Бейбiт Сарыбай
Жазушы
4088
1

Бақытты Жамал (Шағын хикаят) Жалғасы

Today.kz редакциясынан: Бұл хикаят республикалық "Алтын тобылғы" байқауынан 135 шығарма ішінен бірінші орын алған.
Фотография - Бақытты Жамал (Шағын хикаят) Жалғасы Көрнекі сурет

Басы мына сілтемеде

*** 

Өстіп жүрген кездерде Жәнібекпен жолықты. Иә, сол баяғы ұлы тұлғалардай болсын деп, атын ырымдап қойған Жәнібек. Жамалды ағасының үйіне тегін жеткізіп тастаған жігіт. Онда да жолығысып қалған жоқ. Жамалды әдейі іздеп келіпті.

Нұрбол ауылдан шықпаған жігіт, Шер өзін қанша ересек ұстағанымен балалығынан толық арылмаған студент. Ішіп алған кездерінде: "өмірге "реально" қарау керек", – дейтіні болмаса, өзі де романтиканың ауылынан алыс емес. Ал Жәнібек болған, толған жігіт. Сөзі де, ісі де нық. Оқуын бітірген, жұмысына тұрған. Қалада үйі бар. Әкесі мен шешесінің жалғыз ұлы екен. Енді сол әкесі мен шешесін көшіріп алуды жоспарлап жүрген көрінеді. Ол үшін...  Жамалдың да оған деген көзқарасы түзу. Екеуі жиі болмаса да, ара-тұра кезігіп тұрды. Бастапқыда жеке кездесіп, оңашалау кафелерде отыратын. Кейіннен Жәнібек бұны өзінің достарының үйіне ертіп барып жүрді. Достарының бәрі тегіс үйленген, балалы-шағалы жандар екен. Достары да, олардың әйелдері де Жамалды жылы қабылдады. Бәрі де: "Жақсы адамға жолығыпсың, енді, анау-мынау деп жүре бермей, үйлен",-деді.

Жағдайымды жасап алып бірақ үйленемін деп алдына нақты жоспар құрған Жәнібек жерін де алыпты, үйін де салыпты. Астында жарқыраған көлігі де бар. Бар-тіршілігін тастай қылған жігіттің бір ғана айыбы, уақытын өткізіп алған. Ол да уақа емес, енді мына қызға үйленсе, жанындағы достарын қуып жетпек. Қуып жеткен былай тұрсын, әлі-ақ басып озады. Құдай қаласа. Үлкен бір фирманың белді қызметкері болып жұмыс істейтін Жәнібек бұған дейін "жағдайын жасап тастағандығымен" биік тұрса, ендігі жерде сөз байласқан қызының әдемілігімен де асқақтайтын жөні бар.

Сөз байласқан демекші, бұлардың сөз байласқандары да қызық. Жәнібек бұны өзінің үйіне алып барып, барлық бөлмелерін аралатып көрсеткен.

–   Бұның барлығы менің шағын мемлекетім, мынау – қызымның бөлмесі болады. Мына бөлмені ұлыма арнап салдым. Мына бөлмеде әкем мен шешем тұрады.

Өстіп барлық бөлмені аралатып көрсеткен ол, асханаға келгенде:

–   Ал мына жер тікелей өзіңнің қожалығыңда болады. Бұл аймаққа ешкімнің билігі жүрмейді. Біз бұнда өзіңнің шақыруыңмен ғана келетін боламыз. Тамақ дайын деген кезіңде кіреміз де, тамағымызды ішіп болғасын өзіңнің рұқсатыңмен анау тұрған холға барамыз. Бәріміз сол жерде отырып теледидар көреміз.

Бір қарағанда Жәнібектің мына сөздері басынғандық сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені бас-көз жоқ, ештеңенің ақ-қарасы жоқ, бірден осылай сенімді сөйлегені келіссең де келісесің, келіспесең де келісесің дегендей сезіледі. Бірақ, Жәнібек өзі сондай жігіт. Бар ма – бар, жоқ па – жоқ. Ішіп алған кездерінде "өмірге "реально" қарау керек қой" деп жыламсырайтын Шернияздың қасында, нағыз реалист жігіт.

Және Жамалды да қатты сыйлайды. Сыйлағандығы, басынбағандығы сол емес пе, үйіне апарғанда да, басқа жерде де артық қимылға барған емес. "Асықпай ойлан, жауабыңды айт, бірақ, менің өзімді толық бақытты сезінетін күнімді көп кешіктірме", – деді. Бұдан артық не істеу керек? Мейрамханада торт жеп отырғанда, ол торттың ішінен неке жүзігі шыға келіп, сол сәтте жігіттің қызға ұсыныс жасайтын жаттанды әдеттері Жамалға мүлде ұнамайтын. Жамал бірден жауап берген жоқ. Ойланып жүрді.

