Бейбiт Сарыбай
Жазушы
12812
2

Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

Today.kz редакциясынан: Бұл хикаят республикалық "Алтын тобылғы" байқауынан 135 шығарма ішінен бірінші орын алған.
Фотография - Бақытты Жамал (Шағын хикаят) Көрнекі сурет

Сол күні, сол сәтте, сол бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда, бұның бірі де болмас па еді?. Тағдыр дегенді қойсаңшы.

Күздің қоңыр салқын күндерінің арты ызғырыққа айнала бастаған шақ еді. Жаз дегенің жақсы екен ғой. Әсіресе аш-жалаңаш кедейлер үшін қолайлы мезгіл. Бұрынғылардың "өлмеген құлға келді жаз" дейтіні де сол болса керек. Күздің алғашқы күндері жаз секілді жайма-шуақ еді. Оқу корпусы мен жатақхана арасында жеңіл киіммен жүре беруге болатын. Алматының ауа-райына сеніп болмайсың, міне, бір-ақ күнде қар түсіп, қамданып үлгермегендерді қалтыратып-ақ жіберді. Сол қалтырағандардың бірі Жамал еді. Осы айдың соңына жетсем, шәкіртақыма ең әуелі сырт киім аламын деп жүрген. Жамалды күтіп отыратын күз бе екен, ай ортасына жетпестен ақ ұлпа қарын төгіп өтті...

Айналасында қарыз сұрай қоятындай ешкімнің реті келмеді. Бәрі өзіндей студенттер. Содан не керек, қала сыртында тұратын ағасының үйіне бармақ болып шешкен. Аялдамада адам қарасы көп екен. Осындайда күткен автобусың да келе қоймайды. Жамалдың денесі тоңып, дірдектей бастаған. Айналасындағылардың әрқайсысы Жамалға бір қарап өтеді. Дүниеде өзіңді біреудің мүсіркегені, аяғаны қандай жаман. Одан да жаманы бар екен. Кейбірі бұны бір әдейі осылай киініп, жеңіл жүргендей қарайтындай. Тәніңнің тоңғаны түк емес, жаныңның мұздағаны қандай жаман. Аяз бір жақтан, елдің көзі екінші жақтан жеп тұрғанда көшеде өтіп бара жатқан көліктердің бірі бұның қасына келіп тоқтай қалсын. Алдыңғы терезесін түсіріп: - Отыр, қарындас,-деді.

Бұл үндемей тұра берді. Оның не оймен қамқор болып тұрғанын бір Алланың өзі білсін. Ал, Жамал мүлде ондай қыз емес.

Ана жігіт те қояр емес: - Қорықпа, қарындас, отыр, қатып өлесің ғой,-деді.

Расымен қатып өлетін түрі бар. Бірақ мына көлікке отыра салса, бұның кім болғаны? Айналадағы жұрттар не ойлайды? Мүмкін шын мәнінде жаны ашып тұр ма? Сананы билеген сапасыз сан сұрақ. Жан-жағындағы жұрттың жеп бара жатқан көзінен қашып құтылғысы келді ме екен, жігіт үшінші мәрте ұсыныс жасағанда бұл көліктің артқы жағына отырды. Жігіт бұның барар жерін сұрады. Бұл – бет алған бағытын айтты. Сүліктей қара машина жүре жөнелді. Іші қандай жайлы. Жайлы емес, жылы. Тым жылы. Бойы жылына бастағанда жігіт әңгіме бастады. Сол баяғы жауабы маңызды емес, жаттанды сұрақтар. Қай ауылдансың, қайда оқисың, қаншасыншы курс, атыңыз кім болады? Атын айтқанда рөлдегі жігіт көліктің айнасынан бұған бір көз тастап қойып: - Осы заманда да Жамал деген қыз болады екен, ә,..-деді.

***

Бұның атын Жамал деп әкесі Жомарт қойған. Кез келген перзентке ат қойғанда бір нәрсеге байланыстырып қояды емес пе? Бұның атын не үшін Жамал деп қойғаны белгісіз. Әкесінің бір білгені бар шығар. Оны сұрамаған да екен. Осы менің атым жақсы ма, жаман ба деген сұрақтар да мазалаған емес. Кейін мектепке барғанда ғана азан шақырылып қойған атының сәл "нашарлау" екенін сезген. Өйткені бірге оқитын бұзақы баланың бірде "Сенің атың кемпірлердің аты сияқты", – деп мұқатқаны бар еді. Сол күні бұл үйге жылап келген. Ең құрымаса бір әрібін ғана өзгертіп, "Ж" әрібінің орнына "С" әрібін қойып, "Самал" дей салса да болар еді ғой", – деп ойлаған да еді. Бірақ артынша өз есімін ақтап алатын. Рас, көбінше жасы келген кейуаналарда, апаларда, әжелерде кездеседі. Бірақ сол кісілердің бәрі қартайған шағында аспаннан аяқтары салбырап түсе салмаған болар. Солардың бәрі де біздің Жамал сияқты бүлдіршін қыз болған, кейін келе бойжеткен. Сөйтіп бірте-бірте өскен, есейген. Олай болса, бұл аттың не кемістігі бар екен. Рас, кейінгі жылдарда қойылмай жүргені де шындық. Бірақ адамның аты дегенің киім емес қой, модадан қалды дейтіндей. Екінің бірі Айгүл, үштің бірі Майгүл болып жатқан заманда керісінше көп кездесе бермейтін әдемі ат емес пе?! Жадыра десе, қай Жадыра деп жатады. Өйткені бір сыныптың өзінде бірнеше Жадыра бар. Ал, Жамал дегенде қай Жамал деп жатпайды. Өйткені бір сыныптағы ғана емес, бір мектептегі жалғыз Жамал осы. Сол себепті де мектептегі мұғалімдер өзгелерді фамилиясымен атап сұраса, бұның атын атап шақыратын.

Жоғары сыныпта оқып жүргенде бір күні бұлар Міржақыптың "Бақытсыз Жамалын" оқысын. Сол сол-ақ екен, баяғы жел сөзге, жеңіл сөзге құмарлар бұны енді "бақытсыз Жамал" деп келемеждейтінді шығарды. Бірақ бұл кезде біздің Жамалымыздың ақылы толысқан, артық сөзді елей бермейтіндей есі кірген қыз болған. Оның үстіне әкесі де ылғи "Жамалдардың басындағы бақытсыздық өткен күннің еншісінде қалған, бүгінгі заманның Жамалдарына бақыт қана лайық" деп құлағына құйып отыратын.

