамалып қалды. Белгілі болғандай, жеделсатыға жекеменшік компания қызмет көрсетпеген», - деді Ә.Қуатбеов.

Бүгінде Астанада   6 577 жеделсаты мен жеделсаты қондырғысына қызмет көрсететін 69 компания бар. Оның 4 879-ы тұрғын үйлерде, 1 728-і әкімшілік ғимараттарда орналасқан.