Шернияздың жағдайы белгілі, Нұрболдың ойы бұлыңғыр. Бірақ, адам осынша үнсіз кетуге бола ма? Шынымен ойы болса, ендігі бар хабарын берер еді. Америка асып кеткен түгі жоқ, мына тұрған Алматы. Мал сатуға, картоп сатуға Алматыға келген де шығар. Келсе, неге соға кетпейді? Жарайды, келмеген күннің өзінде шешесінен бұның мекен-жайын сұрап, хат жазбай ма? Хат та жазбай-ақ қойсын. Жатақханаға қоңырау соқса, шақырып-ақ береді ғой. Жоқ, ол өйтпеді. Бір шетінен асығатын да түгі жоқ. Жаңадан екінші курстың студенті. Әлі екі жыл бар. Қайбір күні шешесімен телефон арқылы сөйлескенінде, осы әңгіменің шетін шығарған. Шешесі де қолай көріп отырған сияқты. Жамал болса, сіз үшін ауылда да тұра берер едім деген. Ойында Нұрбол. Шешесі болса: "Мені ойлама, өзіңнің бақытыңды ойла, ауылда не бар дейсің" деген. Нұрболды ойлады ма, әлде ұмытта ма, ауылда кім бар дейсің дегендей қылды. Бақытыңды ойла демекші, Жамалдың бір жерден оқығаны бар еді. Осы қазақ жазушыларының бірінің шығармасында, екі кейіпкердің арасындағы әңгімеде "адам – бақыттың қонғанын емес, ұшқанын біледі" деген ой айтылатын еді. "Жәнібек шынымен бақытым болып жүрмесін, мен оның қонғанын білмей жүрген жоқпын ба?" деген де ой келген.

Осындай сан-сапалақ ойлармен жүргенде бір күні Жәнібек келді. Бұның жауабын күтіп жүргенін, бизнес саласында нақты шешімдермен жұмыс жасайтын адам үшін, бұндай ұзақ келісімдердің ауыр екенін, сонда да шыдап жүргенін, әлі де шыдайтынын, дегенмен өзін толық бақытты сезінетін күннің тезірек туғанын қалайтынын айтқан. Жамал біржола келісімін де бермей, біржола алыстатпай екіұшты жауап берген.

–   Мен қарсы емеспін, бірақ, сіз мені екі жыл күте алмайсыз ғой. Мен оқуымды бітіргесін ғана тұрмыс құрсам деймін. Әлі жаспын, – деген.

Не үшін бұлай екіұшты жауап бергені белгілі. Осы жазда ауылға барғанда Нұрболдың ойын білмек. Егер Нұрбол қаласа, біржола қалмақ... Оқуын сырттай бітірер. Егер Нұрболдың ойы жоқ болып, бұл өзімен-өзі әуре болып жүрген болса...

Жәнібек қуана келісті. Күтемін деді. Ең бастысы сен мені қаласаң болды. Ал қашан екені маңызды емес деді. Екеуі осы сөзге тоқтады. Жамал ендігі жерде Жәнібекті тым жақындатпай, тым алыстатпай жүре тұру керек. Нақты шешім жазғы каникулда қабылданады деп ойлады. Жәнібек келіп-кетіп жүрді. Бір күні ауылдағы әкесі мен шешесінің келгенін, солармен таныстырғысы келетінін айтып, үйіне шақырды. Жәнібекке сенеді. Алдаған, арбаған сәті жоқ. Барды. Бірақ, бұл жолы бұл үйде адам қарасы көп екен. Мейлі, сонау жерден әке-шешесі келіп жатқанда айналасындағы туыстары да келген болар. Бір шетінен бәрімен де таныстырғысы келген болар. Жамалды Жәнібектің достары қалай жылы қабылдаса, туыстары да соншалық ықыласты болды.  Жәнібектің мерейі асқақтап жүрді. Мендей жігіттің жары сендей болуы керек дейтіндей. Және бұнысы Жамалға да ұнайды.

Шәй ішіліп, ыстық ас желініп бола берісте Жәнібектің туыстарының бірі ақ орамал алып келді. Келген бетте бұның басына салды. Бұл ешқандай қарсыласқан жоқ.

–   Ал, айналайын, қадамы құтты болсын, құтты келін бол, игіліктің ерте-кеші жоқ, сен енді осы үйдің келінісің, – деді.

Игіліктің ерте-кеші жоқ дегені, кейін үйлене жатарсыңдар, қазірше осы орамалды тағып қояйық дегені шығар деп ойлаған. Сөйтсе, олай емес екен. Бәсе, бәрі бірден мәре-сәре болды да кетті. Көзі жыпылықтап бұл отыр. Өң бе, түс пе, белгісіз. Бір кезде денесі ысығандай, жүрегі қысылғандай болып орнынан тұрды. Орнын тұрған бетте сыртқа шықты. Артынан ере шыққан Жәнібекке:

–  Мені жатақханаға жеткізіп салыңызшы, – деді. Жәнібек түк түсінбей бұның бетіне қарады.

–  Не үшін? – деді.

– Енді қайтуым керек қой.

–  Қайтқаны несі?

–  Енді кеш болып кетті ғой.

Жәнібек ал келіп күлсін. "Бұлай болмайды" деді. "Енді жатақхана дегенді ұмыт, осы үйде тұрасың, басыңа орамал салынды, босаға аттадың" деді. Сол кезде барып, Жамал түсінгендей болды.

– Екі жыл шыдаймын дегеніңіз қайда? Мені неге алдадыңыз? – деді.

– Мен сені алдаған жоқпын. Келісіміңді бердің. Егер сен келісім бермесең, мен сені алып қашпас едім. Ал, енді уақытынан ертерек алып қашсам, сол кезде-ақ өзіңе қашан екені маңызды емес деп ескерткенмін. Не үшін екі жыл күттіруің керек еді? – деді.

