Бақытты Жамал (Шағын хикаят) Соңы

Тыныс-тіршілік
5836
Today.kz редакциясынан: Бұл хикаят республикалық "Алтын тобылғы" байқауынан 135 шығарма ішінен бірінші орын алған.

Басы мына сілтемеде

***

Бұл ауылға келгенде "ажырасып кепті, енесі қуып шыққан көрінеді, бала таппаған әйелді кім есіркесін" деген сыпсың сөздердің болғаны да рас. Дегенмен көпшілігі жанашырлықпен қарады. Шешесі де намыстана қоймады. Өйткені қызы жамандығынан, аярлығынан қайтып келіп отырған жоқ. Бар болғаны табиғи кемшілігі. Тағдыр. Тағдырдың жазуынан ешкім де асып кете алмайды. Жамал келген бетте өзі оқыған мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналасты. Шиеттей балалардың ортасында өзінің мұңын да кемдігін де ұмытқандай болды. Сол балалардың әрқайсысына өз баласындай қарады. Олардың білімді, тәрбиелі болып өсуіне күш салды. Мамандығына немқұрайлы қарайтын әріптестеріне үлгі болды. Бұл кезде Нұрбол да көрші ауылдың бір қызына үйленіп, балалы-шағалы болған. Олармен көрші ретінде, дос ретінде жақсы араласып тұрды. Әйелі де біртоға момын адам екен. Бірде жиын-тойдың бірінде қатар отырып қалып:

–  Сізге қолы жетпегеннен кейін мені алыпты ғой. Егер сізге қосылғанда менің қайда, не істеп жүретінімді бір Алланың өзі білсін, – деп, күлген.

–  Маған айтпаған сезімін, саған айтқан екен ғой, – деді бұл.

–  Ой, біздер дос сияқтымыз. Бір-бірімізден сырымызды жасырмаймыз.

–  Оларың жақсы екен.

–  Тұңғышымыздың атын Жамал деп қойғысы келген. Айналадағы ел-жұрттан ұялғандықтан іштей тынды. Өйткені Жамал деп қойса, сырының ашылып қалатынын білді.

– Қоймағандарың жақсы болған екен.

–  Неге?

–  Неге дейтіні бар ма.

–   ...

– Сен қарсы болмас па едің?

– Жоқ, түк те қарсы болмас едім.

Ауылдың адамдары жақсы. Бәрі өзіңнің таныстарың, туыстарың. Көбісі қызаласыпас туыстар. Қыз алысатындардың өзі бөтен емес, бір рудың адамдары. Содан да болар өмір сүру жеңілдеу. Әйтпесе, қалалы жер болса, жесір көрген жігіттің желігі қозатыны белгілі емес пе. Ажырасқан екен десе, тіпті, жақсы, арам ойы көздерін ойнақтатып жібереді. Ал ауылда олай емес. Бәрі де сыймен, құрметпен қарайды. Оның үстіне Жамал қырықтан асқан, қарны шыққан әйел емес, әлікүнге ернінің қызылы қайтпаған, отыздан енді асқан үлбіреген жас келіншек. Алаулаған ақ жүзі әлі де талай қыздан кем емес. Бәрі де сол Жомарттың қызы, өзіміздің Жамал деп қарайды. Осының бәрі де Жамалдың мұңын жеңілдетіп, еңсесін тіктеді. Ендігі өмірім не болады деп ойлаған жоқ. Анасы тірі болса, бауырлары аман болса болды да, мұғалім болып, бала тәрбиелеп, өкіметтің берген ақшасымен күнін көре береді. Ал тұрмыс құру деген нәрсе миына кіріп шыққан емес. Онсыз да он екіде бір гүлі ашылмай жатып келіншек болып, жастай тірі жесір атанғаны жетер.

Жамал ойламағанмен анасы ойлайтын. Жамал бағы ашылмай қайтып келгенде-ақ, ендігі өмірі, алдағы күні қалай болар екен дейтін. Кез келген ананың арманы сол ғой, перзентім бақытты болса екен дейді. Баласының бағы ашылса, өзі де бақытты. Баласы сүрінсе, жаны бірге ауырады.  Қазір ғой жас, ешнәрсенің ауырын сезіне бермейді. Қартайғанда қиын болмаса жарар еді. Ең болмаса бір баласы болса ғой деп армандайтын.

Жамалдың бар ойы қызметі болды. Алаңдайтын басқа шаруасы жоқ жас мұғалім – білімі мен жастық жігерінің арқасында жемісті еңбек етті. Оның сыныбындағы оқушылар бір жылдың ішінде-ақ өзгелерден ерекшеленіп шыға келді. Білім сапасымен де белсенділіктерімен алға озған. Жамалдың іскерлігін бағалаған мектеп директоры оны өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындады.