Иә, Жамал өзін бақытты санайтын. Ата-анасының қасында, екі бауырының ортасында ойнап-күліп жүрген қыз бақытты емей, кім бақытты? Оның үстіне әкесі де өмірінің жалғасы болатын екі ұлына емес, осы бір тұлымы таралып, бұрымы өрілген қызына айырықша ықыласты еді. Жамалды айналып-толғанғанда жер бетіндегі жалғыз қызы бар адам сол ғана сияқты еді. Жамал өмір бойы осылай әкенің мейіріміне бөленіп, ғұмыр бойы еркелеп өтетіндей сезінетін. Қайғы дегеннің, мұң дегеннің не екенін білмеді. Бірақ, өмір деген арнасынан ауытқымайтын өзен емес. Өзендердің өзі де бірде тартылып, бірде тасып жатпай ма. Сол секілді өмірдің де жайдары шағымен қоса қабағын түкситетін кездері болады екен.

Жамалдың әкесінің аты Жомарт, өзі мәрт болғанымен, тағдыр оған сараңдық танытты. Екі ұлы мен бір қызының ортасында жайраңдап жүргенін көп көрді ме екен, кезекті сапарынан оралмады. Шахтадан көмір алып қайтқан бетінде, таудың тар жолында тағдыры да тарылып сала берсе керек. Жауын жауып, ми батпаққа айналған жерде Жомарт жүргізген ЗиЛ көлігі құлама жардан бес аунап етекке түскен екен. Етектегі көліктің ішінде Жомарттың өзі емес, жансыз денесі қалыпты.

Бұл кезде Жамал он бес жаста еді. Әкесінің қазасын естігенде өзгелер құсап жер тырмалап ойбайлап, бақырып, шақырып жылаған жоқ. Өзі де үзіліп кеткендей болды. Адамның тұла бойын ұстап тұратын бір өзек болады емес пе, сол өзегі үзіліп кеткендей болды. Адам деген осыншалық бейшара екен-ау. Шарасыз күйде қалған Жамал мүлде томсырайып алды. Бұрын да онша ашық емес болатын. Қатты риза болғанда бір жымиып қойып жүре беретін. Енді сөйлеуден қалғандай. Шешесі байғұс күйеуінің қазасына қайғырғаны аздай, енді мына қызымның қайғысы ішіне түсіп кетпесе екен деп уайымдаумен болды.

Жамал тағдырын тілдемеді. Ешкімді жек көрмеді, ешкімге кектенбеді. Тек, о бастағы қимастық сезімі сағынышқа ұласып, сол бір құрғыр сағыныштың сарғайтып жібергені болмаса... Сарғайтқаны да түк емес, жүрегін саздыратыны жаман. Баяғыда бақытты кезінде "бақытсыз Жамал" деп әжуа қылатын достары, енді, бұның бақытсыз кезінде бәрі үнсіз қалды. Сол құрбыларының со кездегі бақытсыз дегені бақытты дегені екен ғой. Бұл бақытты болғандықтан ғана батылдары барып, орынсыз әзіл айтқан екен-ау. Аталар мен әжелердің сүйкімді немерелеріне қарата "ой, түрің бар болсын" дейтіні сияқты. Рас-ау, сұлу емес адамға кім барып сен сұлу емессің десін. Бұрынғы кездегі бақытсыз дегендері бақытты адам үшін әзіл болса, ендігі жерде бұл шындық. Ал шындық қашанда ащы.

Біртоға қыз үшін бірқалыпты күндер өтіп жатты. Артық күлмейді, басы артық жүріс тағы жоқ. Айқайлаған, шулаған достарына сырттай қарап отыра береді. Бар жұмысы – сабағы. Сабағынан босай қалғандағы ермегі, мектептің шағын кітапханасындағы кітаптар. Тағдыры бір есейтсе, кітаптар екі есейтті. Өзі әдемі қыздың ақылды болғаны, білімді болғаны қандай керемет. Жамал өзге қатарластарынан қай жағынан да бір бой биік тұратын. Бірақ, бойында мен сондаймын-ау деген паңдықтың жұрнағы да жоқ. Тәкаппарлық болса тегінде жоқ қасиет. "Уақыт – емші" дегеніңіз жұбату сөз ғана емес, дәлелденген, дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық екен ғой. Жамал мектеп бітіретін жылы еңсесін тіктеді. Өзгелермен араласып, сыйласып, сырласып жүрді. Жамал сол кездері тіпті құлпырып кетті. Бұрынырақта өз басымен қайғы болып жүргенінде жігіттердің де жүрегі дауаламаса керек. Кейінірек, бұның жұбанғанын көргенде, өз сезімін білдірген жігіттер де табылып жатты.

Жамал болса, балаң да жалаң жауаптарынан жаңылмады. "Дос болып қалайық" дейтін. Шын мәнінде бұның жүрегінде титтей де болса махаббат сезімі болған емес. Әкеге деген сағынышты сезімнің басқа сезімдерге орын қалдырмай тастағаны ма, не бұл сонда? Оған жауап іздегісі де келген жоқ. Өйткені адам деген міндетті түрде көктемде гүлдеп, жазда түйін тастап, күзде пісетін жеміс ағашы емес қой. Олай болса, бұндай болмашыларға бола бас қатырудың еш себебі жоқ. Әкесінің аяулы бейнесін аялап жүрген қыз үшін, мына дүниенің басқа қызықтары соншалық қымбат та емес сияқты. Оқушы дәптерінің тор көз парақтарына өркендеп жазылған хаттардың талайына өкпелетпейтін һәм емеурін де танытпайтын жауаптарын бере жүріп, мектепті де бітірді.