Шындығында не үшін екі жыл күттіруі керек еді. Нұрболдың ойын білейін деп едім дейді ме? Жоқ, олай болмайды. "Адам бақыттың қонғанын емес, ұшқанын біледі" дегенді оқыған. Соны қай жазушының, қай шығармасынан оқып еді өзі. Е, Мұхтар Мағауиннің "Әйел бақыты" деген әңгімесінен оқыған екен ғой.

Адам дегеннің ойы қызық қой, әйтпесе, тағдыры шешіліп жатқан осы бір сәтте "қай сөзді кім айтып еді" дегенді ойлай ма? Ойлай береді екен. Иә, "Әйел бақыты" деген әңгімеден оқыған екен. "Адам бақыттың қонғанын емес, ұшқанын біледі".

Таңда ерте оянды. Ұйықтамады десе де болады. Төсектен тұрған бетті екінші қабаттың терезесінен қарады. Есіктің алдында даңғырлаған музыка ойнап тұр. Беташарға дайындық ерте басталып кетіпті. Бұл кеше өзі киіп келген киімдерін шешіп, күлгін халат киіп, басына ақ орамал таққан. Бүгін сол ақ орамалын тағып, күлгін халатын киіп, шымылдық ішінде отырды. Бір кезде бұны екі жеңгесі қолтықтап есіктің алдына алып шықты.

Бір кезде домбырасын сабалаған асаба жігіт әуелетті дерсің. Сауысқаннан сақ келін дей ме, жұмыртқадан ақ келін дей ме, әйтеуір айтпаған теңеуі жоқ. Кейде ақыл да айтып жатты. "Ішкіш келін атанба, ұшқыш келін атанба" дейді. Оның сөздерінің бірін естіп, бірін естімейді. Әйтеуір ана атаңа бір сәлем, мына енеңе бір сәлем дегенде, екі жағындағы екі абысыны қолын иіп, белгі бергендей болғанда, сәлемін салып қояды.

Той басталды да кетті. Сол аралықта кешірімшілер де қоржынын алып, екі машинамен жолға шықты. Ертесі күні қуғыншылар келді. Бастапқыда қабақтары шытылып келген туыстары, арада көп өтпей жадырап отырды. Бәрі әйтеуір бақыт тілеп жатты. Осы қалада тұратын жеңгесі жақынырақ келіп:

–  Мә-ә-ә, күшті жерге келіпсің ғой, – деді.

 

***

Шындығында күшті-ақ жер. Бұл жерде енді тек күшті өмір сүру керек. Рас, жаман өмір сүрген жоқ. Жәнібек пен Жамал ертегідегідей жарасты ғұмыр кешті. Ертегідей дейтініміздің екінші себебі де жоқ емес. Ертегілерде "баяғыда бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты, бірақ, бір перзентке зар болыпты" деп жататын еді ғой. Бұлар да сөйтті. Бір перзентке зар болды. Әуелгі бір жыл жеңілдеу болды. Биыл болмаса келер жылы болар деген. Келер жылы да бақыттың белгісі байқалмады. Үшінші жыл дегенде уайымдай бастады. Екеуі қол ұстасып дәрігерге барды. Дәрігер екеуінен де кінәрат таппады. Денсаулықтарында дәз жоқ екен. Кейде бұндай жағдайдың болатынын, уақыты келгенде көтеретінін айтты. Күту керек екен. Күтті. Алғашқыда Жәнібек те аса уайымдай қойған жоқ. Жастықтың жалыны мен махаббаттың қызығы тұрғанда сарсаңға салар уайымға орын жоқ еді. Ол жарының жан сұлулығымен де, тән сұлулуғымен де мақтана алатын. Шіркін, Жамалыңыз Жамал десе дегендей-ақ келіншек қой. Ешкімнің бетіне жел болып тимейді. Жылы жымиып қана жүреді. Дәл осындай биязы мінезі үшін-ақ, көп нәрсені кешіруге болады. Қайда бармасын, кіммен араласпасын екеуінің де жүзі жарық. Бірақ адам пенде болғаннан кейін, сол пендешілік орын алмай тұра ма? Бұлардың перзентсіздігіне біреулердің шынымен жаны ашыса, енді біреулер іштей табалайтындай да. Әсіресе, бұндай мінездің келіншектер арасында көрініс беріп қалып жататыны рас.

Осы жылдар аралығында Жамал қыздар университетіндегі оқуын да тәмамдаған. Бұл екінші курсты бітірер жылы тұрмыс құрды емес пе. Сол екінші курсты бітіргенше күндіз бөлімде оқып жүре берді. Екінші курсты бітіргеннен кейін сырттай оқу бөліміне ауысты. Жамал тұрмыс құрып кеткеннен кейін баяғы ақын жігіт Жамалды іздеп жатақханаға келген екен. Қолында қып-қызыл, ұзын-ұзын раушандары бар екен. Бұның тұрмыс құрып кеткенін естігенде, басында сенбеген көрінеді. Кезекті әзіл-қалжыңның бірі деп қабылдаса керек. Артынша, "біреу алып қашып кеткен ғой, әйтпесе, мүмкін емес жағдай" депті. Бұл әңгімені осы ақын жігітпен таныстырған бөлмелес құрбысы айтып берген. Жамал құрбысынан бір ғана нәрсені сұрады:

–  Әдеттегідей ішіп келген болар.

