Әсия Бағдәулетқызы
Журналист
2620

Бізде әр тауардың бағасы бар, бірақ адамның бағасы жоқ, Англияда керісінше...

Біз өте көп алданған халықпыз. Содан ба екен, бір-бірімізге сенуден қалғанбыз.
Фотография - Бізде әр тауардың бағасы бар, бірақ адамның бағасы жоқ, Англияда керісінше... Сурет: facebook.com/bakdaulet.asiya

Біз өте көп алданған халықпыз. Содан ба екен, бір-бірімізге сенуден қалғанбыз...

Англияда, бәрінен де таңқалдырғаны, адамдар бір-біріне сенеді. Жер үйлер тұратын аудандарға барсаң, біздегідей үйлеріне кісі бойы дуал қоймайды. Мүлде дуал қоймайды. Көбіне асүй, қонақ күтетін бөлмелерінің терезелері өте үлкен, көшеде кетіп бара жатып, үйінің интерьерін зерттеп бара жатасың. Бірақ ұрлық-қарлық өте аз.

Киноға, анда-мында студенттік бағамен онлайн билет аласың. Ал сол жерге барғанда, билетіңді ешкім сұрамайды. Ақыры дайындап қойған соң тықпалап, көрсете қояйын десең, "студент екеніңізге сенемін" деп жымия салады.

Сабақтың бір бөлігі ретінде бізге камера трейнинг (тренинг деген бізде басқа сөз боп кетті ғой) жүргізетін Луи Джэксон деген мұғалім бар. 4000 доллар тұратын Canon EOS C100 деген камераны бүкіл асай-мүсейі, екі микрофон, трайпод, үш линзасы, т.б. бірге береді. Быт-шыт бірдеңе түсіресің де, монтаж столына отырғанда өзің түсірген нәрсеге қарағың келмейді. Жарайды, ол басқа әңгіме. Сол Луи, камераны қайтарған кезіңде екі сөмке құрал-сайманның бірін де ашып тексермейді ғой. “Бәрі орнында ма?”, “Ештеңені сындырып алған жоқсың ба?” дегенін көрген емеспін, “Не түсірдің? Қайда бардың? Ұнады ма?” деп есіңді шығарады. Тіпті басқа факультеттің студенттері де камераны алып, қайтарып жатқанда сондай жайбарақат.

Ол оның университет меншігіне немқұрайлы қарағанынан емес. Жай ғана адамдарға сенеді. Былтыр тіл курсында, қазақ жігіттердің бірі кітапханашыны “кітапты жоғалтып алсаң не болады?” деп састырған. Бұлар үшін мүмкін емес жағдай.

Меніңше мұның бәрі бір нәрсеге келіп тіреледі. Ол адамға деген сенім мен адамның жауапкершілігі. Бұның қайсысы бірінші дамыды, қайсысы екіншісіне әсер етті, оны білмеймін. Сен өзің жақсы болсаң, өзгелер сен туралы жақсы ойлай ма, әлде сен туралы өзгелер жақсы ойлаған соң, солай болуға тырысасың ба? Ешкім тексермеген сайын сабақтан қалмауға тырысасың ба, әлде студенттердің бәрінің оқу этикасы жоғары ма? Адам маңызды ма, институт маңызды ма?

Ал үйде ше, шай ішіп отырып, “қазақ деген ұлы халық, кез келген жолаушыны “Құдайы қонақ” деп төрге шығарған” деп жыр қылып отырамыз да, сол сәтте біреу есік қақса, күдікпен қараймыз.

Бірде супермаркеттен (ASDA) азық-түлікке тапсырыс бердік. Заттарды түгендеп жатуға ерініп, қол қойып жібере салдық. Кейін қарасақ, сайттан көрген әдемі шәйнек жоқ. Тағы томат жоқ екен. Сосын брокколи көрінбейді. Ертесіне дүкеннің delivery қызметіне хабарласам деп, естен шығыпты. Бір күннен кейін қоңырауладым. “Сәрсенбі күні, мынандай уақытта мынандай тапсырыс келіп еді. Мына және мына заттар жоқ болып шықты” деп едім, аты-жөнімді анықтады да, бір сөзсіз құнын карточкама аударды. Бізде болса елестетуге болады, “Бірден хабарлассаңыз, қайда қалдыңыз? Неге тексеріп алмадыңыз?” дейтін еді. Бұлар айтқан сөзіңе сенеді. Ешкім сені қасақана дүкен ақысын жеп қалайын деп тұр екен деп арам ойламайды.

Көршім “амазонға” люстраға тапсырыс беріп еді. Келген күні “маған текстурасы ұнамай қалды” деп шағымданды. Әлгілер “люстра сізде қала берсін, бірақ рефанд жасаймыз” деп, карточкасына ақшасын түгел қайтарды. Супермаркетте тегін пакетті болса да қажеттіден артығырақ алып кеткісі келіп тұратын біздің тұтынушыға барса, бұлар банкрот болар ма еді деп қоям)).

Егер дүкеннен алған затыңа көңілің толмаса, апарып, өткізіп тастауың, немесе алмастырып алуың проблема емес. Бізде де мүмкін, бірақ әңгімесі көбейіп кетеді. Қызмет көрсету мен тұтынушыға деген құрмет орасан. Біз де Қазақстанда, сондайлық ақша төлейміз. Бізге неге ондай қатынас жоқ? Бізде әр тауардың бағасы бар, бірақ адамның бағасы жоқ. Ол неден?