Мектеп деген жақсы екен ғой. Ондағы қатарластарыңның бәрі өзіңнің ауылыңның адамдары. Бәрі сенің жай-күйіңнен хабардар. Жаныңды түсінбесе де жағдайыңды біледі. Біледі, білгендіктен санасады. Ал қалада мүлде басқаша. Жан-жақтан жиналған студенттер. Оның қайсыбіріне барып мұңыңды шағып жатқандайсың. Өзінің білімінің арқасында қатарға ілініп, Қыздар университетінің студенті атанған Жамал жаңа өмірді бастап кеткен. Түске дейін сабақ, түстен кейін дайындық. Қолы босай қалған сәттегі бар ермегі – ескі досы кітап. Ауылдың шағын кітапханасын тауысып келген қыз бұл жақта иен байлықтың ортасына түскендей болған. Ал сенбі, жексенбі күндері ағасының үйіне барып тұрады. Баяғы екі ағасының үлкені оқу бітіргесін осы қалаға тұрақтап қалған. Үйленген. Бір баласы бар. Оларды да көп мазалай бергісі келмей, кей апталарда бармай қалатын. Ағасы неге келмей кеттің деп қамқорлық танытқанымен, жеңгесі келмей кеткенін де қолай көретін сияқты. Сондықтан ең тынышы – жатақхана. Өзіндей көкөрім жастар. Осы ортадан ол өзіндік әлемін жасап алған.

Әкесінің сағынышқа айналған бейнесі көз алдында. Кейде анасын ойлайтын. Әкенің қайғысы жүрегін сазытып жүрген сәттерде бұл анасын тіпті ұмыт қалдырғандай екен-ау. Анасының не кінәсі бар еді. Рас, әкесін қатты жақсы көрді. Бірақ ананың да өзіндік орны бар емес пе? Әрі-беріден кейін өгей шеше емес. Мен неге анамды аяламадым, мен неге оны жұбатпадым, біле білгенге, жер ортасы жасына жетпей жесір қалу оған да оңай емес еді ғой деп ойлады. Ол сол сәтте анасын да қатты жақсы көретінін толық сезінді. О дүниелік болған әкесінің бейнесін әлпештей бермей, көзі тірі анасының қадіріне жету керек екенін, оның да көңілін аулап, жанын жадырату керек екенін ұғынды.

Ол кезде ұялы телефонның шегірткедей қаптамаған кезі. Бүгін ғой, екінің бірінде ұялы телефон. Екінің бірінде дейміз-ау, бірдің екісінде телефон бар заман емес пе? Ол кезде ілуде біреуде ғана болатын. Сол себепті де бір-бірінен алыста жүрген адамдардың байланысуы соншалықты қиын болмағанымен, мұншалықты оңай да емес еді. Бір күні отыра қалып хат жазсын. Хаттың мәні белгілі. Әуелгіде өзінің амандығынан қысқаша хабар беріп, артынша анасына деген ықыласын төккен. Сағынғанын айтқан. Содан бері арада хат-хабар үзілген емес. Сөйтіп жүріп студенттік өмірдің алғашқы семестрін тауысып, қысқы демалыста ауылына барды.

Анасының да, сол анасының қолында отырған кіші ағасының да жағдайы жақсы екен. Қазақтың салтында күйеуі қаза тапқан әйел қара шашын жайып жылаған. Күйеуінің жылы өткенге дейін үйінің төбесіне қара ту іліп, қара орамал таққан. Күйеуінің жылы өткесін қаралы туды түсіріп, қара орамалын шешкен. Ал Жамалдың анасының жары қайтқалы жыл емес, жылдар өткен. Анасы еңсесін тіктеген. Анасына қарап бұл да бойын жиды. Күліп отырып шәй ішеді, күліп жүріп тамақ жасайды, күліп жүріп үй жинайды. Ара-тұра әзіл де айтылады. Бір күнгі шәй үстінде анасы бір әңгіменің шетін шығарсын:

- Мына көрші Нұрбол күзде мал сатып, магнитафон алған. Сол күндіз-түні бір әнді қаңғырлатып қосып қояды.

- Не ән ол?

- "Көршінің қызы" деген ән.

- Өзіне ұнайтын шығар.

- Иә, ұнайтын болу керек. Бірақ адам кез келген нәрсені жәйдан-жәй ұната бермейді.

- Түсінбедім.

- Түсінбейтін несі бар, көршілердің ішінде қалаға кеткен қыз сен ғанасың. Адам қайта-қайта тыңдай бергесін сөзін еріксіз жаттап ала ма деймін. Мен де жаттап алдым. "Көршінің қызы керемет еді, Әкесі де оның жақсы адам» дейді. Бірақ, анасы туралы айтпайды. Соған қарағанда шешесі онша жақсы болмай тұрғаны ғой.

Осы бір болмашы әзілге шешесі мен қызы бір күліп алды. Қызық. Сонда Нұрболдың бұда ойы болғаны ма? Рас, жігіттердің өзіне ғашық болғаны, өзінде ойы болғаны Жамалға таңсық емес. Талайлардың хатын да алды емес пе? Бірақ, Нұрболдың өзінде ойы бар деп ойламаған екен. Үш жас үлкендігінен, бұның ағасымен қатар өскендіктен ыңғайсызданды ма екен? Негізі жаман жігіт емес. Бір айыбы мектеп бітіргеннен кейін, оқуын жалғастырмай ауылда қалып қойғандығы ғана. Ауылда қалса несі бар екен? Оқуға түскені де, түспегені де, қолынан іс келетіні де, келмейтіні де, аш жүргені де, тоқ жүргені де қалаға ағылып жатқанда, әкесі мен анасына қамқор болып, үйінің берекесін келтіріп отырған адам үшін оның не кемдігі бар екен. Егер кейін оқу бітіріп ауылға келіп жатсам...

Жамал терең ойға кетіп қалған екен. Бір кезде барып мырс етіп күлсін. Құрсын, мен не ойлап кеттім өзі, шешем қателескен шығар, ол әшейін-ақ ұнататын шығар сол бір әнді деп ойлады. Рас-ау. Адам дегеннің қиялы жүйрік емес пе?

Бір күні түсте Жамал құдық басына су алуға барғанда Нұрболды кезіктірді. Жылыұшырап амандасты. Бірақ, анау айтқандай айырықша ештеңе байқамады. Сол Нұрбол. Кәдімгі көршінің көршіге көрсететін кішіпейілдігі, құрметі. Рас, өз кезегін берді. Өз кезегін берді дейтін де емес, кезек дейтін кезек те жоқ. Екеуі ғана. Су тартысты. Тартыспаса да болатын еді. Жамал қалада жүргенде осы құдықтан су алуды да сағынатын. Өзі де тарта алатын. Үйге қарай бірге қайтты, әңгіме айтты. Әңгіме дейтін әңгіме де емес. "Қала қалай екен, ауыл осы, ауа райы тамаша, біздің жердің табиғатына жететін табиғат еш жерде жоқ шығар" дегендей болмашы әңгіме. Осы сәтте Жамал Нұрболға сұрақты төтесінен қойды.