– Жо-о-о-қ, керісінше тап-таза жүр. Қолына бұрынғыдай сыраның бөтелкесін емес, гүл ұстап келген.

–  Ішпегені дұрыс екен. Аман болсын.

Бұл өмірде романтик болғанның, биязы болғанның, әліптің артын баққанның ешқандай зияны жоқ шығар. Бірақ, адам деген, әсіресе жігіт адам ынжық болмау керек. Шаттық пен бақытқа ұмтылмаған адамды мұң оңай торлап алады. Жамалдың өмірінде кездескен екі адам да көріп тұрған бақытына ұмтылмаған, биігіне қол созбаған момын жандар болып шықты. Нұрбол анау, Жәнібек мынау. Егер Жамалға қолы жетпегендіктен өздерін бақытсыз санайтын болса, сол бақытсыздыққа ешкімнің де кінәсі жоқ. Тікелей өздері кінәлі. Өздерінің соры. Әйтпесе, олардың аузындағыны жырып әкеткен ешкім жоқ. Бірақ, тағдыр деген тағы бар. Тағдырыңа жазылмаған адам болса, қанша ұмтылсаң да, қосылмайсың. "Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді" деген рас, тегінде. "Бұйырмаған ... кетеді деген" ауыр мәтел тағы бар. Сол тағдыр шығар деп қоя салады. Бірақ, бір қызық нәрсе бар. Жарайды, ұмтылып қолдары жетпесе, түсінікті. Неге емеурін де танытпады. Адамның өзі қандай болса, айналасы сондай болады екен. Демек, сен таза, пәк болсаң, айналаңдағы адамдардың саған деген ойы да, әрекеті де сондай болады. Ал жеңілдеу болсаң, өзгелердің де әрекеті сондай болмақ. Бұны Жамал өзі түсінген жоқ, Жәнібек айтқан. Бірде бұлар осындай тақырыпта сөйлесіп қалғаны бар еді. Сонда Жәнібек айтқан.

– Сен қандайсың, мен сондаймын, – деген. – Мен де ақ-адал адам емеспін. Менің қателескен, шалыс басқан, бүлінген, бүлдірген кездерім бар. Бірақ, сенің алдыңда басқа адаммын. Өйткені олар басқа еді, сен басқасың. Сол үшін де сен туралы жаман ойлай алмадым, артық қимылға бармадым, – деген.

Бұл да дұрыс шығар. Бірақ, Жәнібектің мына сөзі бір жұмбақтың шешімін тапқанымен, тағы бір нәрсені жұмбақ қылып кеткендей. Адам дегеннің өзіндік болмысы деген болмай ма? Жәнібек егер күні ертең жолай жолбикелердің біріне кезігіп қалса, оған да сен қандайсың, мен сондаймын демек пе?..  Жамал "құрсыншы" деді. "Менің ойым қандай, Жәнібек сондай" деп ойлады. Жәнібек те Жамал туралы мүлде жаман ойлаған емес. Оған жол да жоқ. Күдік, күмән келтіретіндей емес, Жамалдың ақтығына да, пәктігіне де көзі жеткен.

Екеуі қосылған жылы жазда тойларын жасап, артынша Жамалдың ауылына барған. Екеуі ғана емес, Жәнібектің бірқанша туыстары бірге барды. Құдалықтың жөн-жоралғысы, есік-төр көрсету деген сияқты себеппен. Бұларды Жамалдың туыстары жақсы күтіп алды. Даңғырлаған музыка, көтерілген қазан, қайнаған самауырлар бұл үйде үлкен қуаныш болып жатқанын айғақтап жүр. Қазан басында Нұрбол жүр. Сол баяғы Нұрбол. Алғаш кезіккенде қалың көпшіліктің арасынан күліп амандасты. Жүзінде мұңның, бақытсыздықтың ізі де жоқ. Жайнап, жарқылдап-ақ жүр. Бұның баяғыда жақсы көргені, ұнатқаны шын ба, өтірік пе өзі?  Шын болса, шын шығар-ақ. Өзіне бұйырмағасын, өзгеге қайырлы болсын дегені шығар. Бұның бақытын тапқанына шынымен қуанған шығар. Онда шын жақсы көргені ғой. Жә, жарайды, боларымыз болды, бояуымыз сіңді дейік. Бәрі дұрыс. Бірақ, осы бір жұмбақ осылай шешілмеген күйі қала бермек пе? Бұның басы бос кезінде бас көтеріп бірдеңе демеген адам, бұл басқамен қол ұстасқанда бірдеңе дей қояды деу тағы қисынсыз.

Қызықтың көкесі алдыда болды. Құдалар мен оларды күтуші туыстар ет жеп, шәй ішіп болғаннан кейін сыртқа шықты. Жамал да қонақтармен бірге шыққан. Сыртта ойнақы әндер бірінен кейін бірі айтылып жатқан. Осы кезде магнитафонның маңында жүрген Нұрбол "Көршінің қызын" қосып кеп берсін. Ешкім ештеңе аңғарған жоқ. Кәдімгі ән, кезекті музыка. Бар болғаны Нұрболдың жанары жылт етіп, Жамалдың іші қылп етті. Біреудің ішіне кіріп шыққан біреу жоқ. Ән ойналып жатыр. Жамал ол әннің әр сөзіне назар аударды.

"Ғашықтар халқы ұлылық күтті, Орындалмасын кім білген?!". Алғашқы екі жолы осылай екен. Иә, ұлылықты күткендері де рас, оның орындалмағаны да шындық. Кейінгі жолдарын тыңдады. "Қағаз гүлдердің ғұмыры тіпті, Ұзақтау екен шын гүлден". Бұл да айдай ақиқат. Жамалдың үйінде қағаз күлдер толып тұры. Баяғыда сыныптастары сыйлаған. Нұрболдың Жамалды көруге үлгере алмай қалатын кезінде, жайлаудан теріп әкелген гүлдері сол кезде-ақ қурап үлгерген. Сосын анау қаладағы ақын жігіттің де сатып алған гүлі, бұның "қашып кеткенін" айтқан құрбысының үйінде төрт-бес күн тұрып, артынша қоқыс жәшігінен бірақ шыққан. Осы бір төрт жол ойын төрт тарапқа салып жіберген сәтте әннің қайырмасы да айтыла бастапты. "Көршінің қызы керемет еді, Әкесі де оның жақсы адам. Ауылдан біздің неге кетеді, Ауа-райы ма жақпаған". Жамал  "у природы нет плохой погоды" деп жылы жымиды. Әннің екінші шумағында Нұрболдың Жамалға айта алмаған, енді мәңгі айтылмайтын сөздері жатқандай көрінді. "Ол қызға берер антым да дайын, сағына білдім әр тәулік, алты құрлыққа атыңды айтайын, алфавиттегі алты әріп". Әй, Нұрбол-ай, антына адал бір жан болса, ол сен шығарсың. Сол себепті де ант беріп, серт ішпейтін шығарсың. Бірақ, осынша момын болармысың?. Енді келіп алты құрлыққа атыңды айтайын дегеніңе жол болсын. Басқа-басқа дәл осындай асқақтық саған жараспайтын сияқты. Айтпақшы, менің атым алты әріп емес қой. Ж, а, м, а, л. Бес әріп. Жамал атын жаңа естігендей оң қолының саусақтарын бүгіп тұрып санап шықты. Иә, бес әріп. Жә, әннің мәтінін жазған ақын бұл емес. Ал, әнді өзгертетіндей құдірет жоқ бұда. Мүмкін өзі іштей ыңылдағанда алфавиттегі бес әріп деп орындайтын шығар. Бұны әндегі жалғыз олқылық дейміз. Келесі шумақ ше? "Ештеңе етпес кідіріп келсе, уақыттың ұзақ көшінен, естелік үшін бір күліп берсе, ажалдың өзін кешірем". Нұрбол-ау, Нұрбол, сен шынымен жақсы адамсың. Иә, сен кешіресің. Сен мені де, өзіңді де, тағдырыңды да кешірген адамсың.

Ойланып кеткен екен, басын көтеріп Нұрбол жаққа қарап еді, ол да ешкімге білдірмей бұған қарап отыр екен. Жамал оған бір күліп берді. Естелік үшін. Онсыз да аяқталуға жақын ән еді, құдаларды күтіп жүрген бір жігіт:

– Ей, Нұрбол, мынауыңды өшір де, нормальный бір ән қойшы, құдаларды билетейік та, – деді.

Нұрбол оның айтқанын екі етпеді. Бірден басқа ән қойды. Сондағы "нормальныйы" "ойна, ойна құдалар, биле, биле құдалар, жастық шақты еске алып". Осы да "нормальный" ма?

Абыр-сабырдың арасында Жамал мен Нұрболдың арасында тілдесудің мүмкіндігі туды. Сөйлессе несі бар екен. Көршісі, ағасының бірге өскен досы. Оның үстіне Жәнібек те анау айтқандай қызғаншақ емес. Және қызғанудың еш себебі де жоқ. Жамалға деген көңілі де, жүрегі де әппақ. Осы бір қолайлы сәтте Жамал:

–  Нұрбол, мына әнді тыңдаудан әлі жалықпағанбысың?

–  Жоқ, керісінше күн өткен сайын бағасы артып, мағынасы тереңдеп кетті ғой.

–  Осы әндегі алты әріп кім?

–  Негізі бес әріп қой.

Ж, а, м, а, л. Бес әріп. Тағы да жұмбақ. Енді тықақтаудың да, онсыз да момын жігіттің берекесін алудың да қажеті жоқ. Бұл мән бермеген адамша, беймарал ғана кері бұрыла бергенінде:

–  Өткен жолғы демалысыңда кездесудің реті келмеді. Үлгере алмадым. Мен жайлаудан түскен күні кетіп қалыпсың, – деді. Күйеуі бар келіншекке өткен шақтың әңгімесін айту қиындау әрине. Бірақ, бұл ең болмаса бір сөз айтайын деп шешті.

–  Өзің де сонша күттірдің ғой...

Нұрбол үнсіз қалды. Дырду жалғасты. Осымен тәмам. Екі күн аунап-қунаған құдалар жолға шықты. Әрине, Жәнібек пен Жамал да кетті. Ұрлық-қарлығы, қулық-сұмдығы жоқ момақан ауыл монтиып қала берді. Әкесі жатқан зиратта томпиып төмпешіктер қалып барады. Нұрбол да қалды.