- Нұрбол, осы сен ауа-райы туралы әнді тыңдай береді дейді ғой.

- Оны кім айтып жүр?

- Көршілердің бәрі айтты. Басқа ән құрып қалғандай бір әнді тыңдай береді, қайта қыс түскелі құлағымыз тынышталды деп жүр ғой.

- Иә, қыста колонканы сыртқа шығаруға болмайды. Аяздан картоны жыртылып кетеді. Қазір үйде ғана тыңдап жүрмін.

- Оның немесін тыңдай бересің?

- Білмеймін, ұнайды әйтеуір.

- А-а-а.

- Сол әнді өзім шығарған сияқтымын. Тіпті, ақын болсам сөзін тура солай жазар едім.

- Неге?

- Әйбәт қой.

Әңгіме осы жеріне келгенде бұлар да үйлеріне жақындаған екен. Екеуі екі бөлініп, өзді-өз үйлеріне кіріп кетті. Он бес күндік демалыстың қалай зу ете қалғанын түсінбей қалған Жамал ертесі күні жолға аттанып кетті. Жолда кешегі қиялы қайтадан қанат қақсын.

"Егер оқу бітіріп ауылға келсем... Нұрболдың ата-анасы жақсы адамдар. Шешеммен де жақсы сыйласады. Өзім осы ауылдағы орта мектепке мұғалім болсам. Анамды күнде көріп тұрамын, бауырым жанымда болады. Құрсын, тағы не ойлап кеттім. Бірақ, өзім шығарғандаймын, өзім де осылай жазар едім деді емес пе".

Жамалдың осы бір қызғылықты ойы мен қиялы қалада жүргенде де ара-тұра мазалап тұратын. Нақты жауабы белгісіз, жобалай жауабы анық тәтті сұрақтар.

Негізі ауылдан қалаға келген жастар, жаңа адамдармен танысып, жаңа өмір бастап, небір хикаяларды бастан кешіп жатады ғой. Жамалда ондай бола қойған жоқ. Әрине, мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ талайдың кеудесіне шоқ тастап кеткен қыздың, бұл жақта да талайдың көзін сүріндірерлік көркі бары анық. Бірақ, бұл оқитын университет ұлы мен қызы араласып, тіршіліктері астасып жататындай оқу орны емес. Тек қана қыздар. Оқу корпусынан шығып жатақханаға келе жатқандағы жеті жүз метрде жігіт кездесіп қалады деген де қисынсыз. Оның үстіне Жамалдың артық жүрісі де жоқ. Бұндағы қыздар топ-тобымен бірінің танысының, енді бірінің ауылда бірге оқыған кластасының туған күніне барып жүргенде, бірінің танысымен бірі достасып, табысып кететін болса керек. Жә, жігіт табылмады деп басы ауырған Жамал жоқ. Тек Жамалдың әлі ешқандай хикаяны бастан кешпегенін ғана айтып отырмыз. Ара-тұра Нұрболды ойлайтыны да рас. "Егер осыдан оқу бітіріп ауылға барса..."Бірақ, нақты бір ұшығы болмағаннан кейін бұл ойдың да мәні кете бастағандай. Не де болса алдағы жазғы каникулда басы ашылар. "Осы біздің ауылдың жігіттер тым ұяң. Болса болсын, өзім сұрап аламын. "Егер ақын болсаң, көршінің қызы деген әннің өлеңін тура солай жазатын болсаң, сонда ол өлең кімге арналатын еді?" деймін".

Көп күттірген жазғы демалыс та жетті. Жамал буынып-түйініп ауылына келді. Алғашқы күндер ағайын-туыстардың үйін аралаумен, әкесінің зиратына барып құран бағыштаумен, бір сөзбен айтқанда сағынышын басумен өтті. Үйді әктеу, кілем қағу, терезелердің жақтауын сырлау деген сияқты тірліктермен тағы үш-төрт күн өтті. Бұлардың үйді жөндеу жұмыстарын көрген Сырлабай деген кісі өтіп бара жатып:

- Дайындықтарың күшті екен, құда келейін деп жатыр ма? – деп әзілдегені бар.

- Күн жылынғандағы әдетті тірлік қой, – деп қоя салған анасы.

Айтпақшы, құда демекші, күйеу жігіттен хабар жоқ. Жамал келгелі жеті күннен асты. Ал ол көрінетін емес. Сұрау да ыңғайсыз. Бір хабары білінер деді де қойды. Расымен бір хабары білінді. Көрші келіншектердің шәй үстіндегі әңгімесінен ұққаны, Нұрбол "бойдақ бағып" жайлауға шығып кеткен екен. "Бойдақ баққаны несі" деген Жамал. Сөйтсе, ауылдағылар сауын сиырларын бұзауымен алып қалып, басқа малдарын жайлауға шығарады екен. Күзде семіріп, қоңды болып келу үшін. Солардың бәрінің басын қосып, әр малды баққаны үшін айына пәлен мыңнан аламын деп Нұрбол жайлауға тартып отырыпты. Енді осы кеткеннен қар түсерде бірақ келетін болса керек. Ара-тұра оны-мұны алу үшін келіп-кетеді екен. Онда да бір күнге ғана.

Бұны енді ғашықтық, сүйіспеншілік, махаббат деуге келмес, бірақ, бір белгісіз сезімнің бары рас. Оның не екенін Жамалдың өзі ұғып болған емес. Сонда деймін-ау, ауылды сағынып, алып-ұшып жеткендегісі осы ма? Нұрболы жоқ ауыл көңілсіз сияқтанып қалды ма өзі. Сонда бұл ауылын емес, Нұрболды сағынған болып шықпай ма. Мүмкін емес! Жамал мойындаған жоқ. Сағынған да, аңсаған да жоқпын деді өз-өзіне қасарысқандай. Тек көкейімдегі сұрақтың жауабын білсем болды деген. Білсе, одан кейін не болатыны да, не жауап беретіні де белгілі емес пе? "Осыдан оқу бітіріп ауылға келсем..." Енді Нұрболды сағынбадым деуінің де қисыны жоқ. Сол баяғы ерке қыздарға ғана жарасатын қырсық мінез.

"Нұрбол да қызық. Екі жастың біріне келмей жатып, мал айдап, жайлауғы шығып кеткені несі. Нағыз жастық шақтың қызығын көріп, ауылда жүретін-ақ шағы ғой. Әуелі сол жігіт біржола малшы боламын деп жүрмесе болғаны. Оған үйленсең, оны жайлауға жалғыз шығарып, өзің ауылда қалмайсың. Бір қарасаң жайлауда жүр дейсің ғой, қызыл халаттың сыртынан теріден тігілген пенжекті киіп алып». Жамал астыңғы ернін үстіңгі тістерімен тістеп үнсіз отырып қалды. "Е, бопты, жазда ғана ғой. Басқа уақытта ауылда боламыз. Жаздың өзінде менің жұмыстарым болады. Үш ай бойы демалатындай оқушы емеспіз. Асып кетсе алпыс күн. Бірақ, алпыс күнің де оңай емес-ей".

Әлі ештеменің ақ-қарасы жоқ. Бұған сөз айтып, ойлануға үш күн мұрсат беремін деген Нұрбол жоқ. Бұл болса өзімен-өзі әуре-сарсаң. Жә, жарайды, сол кезде бұған ғашық болыпты делік. Қазір сезімі суынған шығар, басқа қызбен сөз байласқан шығар. Адам дегеннің сезімінің өзі тұрлаусыздау дүние ғой. Кейде бір жылт етпе сезімдер де болады. Сондай сезім болып, ендігі бұны ұмытып та кеткен шығар. Әйтпесе, бұның жазғы демалысқа келетінін біледі. Шынымен ынтық болса, сағынған болса, ендігі бір келер еді ғой. Е,мейлі, не де болса күтсін. Күтпегенде не істейді, онсыз да күзге дейін осы ауылда болады емес пе? Қайтакен күнде, күзге дейін бір келер, әбден тағы болып кетпесе. Келмесе де мейлі. Олсыз өмір құрып қалып па? Баяғыда әкесі қайтқан кезде де өлмеген. Өмір тоқтаса сол кезде тоқтап қалар еді. Оның жанында Нұрбол деген кім. Болар-болмас әнді қайта-қайта тыңдай беретін қияли біреу.

Небір ой мен қиялдың құрсауында осылай күндер өтіп жатқан. Жамал бірде ауылдың орталығындағы дүкенге барған. Дүкеннен Нұрболдың шешесін көрді. Азық-түлік алып жатыр екен. Алған заттарының бәрі тауға керекті дүниелер. Макаронның түр-түрі, бірнеше қорап шылым, бірнеше қорап сіріңке, тұз, май. Әсіресе, темекіден білді. Нұрболдың әкесі шылым шекпейді. Оның үстіне әнебір қызыл қораптағы темекіні Нұрболдың тартатынын біледі. Қыста келгенінде құдықтың басында тұрып, осы қызыл қорапты қалтасынан шығарып, бір тал темекіні қисығынан тістеп, түтінін бұрқ еткізіп шығарып, өзінше жігіт болып тұрған. Демек, Нұрбол келген ғой. Жамалдың жүрегі соғысын жеделдетсін. Адамның көңілі өрекпігенде даусы да жарықшақтанып кете ме бірдеңе ғой. Қатты толқығанда сөйлеу мәнері де бұзылатын сияқты. Бірақ, ешкімге сездірмеуге тырысты. Енді ше, ұят-тағы. Жомарттың қызы Нұрболға ғашық екен десе, не болғаны. Әрбірден кейін мен емес, ол маған ғашық болған, мен жәй ғана соны білгім келген деп кімге барып айтқандай. Өзіне керегін алып болғасын, басқа нәрселерді қарағансып, біраз аялдады. Нұрболдың шешесі, дүкеншіге әңгімесін айтып тұр.

- Сол өзі келе алмайтын болғасын әкесін жіберейін дедім. Елдің малын иесіз қалдыру тағы қиын. Ит-құс деген қағынып тұр дейді ғой.

Дүкеннен шыққан Жамалдың еңсесі түсіп-ақ кетті. Нұрболға өкпеледі. Өкпелегені былай тұрсын, жек көріп те қалғандай. "Ит-құс қағынып тұр дейді ғой. Елдің малына сол Нұрболдан басқа ие болатын адам табылмай қалып па? Жұрттың өзіндей балалары жүр ғой ауылда. Және қалай жүр десеңші. Жарқылдап, жадырап жүр. Ол болса ит-құспен алысып жүр. Құрсыншы, жүрсін өзіне жақсы болса".

Жамал енді өзіне ренжіді. Неге мен өз-өзімді ешқандай себепсіз азапқа салып жүрмін, неге мен өзімді осынша төмендеттім деді. Осыдан оқу бітірейінші... Көреді. Жақсы жігітке тұрмысқа шығып, соның жарқыраған көлігімен келіп тұрады. Сол кезде көреді.

Көшедегі сәкіде отырғанында Нұрболдың әкесі қоржын артқан атын жетелеп шығып, мініп жатты. Жамал амандасты. Нұрболдың әкесі де жылы жауап қатты.

- Аманбысың, Жамалжан. Жақсы демалып жатырсың ба? – деді.

- Иә, жақсы, – деді Жамал да, онша жақсы болмай тұрғанын жасырып қалып. Содан бойындағы бар күшін жинап, батылданып:

- Нұрболға сәлем айтыңыз, – деді.

- Айтайын, айтайын, – деді, Нұрболдың әкесі атын тебініп жатып.

Араға екі күн салып Нұрболдың әкесі ауылға қайта келді. "Сәлемімді айтты ма екен, әлде ұмытып кетті ме екен? Айтқан болса, Нұрбол не деді екен? Егер шынымен жақсы көретін болса, әкесіне бірер күн сіз бола тұрыңызшы, мен ауылға түсіп қайтайын демеді ме екен? Егер өйтпесе, жақсы көрмейтін болғаны ғой. Жақсы көрсе жетер еді ғой, бойдақ малдармен бірге бойдақ болып жүре бермей. Мүмкін, әкесі көнбеді ме екен. Әрі-беріден соң әкесінің-ақ бағатын малы ғой, сол". Осындай сан-сапалақ ойлар тағы да мазасын кетірді. Тағы да өзін жек көрді.