Ешкімге өкпе артпайтын, ешкімді ренжітпейтін, кісі баласына залалы жоқ, өзіне тиесілі ырызғы-несібені өзгенің қолына ұстатып жіберіп, қарап тұра беретін адамдар мекен еткен ауылдан шыққан бұлар, таңға жуық, тіршілік үшін таласқа түсіп, алкеуделеп алға озып, мейлінше тартып қалғысы, мейлінше қарпып қалғысы келетін жандардың қаласына айналған Алматыға кіріп келе жатты.

 

***

Одан бері қаншама жыл өтті. Бұлар үйленгеннен кейін бір жылдан соң Жәнібек ауылдағы ата-анасын қолына алған. Содан бері бірге тұрып келе жатыр. Бұлардың перзент сүйе алмай жүргендері әуелі сол ата-ененің жанына бататын сияқты. Оны әрқалай байқатып та жүр. Әрине, жандарына батады. Өйткені бетіне қарап отырған жалғыз ұлдары. Егер бұлар балалы болмайтын болса, бір атаның ұрпақ жалғастығы тоқтамақ. Құдай бетін аулақ қылсын, бұл қазақта кешірілмейді. Қазақ басқа-басқа ұрпақ жалғастығына өте-мөте мән береді. Алты қызы бар еркектердің ұл тумадың деп әйелін тастап кеткенін естігенде күрсінгеннен басқа ештеңе де істей алмайсың. Ал бұларда алданыш боларлық бір қыз да жоқ. Осыншама жылдарды бірге өткізіп келе жатқан болса, оған сол үзілмейтін үміт себеп. Бірақ, үміт дегеніңіз үзіле қоймағанымен уақыт өткен сайын жіңішкере береді екен. Ойсыздық дейсіз бе, жаныашымастық дейсіз бе, әйтеуір адамдардың қойып қалатын сөздері де Жамалдың жанын ауыртып біткен. Үйленгендеріне он үш жыл болды дегенде әңгіме ашық айтыла бастады. Жәнібектің әкесі қанша дегенмен ер азамат. Ол араласатын әңгіме емес. Шешесі адуынды адам еді. Ол кісінің аты Қайша болғанымен, ауылындағы адамдар Қайшы атап кеткен екен. Сол Қайшының өзі он үш жыл шыдады. Шындығында шыдатты. Жәнібек шыдатты. Бекер обалы кәні, Жәнібек Жамалға үлкен қорғаныш бола білді. Күтеміз деді, күтті. Араласпаңдар деді, араластырмады. Бірақ шыдамның да шегі бар екен.

Жамал күндегідей жұмысынан келіп, кешкі асты әзірлеуге кіріскен. Жамал бұл күндері осы шағын аудандағы бір мектепте бастауыш сыныптың оқытушысы еді. Сол кешкі асты дайындап жүргенінде енесі сөз бастады.

–  Не ойларың бар? – деді.

Жамал сұрақтың төркінін түсінді. Түсінгендіктен де абдырап қалды. Тілін жұтып қойған адамша үнсіз тұрды да, екі қолын жайып иығын қиқаң еткізді. Төтесінен қойылған сұраққа бұдан артық қандай жауап болсын.

–  Әрине, жарасты ғұмыр кешіп жүрсіңдер. Екеуіңе елдің бәрі қызығады. Отбасы болса, сендердей-ақ болсын. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бірақ... Күні ертең кеш бола ма деп қорқамын... Сен ойлан.

–   Мен не ойланайын?

–  Сен Жәнібектің бағын байлама. Жәнібектің ғана емес, бәріміздің бағымызды байлап отырсың.

–   Енді не істейін?

– Жәнібекке рұқсатыңды бер. Жәнібекке де, бізге де өкпе-ренішің жоқ шығар. Шыдауындай-ақ шыдадық. Уақыт өтіп барады. Ал, сенде жақсылықтың нышаны жоқ. Бұрынғының қазақтары бұндай жағдайда "сенен бұрын жел туады" деп бетіне айтып, жөніне қайтарған. Мен саған ондай ауыр сөз айтпай-ақ қояйын.

"Ондай ауыр сөз айтпай-ақ қояйын" дегені несі. Айтты емес пе? "Сенен бұрын жел туады" деген сөз Жамалдың бетіне жел боп қана тиген жоқ, бүкіл жанын, жүрегін, көңілін желдетіп жіберді. Тұла бойы мұздап сала берді. Сол сәтте теңселіп те кетті-ау деймін. Аршып тұрған пиязын да, пышағын да үстелге қойып, өзі орындыққа отыра кетті. Жанарына жас үйірілген екен. Кірпігін қағып қалғаны сол еді, ақ жүзінен мөм-мөлдір екі тамшы сырғи жөнелді. Қайшы қояр емес.

–  Саған да жаным ашиды, айналайын. Бірақ, екінші әйел алатындай Жәнібек баяғының байлары емес. Балалы болса, осы үйде болсын.

Жамал бұдан әрі шыдай алмады. Орнынан тұрып, өз бөлмесіне келді. Бөлмесіне кірген бетте төсегіне құлай кетті. Жастығын бүркеніп алып, қыстығып жылады. Қанша жарасты болғанымен, осы бір жар төсегенің құтсыз болғаны-ай. Жастықты құшақтап жатып-ақ жастығым өтіп барады екен-ау деп ойлады. Жамал қорғансыз сәбидей еді. Бір уыс болып жатты. Қазір қорғанышы, азаматы, арқа сүйері келеді. Бәрін орнына қояды. Дегенмен, қанша қорғаған күннің өзінде айтылар сөз айтылды. Енді бұл үйде қалудың еш реті жоқ шығар. Әй, бірақ, бұны Жәнібек жібере қоймас. Азаматы ғой, қорғанышы ғой. Алпамсадай денесімен бұны құшақтап, жас аққан жанарынан сүйеді. Жұбатып алады. Қазір келеді. Келетін уақыты болды.