Ертесінің ертесі деген күні Нұрболдың әкесі бұны жолықтырып қалып:

- Жамалжан, ұмытып кетіппін ғой, Нұрбол өзіңе де сәлем айтты, – деді.

Бұл болса самарқау ғана: "Сәламат болсын", – деп қоя салды. Басқа не дейді, не дей алады. "Сәламат болсын!".

Жәйімен жылыстап жаз да өтті. Тамыз айының соңғы күндерінің бірінде Жамал жолға жиналды. Бойдақ бағып кеткен бойдақтан со бойы хабар жоқ болды. Макаронын жеп, темекісін қисығынан тістеп, ит-құспен алысып жүрген болар. Мейлі! Жүрсін өзіне жақсы болса бойдақ малмен бойдақ болып! Жамал таңда автобусқа отырғанда Нұрболдың үйіне бір қарады. "Сәламат болсын!"

Автобус қозғалып кетті. Тура сол автобус жүрерден бір сағат бұрын түнделетіп Нұрбол келген. Келген бетте жуынып-шайынып, сақал-мұртын қырып жатқан. Құдай қаласа, бүгін Жамалды көреді. Құдай қаламайтындай не бопты, соншама шақырымнан түн жамылып жеткенде, көрші тұрған Жамалды көре алмайды деймісіз. Құдай қаламаған нәрсе болушы ма еді? Көрсетпеймін десе, көрсетпейді екен да. Нұрбол үлгермей қалды. Адам кейде бағына, иә сорына бола үлгермей қалып жатады ғой.

Иә, мұң мен шерге себепсіз батырып, еш себепсіз Нұрболға ренжітіп, өзін жеккөртіп өткен бұл жазды да, сол жазды өткізген ауылын да артқа тастап, қалаға келген беті еді. Күн аяқ асты суып кетіп, ағасынан көмек сұрау үшін жолға шыққанда осы көлікке отырған.

***

- Осы заманда да Жамал деген қыз болады екен ә?

- Болмайтындай несі бар?
- Білмеймін. Өзім Жамал деген екі кісіні білемін. Біреуі тоқсанда, екіншісі жетпісте ғой деймін.
- ...
- Менің атым – Жәнібек.
- Менің есіміме күлгеніңізге жол болсын. Өзіңіздің де атыңыз жетісіп тұрмаған екен ғой.
- Неге? Жаман ба?
- Жаман емес. Сіз білетін Жамалдар кәрі де болса осы өмірде бар екен ғой. Ал, мен білетін Жәнібектер тарих беттерінде ғана бар.
- Әз Жәнібек хан мен Шақшақ Жәнібекті айтып отырсыз ба?
- Иә. Және Кәрменов деген Жәнібек ағаңыз тағы болған.
- Иә, әйгілі әнші ғой.
- Әнші ғана емес.
- Жазушы.
- Дәл солай.
- Менің атымды сол ұлы тұлғалардай болсын деп ырымдап қойған.
- Менің атымды бақытты болсын деп ырымдап қойған.
- Ырымдайтын емес, біз білетін Жамал бақытсыз еді ғой.
- Әкемнің өзі ғана білетін бір бақытты Жамал болған сияқты ғой.
- Ол да мүмкін. Қызын мал үшін шалға беретін заман өтті ғой.
- Келмеске кетсін деңіз.

Екеуінің әңгімелері осылай жарасып кетті. Жол бойы әрнәрсені әңгіме қылып, қыздың межелі жеріне қалай тез жеткендерін де білмей қалды. Қыз аялдамадан түсіп қалды. Жігіт үйіне дейін жеткізіп тастамақ болған, қыз қарсылық танытты.

- Ағам "бұл кім тағы?" десе, не деймін? Көлденең көк аттыға мінгесе кеттім деймін бе?

- Такси, – дей салыңыз.

- Өзім қарызға ақша алуға келіп тұрып, таксиден түсіп жатқаным адамның миына сыймайтын жағдай ғой. Рахмет.

Жігіт шынымен де жақсы адам екен. Бұл ойлағандай нөмірін сұрап, кафеге барайық, шай ішейік деген сынды басқалай ұсыныстар жасап, мазасын алған жоқ. Қазақтың қыздары мұздамай жүріңдер деп, бір ауыз сөз айтты да кете барды.

Жамал сол күні ағасының үйіне қонды. Кішкентай інісін өбектеп, бір жетісіп қалды. Адамның бойындағы аялау, әлпештеу, жақсы көру, мейірлену сияқты сезімдер сыртқа шығып тұрмаса, іші толып кетеді емес пе? Жамал әбден рақаттанды. Таңда ағасынан сырт киім алуға жетерлік ақша алып, қалаға қайтты.


***

Алматының өзіне ғана жарасатын сұлу да сүреңсіз қысы. Сұлу болатыны ақ ұлпа қар басқан бақтар сондай әдемі. Әсіресе алыстан манаурап тұратын Алатау қандай көрікті. Ал сүреңсіз болатыны – көліктердің көптігінен көшелердің бойына жауған тап-таза қарлар көп ұзамай кірлеп кететін. Дүниеде әппақ дүниенің кірлегені қандай жаман. Түтін басқан қала күреңітіп тұратын.

Осындай күндердің бірінде Жамал ақын жігітпен танысты. Жамалмен бірге тұратын қызға ұлттық университеттің филология факультетінен бір жігіт келіп жүретін. Мына ақын сол досымен еріп келіп, Жамалмен танысып қалған. Содан бері келгіштейтінді шығарды. Басында досымен бірге келіп, Жамалды да шақыртып алатын. Төртеуі қыдырыстап жүретін. Кейіннен жалғыз келетінді шығарды. Аты – Шернияз екен. Бірақ, достарының бәрі Шер дейтін көрінеді. Шер десе шер дейтіндей-ақ жігіт екен. Іші тола құса мен шер. Жеке басының алып бара жатқан мұңы мен қайғысы да жоқ. Бірақ, өзімен-өзі шерленіп жүреді. Заманға, сол заманды жасап отырған адамға көңілі толмайды. Кейде тым аспандап кеткенде «мына бетімен кетсе, бұ қазақ ел болмайды» деп бірақ тоқтайтын.

Шернияз білімді жігіт. Оқымағаны жоқ демей-ақ қояйық, дегенмен, білетіні көп. Жамалдың да біраз кітапты тауысқаны бар. Бұларды біріктірген де сол нәрсе. Ортақ тақырыптары бар. Ол – әдебиет. Екеуінің әңгімелері бір-бірін жалықтырмайды. Кейде сол Шер бұған жымия қарап:

- Сенің барыңа рақмет. Әйтеуір бір есі дұрыс адам таптым-ау, – дейтін. Бірақ бұл екеуінікі махаббатқа келмейді. Достыққа жақын қатынас.

Жамалға Шернияздың бір ғана қылығы ұнамайтын. Үнемі аузынан ішімдіктің иісі шығып тұратын. Кейде бұның көзінше де ішетін. Сақылдаған сары аязда сыра ішіп тұрғанын көргенде, көзі тас төбесіне шыққан. Жамал «қой» демейтін. Мынандай ақылды, білімді адамға бірдеңе деудің өзі қисынсыз сияқты. Бірақ, мына бір қылығы – таза ақымақтық. Күн құрғатпай, кейде күндіз, кейде кешкілік келіп тұратын жас ақын мен ол қай уақытта келсе де, бірге қыдырыстап жүретін Жамалды айналасындағылар жүреді деп те ойлайтын. Өйткені жастардың ортасына кең таралатын журналда Шернияздың үш өлеңі жарық көрген екен. Үшеуі де қызға арналған, үшеуі де сиясы кеппеген жырлар. Сөйтіп Жамал қыздың ендігі өмірі жырға айналып кетті. Жыр мен сырдың арқасында қыстың қалай өткенін білмей қалған бұлар Алматының көктемін қарсы алды.

Алматының көктемі ерекше ғой, шіркін. Өзі ғана құлпырып қана қоймай, адамдарын да сергітіп, серпілтіп тастайтын. Иә, адамдар да түлегендей болған. Жамал да сұлуланып сала берген. Қыстық киімдер артық салмақ емес пе? Желең жүрген адамның тәні ғана емес, жаны да жеңілдеп қалатындай. Жамал да қауырсындай қалықтап жүреді. Бірақ, Шернияз келгенде ауырлап қалады. Айтпақшы, дүние түлеп жатқанда сол қалпында өзгермей қалған осы Шернияз ғана. Ойпырмай, көктем дегеніңіз ең әуелі ақындарға әсер етпеуші ме еді. Аспаннан жерге найзағай түссе, ол – ақындардың жүрегі арқылы өтеді деуші ме еді. Күннің сәулесі де неге солай түспеске?!

Көктемнің жазға айналып бара жатқан жып-жылы күндерінің бірінде Шер мен Жамал екеуі тауға шықты. Әдеттегідей жалықтырмайтын жақсы әңгімелерін айтты. Сырларымен бөлісті. Шер өлеңдерін оқыды. Бірді-екілі махаббат лирикасы болмаса, өлеңдері де шүпілдеген шерге тұнып тұр. Тіпті бір өлеңі тым ауырлау аяқталады екен.

Келсе егер кейде тағдырыңыздың кәрі боп,

Өмір дегеннің зәбірі де көп, зәрі көп.

Ауыруыңнан айықтырғаны болмаса,

Ажалды мүлде алыстататын дәрі жоқ.

Жамал ойланып қалды. Ойланғаны былай тұрсын, жаны да, тәні де ауырлап сала берді. Сергиік, серпілейік, демалайық деп келгендегілері осы ма? Басы жап-жақсы басталғанымен, соңы тағы осылай болды. Тағы да сол баяғы ауыр әңгімелер, мұңлы өлеңдер. Жалған өмір, сұмпайы заман, аяр адам, тұрлаусыз бақыт, тұншыққан қасиет... Жамал шыдамады.

- Шер, неге осындай өлеңдер жазасың? – деді.

Шернияз сұрақпен жауап берді:

- Жаман ба не?

- Жоқ, жаман дей алмаймын. Бірақ, сенің жасыңа лайық емес сияқты.

- Өлеңдегі тақырыптар ақынның жасымен өлшенбейді. Тағдырың қалам тартқызса, тоқсан жаста да махаббатты жырлап отыруға болады. Бұл да сол сияқты.

- Саған сөзім жоқ. Шынымды айтсам, сенің осындай ауыр әңгімелерің жалықтыра бастады.

- Білгенмін. Есі дұрыс адам таптым деп қуанып едім. Сен де теріс айналдың.

- ...

- Білесің бе, мен жалғызбын. Менен бәрі әлдеқашан теріс айналған. Осы бір қырсық мінезім мен қырт болмысым менен бәрін бездірді. Менің ешкімім жоқ. Сен бар едің менде.

- Мен ешқайда кеткен жоқпын ғой.

- Жоқ, сен кеттің деп тұрған жоқпын. Кетесің!

- Қайда кетемін?

- Күйеуге тимейсің бе не? Әлде өстіп менің ертегімді тыңдап өтпекпісің?

Екеуі тауға көңілді шығып, үнсіз қайтты. Жамалдың жалықтым деген бір-ақ ауыз сөзі Шердің аузын біржола жауып тастағандай болды. Рас, жоғарыда айтқанымыздай екеуінікі махаббаттан көрі достыққа жақын. Бірақ, қыз бен жігіт осылай дос болып жүре беруі мүмкін бе? Бұндай достықтың талайын көрдік, бәрі де, бірте-бірте махаббатқа ыңғайланып жатушы еді ғой. Жамалдың жағдайы түсінікті, Шердікі не? Ұнатпаса, неге келеді, ұнатса неге сөз айтпайды. Жақсы көретіні рас. Ол өлеңдерінен де байқалады. Екеуі жатақхананың жанына келгенде оның да сыры ашылғандай болды. Жолдың шетінде тұрған дүкенге кіріп кеткен Шер бір қолына балмұздақ, бір қолына полиэтилен дорбаға салынған үш бөтелке сыра ұстап шыққан. Балмұздақты Жамалға беріп, өзі сырасын тіспен ашып, құныға сімірді. Бұған дейін де ішкен. Тауда осы бір сүйкімсіз сусынның үш-төртеуін тауысқан. Ылғи осы. Жамал бұған дейін үндемеп еді, осы жолы айтты.

- Мынаны қою керек қой саған.

- Қойғанда не өзгереді, қоймасам не болады?

Тағы да сол баяғы әдетінше сұраққа сұрақпен жауап берді. Жамал да тартынған жоқ.