Әне келді. Иә, Жәнібек келуін келді. Бірақ, бәрі де Жамал күткендей болмады. Кірген бетте Жамалды сұраған. Шешесінің қабағы мен салқын сөзінен бір шикіліктің барын сезіп, бөлмесіне келген. Бүк түсіп, бүрісіп жатқан Жамалды көрді. Қайтадан ас бөлмеге барды. Анасы екеуі де бір-біріне дауыс көтеріп жатты.

–  Айттым ғой мен сендерге, араласпаңдар деп. Маған ешқандай да бала керек емес.

– Саған бала керек емес болса, бізге немере керек. Біздің қатарымыздың алды шөбере сүйе бастады. Біз отырмыз, сенің бедеуіңнің бетіне қарап. Егер осы бетіңнен қайтпаймын десең, оныңды айт. Біз ауылға кетеміз. Мына бақытсыздық жайлаған көңілсіз үйіңде өзің қал,–деді.

Жәнібек бөлмесіне келді де төсектің аяқ жағына отыра кетті. Екеуі де үнсіз. Жамал дәл осындай жағдайда бұл үйде қалудың енді ешқандай да мүмкін емес екенін сезді. Орнынан тұрды да киімдерін жинай бастады. Жәнібек ештеңе дей алмады. Өйткені ол да шарасыз еді. Екі оттың ортасында қалған. Ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледі. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей осы күнге дейін келген. Енді ешқандай амалы жоқ. Осы күннің бір туарын өзі де сезіп, біліп жүрді-ау деймін. Мүмкін іштей осылай бола қалған жағдайда не істеуім керек дегенге дайын жүрген болуы керек. Әйтпесе, мына отырысы не енді? Жамал жиналып болғаннан кейін Жәнібектің бетіне тік қарап:

–  Не дейсің?-деді.

–   Не дейін, әкем менен шешемнен асып қайда барамын. Мен-ақ бақытсыз болайын, солар-ақ бақытты болсын, – деді.

–   Мені апарып таста.

Екеуі жол бойы үнсіз келді. Баяғыда, бұлар жаңа танысқанда Жәнібек Жамалды осы үйге әкеліп еді ғой. Бұл үй Жамалдың үлкен ағасы Беріктің үйі. Сол күні Жәнібек Сәкен Сейфуллин атындағы көшемен келе жатып, Гоголь көшесімен солға бұрылған екен. Не үшін бұрылғанын өзі де білмейді. Мақсатсыз бұрыла салған. Бұрылғанда жолдың бойындағы аялдамада бүрісіп тұрған Жамалды көрген. "Мені сол жолы тағдырдың өзі бұрды" деп күлетін. Екеуі қосылғанда да "мен сол күні, сол сәтте, Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда сені кездестірмес едім, сені кездестірмесем, осыншалық бақытты болмас едім",–деген.  Және осы сөзді ылғи айтып жүретін. Айтқанда да риза-хош көңілмен айтатын. Енді Жамал іштей сол сөзді күрсініп айтып отыр. "Сол күні, сол сәтте, осы бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда, бұның бірі де болмас па еді?"

Алғаш танысқандарында осы үйге тегін әкеліп тастаған жігіт араға он бес жыл салып, бұны тағы да тегін әкеліп тұр. Бұл жолы үйіне дейін жеткізді. Ермек пен Жәнібек салқын амандасты. Ермек те түптің-түбінде не боларын біліп жүрген көрінеді. Не жағдай, не әңгіме деп сұрамады. Жәнібек жүктерін түсіріп берді де, жүріп кетті. Кетіп бара жатты да:

–   Әлі кездесеміз ғой, – деп, мұның мұрнының ұшынан сүйді.

Ылғи сөйтетін. Сағынысып көріскендерінде де, қатты жақсы көріп кеткен кездерінде де Жәнібек Жамалдың мұрнының ұшынан сүйетін. Тіпті кейде дастархан басында отырып та Жамалдың мұрнынан сүйіп отыратын. Кейде екі саусағымен қысатын. Бұл жолы да сөйтті. Мұрнының ұшынан сүйді. Жақсы көріп тұр ғой. "Әлі кездесеміз ғой", – деді. Иә, кездесетіндері анық. Ең құрымаса, айырылысуға барғанда сотта кездеспей ме?

Берік Жамалды кері тепкен жоқ. Қанша дегенмен бауыры ғой. Қарындасы мынандай жағдайда қалғанда қорған бола алмаса, несіне жүр. Көңілін аулап-ақ бақты. Жеңгесі де салқын қабақ танытпады. Адам адам болғаннан кейін басына не келіп, не кетпейді десеңші. Сонда сәттерде арқай сүйер ағаңның, жанашыр жақыныңның болғаны қандай жақсы. Өзі керексіз болып келіп отырғанда ет жақыны кері итергендей қылса, не болар еді.