- Өліп қаласың ғой.

- Өліп қалсам өкінішім жоқ. Өлмей қалсам ше?..

- ...

- Көрдің бе, әңгіме тереңде. Жарайды, сені жалықтырмау үшін жақсы әңгіме айтайын. Бағана тауда самал есіп тұрды ғой. Қандай керемет, иә? Жаның рахаттанады. Сен де сол самал сияқтысың. Сенімен кездессем, сенімен сөйлессем, сырлассам, жаным рахаттанады. Сенің атың Жамал емес, Самал болуы керек еді деп, өзіңді ренжітіп алғаным да сол.

- Мен ренжіген жоқпын. Кезінде өзім де солай ойлағанмын. Бірақ, елдің бәрі неге менің азан шақырып қойған атыммен алысады? Жақсы болсын, жаман болсын, бұл менің әкемнің қалауы.

- Кешір, бәрін білемін, бәрін де түсінемін. Мен өзгелер құсап мағынасыз тиісіп, мәнсіз сөйлеген жоқпын. Иә, сен самал сияқтысың. Өмір кейде мен үшін аптап сияқты. Кейде қапырық та болып кетеді. Сол кезде самал іздеймін. Саған келемін. Саған келемін де, рахаттанамын. Содан кейін сол тойғаныммен қайтамын. Сөйткен самалым бетіме жел боп тиеді деп кім ойлаған.

- Кешір. Мен айтқан сөзімді қайтып алдым.

- Қайтып алмай-ақ қой. Сен менің намысыма тиетін сөз айтқан жоқсың. Бар болғаны ішкі сезіміңді жеткіздің. Мен түбі осылай болатынын білгенмін. Бірақ, ұзағырақ болса екен дегенмін. Әттең, қысқа болды.

- Ақыры, бәрі баянсыз болатын болса, осылай ертек аяқталғаны да дұрыс қой.

- Иә, дұрыс. Бірақ, мен саған бауыр басып қалдым. Бауыр баспағанымда қиын болмас еді. Мен сенімен ешқашан болашағымды байланыстырған емеспін. Өйткені сен маған лайық емессің. Ой, кешір, мен саған лайық емеспін. Сен бақытты өмірге лайықтысың. Саған тиіспегенім де сол. Құдай-ау, осы уақыттар ішінде ернің былай тұрсын, бетіңнен де сүймеген екенмін-ау. Екі аяқты пенде емес, моралист жазушылардың кітаптарындағы кейіпкер сияқтымыз. Жә, әңгіме бұл туралы емес еді ғой. Не айтып жатыр едім?

- Сен қызыңқырап қалдың... Басқа күні айтарсың.

- А-а-а. Қызыңқырап қалдың дейсің бе? Қой кетейін. Бірақ, басқа күні айтарсың дегенің қисынсыз. Мен енді келмеймін. Біз енді кездеспейміз. Бұл әңгіме басқа күн былай тұрсын, өмір бойы айтылмайды. Сөзімді бекер бөлдің. Жақсы сау бол.

- Сау бол.

Шер орнынан тұрды да кетпекке ыңғайланды. Тіпті алдыға бір-екі қадам аттады. Артынша бұрылып қарады. Жамал әлі де орнында тұр еді. Жамалдың со бойы қозғалыссыз тұрғанын көріп, бұған қайта келді. Келді де де:

- Ары бұрылшы, – деді.

Жамал ары бұрылды. Шернияз Жамалды ту сыртынан құшақтады. Құшақтаған күйі ұзақ тұрды. Шашынан, самайынан иіскеді. Онсыз да әрең тұрған буыны босап бара жатқандай болды. Жамал болса жағымсыз иістен тыжырынса да үнсіз тұра берді. Шер Жамалды құшақтап тұрған күйі:

- Енді бері бұрылшы, – деді.

Жамал бұған бұрылып тұрды. Шер оны құшағына қысып тұрды да:

- Бір ғана өтінішім бар, – деді.

- Айт.

- Енді көзіңді бір минутқа ғана жұм. Сосын, түк қарсыласпа.

- Жоқ, бұл орындалмайтын өтініш. Осыншама әдемі күндердің осымен біткені мен үшін өкінішті. Төмендемейікші.

- Мен де қатты қалап тұрған жоқпын. Тек...

Осымен тәмам болды. Шер әр қадамын аса сақтықпен басып, алыстап бара жатты. Тек кетпей, бір ғана сөзден тұратын, аяқталмаған сөйлемінің "тек.." деген жалғыз сөзімен тағы да жұмбақтап кетті.

Арада күндер өтті. Қанша жерден махаббат емес, достық қана еді, бір-біріне уәде беріп, серттескен жоқ, екеуі де баянсыздығын білді деген күннің өзінде, адамға адам үйренісіп қалады емес пе? Жамал да ара-тұра "не істеп жүр екен?" деп ойлап қоятын. Құрбысына келіп жүретін ана бір досынан сұраудың да еш реті жоқ. Сұрағанда не сұрасын? Өзі келді, өзі кетті. Аман болсын.

Бұны ғой аман болсын деді. Нұрболға сәламат болсын деген. Сонда бұның тағдырында кезіккен жандардың барлығы да өстіп бірі сәламат болып, енді бірі аман болып қала беруі керек пе? Қайда әлгі аңызға бергісіз махаббат. Қимай қоштасу, сағынысып көрісу, өбісіп тұру деген бұның маңдайына жазылмаған ба? Айтпақшы Нұрбол не істеп жүр екен? Шерниязды бұл қыз бағалады. Өзі кітапты көп оқығандықтан ба екен, ақын десе, жазушы десе, іші бұрып тұратын. Баяғыда небір кейіпкерлерді тудыратын сол жазушылардың өзі қандай болады екен деген таңсық сұрақтар да болады. Сөйтіп жүргенде осы Шер кезікті. Алып ұшқан, сағынысқан сезімдер болмаса да, екеуара кездесулері Нұрболды ұмыттырғандай болған. Бірақ, біржола ұмытты деуге де келмейді. Жүрегінің түбінде белгісіз бір сезімнің қалғаны анық.

Жалғасы мына сілтемеде

  • асылмурат
    Бакытты жамал оте тамаша , кызыгып окыдым!!! ,жалгасын асыгыс кутем, кызыкты
  • Асылан
    Керемет