Шындығында керексіз адам болғаны ғой. Керексіз емей немене. "Бұрынғының қазақтары "сенен бұрын жел туады" деп бетіне айтып, жөніне қайтарған екен деді ме? Адамдар небір себеппен ажырасып жатады ғой. Соның ішіндегі ең ауыры осы шығар деп ойлады, Жамал. Бұдан көрі балалары болып, басқа бір адамды сүйіп қалып, тастап кетсе арман жоқ екен-ау. Еркектің еркектігі, ақымақтығы деп қоя салады. Мына жағдай өте ауыр екен. Жәнібекке ешқандай өкпесі жоқ. Түк ренжімеді. Әкем мен шешемнен асып қайда барамын деген ынжықтығына да түсіністікпен қарады. Өйткені бұл бәрін біледі, түсінеді. Жәнібек негізінде жақсы адам. Оны жамандыққа қимайды да, ол туралы жаман ойлай алмайды да. Қазір де міне сағынып, жақсы көріп отыр. Шашымнан сипап, мұрнымның ұшынан сүйсе екен деп отыр. "Әлі кездесеміз ғой" деді. Иә, әлі кездеседі. Жамалдың ойы тым тереңдеп кетті. Жәнібек үйленсін, бала сүйсін. Жәнібек шындығында қандай бақытқа да лайық адам. Ешкімнің жолын кешпей-ақ, ақ, адал еңбегімен осы әлетке жетті. Сондай адамның өмірден перзентсіз өткені жақсы емес. Балалы болсын, әйелімен бақытты өмір сүрсін, бірақ маған келіп тұрса ғой деп армандады. Артынша өз ойынан өзі шошып, мырс етті. Адам деген осынша қасірет шегіп жатып та күледі екен-ау. Рас-ау, қызығы қызық қой. Кешегі күйеуіне бүгін көңілдесім бол демек пе. Кеше сүйген жары болсаң, бүгін түн жамылып ұрын келіп тұратын көңілдесі болмақпысың. Несі бар, болады. Көңілдесі емес, екінші әйелі болады. Бірақ, оған кейінгі әйелі рұқсат берер ме? Кейінгі әйелі демекші ол кім екен өзі? Жәнібектің сондай бір көздеп жүрген адамы бар ма екен? Жоқ болса табылар, бар болса қосылар. Егер бар болған болса, онда Жәнібектің бұған адал болмағаны ғой. Жоқ, Жәнібек ондай адам емес. Оның ондай ешкімі болған жоқ. Ендігі уақытта тапса табар.

Адамдар не деген қатыгез еді. Жәнібектің айналасындағы достарының келіншектері бұның да сыйластары емес пе еді? Осы жағдай орын алғанда бірде-біреуі қал сұрауға жарамады. Бәрі бірден теріс айналды. Бұның бойына қатар үйлескен жан сұлулығы мен тән сұлулығын көре алмайтын кейбірі сауап деген де болар.

Жәнібек байғұс өзі бастап, батылы барып, сотқа арыз бермеуі мүмкін, жанын қинамайын деп, Жамал аудандық сотқа өзі барған. Межелі күні келгенде екеуі сотта кездесті. Жамал ешқандай дүниеге ортақтаспайтынын, ешқандай да бөлістің керегі жоқтығын айтты. Екеуі сыртқа шыққан соң бірден кетіп қалған жоқ. Жақын маңдағы кафелердің біріне кіріп, түскі ас ішті. Бұрынғыдай жарасып отырмаса да, өте салқын болған жоқ. Әңгімелерін айтып, шәйларын ішіп отырды. Қоштасарда Жәнібек бұны құшағына қысып, мұрнынан сүйді. – Мені жек көріп кетпейсің бе? – деп, батылсыздау сұрады. Жамал оның көзіне жәудіреп қарады. Бірер сәтке жауап бермей үнсіз тұрды. Содан кейін жәй ғана сыбырлап:

– Сені жек көру мүмкін емес, – деді.

Жәнібек қуанды. Өзінің де бұны ешқашан жек көрмейтінін, жек көре алмайтынын, сағынатынын айтты.

–  Сағынсаң келіп тұр, – деді.

–  Келемін, келемін, хабарласамын, – деді Жәнібек.

Жамал жаяу келе жатты. Құдай-ау, бәрі осылай оңай аяқтала салады деп кім ойлаған. Өзін-өзі жей бергеннен пайда жоқ. Қайткен күнде де еңсе тіктеу керек. Жамал мектептегі жұмысынан шықты. Өйткені ол мектеп Жәнібектің үй жағында. Бұл болса, басқа ауданда тұрады. Екеуі екі айдала. Жол шалғай, қатынас қиын. Берік те қанша жерден туған бауыры дегенмен, қазір бөлек отбасы. Оның да бақытты өміріне кедергі келтірмеу керек. Үйі де тарлау. Ең тынышы ауылға қайту шығар. Ауылдағы үй кең, ол жақтағы бауыры да, жеңгесі де жайлы адамдар. Ең бастысы өзінің өскен үйі. Анасы да жанында. Тынышы сол деп деп ауылға тартып отырды.

"Сол күні Сейфуллин көшесімен келіп, Гоголь көшесімен солға бұрылмағанда, бұның бірі де болмас еді...

Жалғасы мына сілтемеде

  • Нұрайна
    Өте керемет!Қаламыңыз мұқалмасын!