Сондай күндердің бірінде Жамал мұғалімдер бөлмесінде күнделікті газеттерді парақтап, жаңалықтармен танысып отырған. Республикалық әдеби газеттің келесі бетін ашып қалғанда таныс бейне көзіне оттай басылды. Баяғы студент кезінде келіп-кетіп жүретін ақын досын суретінен бірден таныды. Иә, сол Шернияз. Өлеңдері шыққан екен. Жамал енді бірден өлеңдерді оқуға кірісті. Бәрі де ғашықтық жырлары екен. Әр жылдары, әртүрлі тақырыптарға жазылған демесең, бәрі де бір адамға арналғаны көрініп тұр.

Лирикалық кейіпкер ойда жоқта кезіккен махаббатынан ойда жоқта айырылып қалғанына өкінеді екен. Бірақ, қол ұстасып жүрген сол бір күндерді өмірінің баға жетпес байлығы, ортаймас қазынасы деп санайды екен. Сүйгені, сүйіктісі аққу құстай ұшып кеткенде, ол асыранды қаз құсап қалып кеткен екен. Содан әлікүнге қаңқылдап жүрсе керек. Бір өлеңі "мен бұлай жалғыздықпен күн кешпес ем, өзімді саған лайық санағанда" деп аяқталса, келесі бір өлеңі: "Альбомымда суретің жоқ, Жүрегімде бейнең бар..." деп бітеді екен.

Шындығында екеуі соншама бірге жүргенде бірде-бір рет суретке түспеген екен. Бұл да оған жалғыз түскен суретін қалдырмапты. Бірақ, ақынымыз Жамалдың елесін әлпештеумен жүр екен. Өзіңді біреудің, біреу болғанда да, әшейін біреу емес, ақын адамның сырттай жақсы көргені, өміріңді жырлағаны қандай жақсы. Кез келген адамға ұнайды-ау.  Жамалға да ұнады. Ол ақынның суретіне қарады. Көп өзгермеген екен. Әрине оны көрмегелі он бес жыл болса, сол  он бес жыл бекер өтпей, өзінің өрнегін сала кеткен. Ол анық көрініп тұр. Маңдайындағы әжімдер тереңдеп, көзінің астына ісік пайда болыпты. Сол баяғы қысы-жазы қолынан түспейтін бөтелкенің кесірі деп ойлады.

Жамал Шернияздың өлеңдері шыққан газеттің редакциясына хабарласып, автордың телефонын сұрап алды. Оқырманы едім деді. Аларын алғанымен хабарласа алмады. Хабарласқанда не демек? Ажырастым, қор болдым демек пе? Жоқ, олай болмайды. Көңілін бұзбайын деді. Мүмкін хабарласқаны да дұрыс шығар. Екеуі дос, сырлас еді ғой. Ақырында телефон соқпаса да, уатсап желісі арқылы, "өлеңдеріңіз жақсы екен" деп жазып жіберді. Және уатсапқа өзінің ең әдемі суреттерінің бірін қойды. Күліп түскен суретін салды. Көрсе таныр деді.

Арада бірер минут өткенде көзі тас төбесіне шығып таңғалған смайлы бар хабарлама келді. Артынша "Бұл сен бе?" деген жазба түсті. Бұл "иә" деп, қысқа қайырды. Тағы да смайл. Бұл жолы қатты қуанған кейіптегі смайл. Содан екеуара әңгіме басталып кетті. Қал сұрасу, жаңалық бөлісу, ауа-райын айту. Жазған өлеңдеріне қарасаң, әлікүнге жалғыз жүрген адам сияқты. Шындығында олай емес екен. Шернияз үйленген екен. Бір емес, екі баласы бар болып шықты. Онда неге жалғыздық туралы жыр жазады. Иә, бірақ, ақын дегендеріңіз тумысынан жалғыз емес пе. Бұндай өлең-жырларды Шерниязға дейінгі ақындардан да жиі кездестіруге болады. Шернияз бен Жамал бұдан кейін де жиі хабарласып тұрды. Әрине, әңгіменің барлығы достық рәуіште өрбіп отырды. Уақыт өтіп жатты. Шернияз бір әңгімесінде қалаға келіп жатсаң хабарлас деген. Енді міне Жамалдың қалаға жолы түсіп тұр. Бірақ, Шерниязға баратынын айтқан жоқ. Отбасылы еркек пен жесір келіншектің кездесуі қалай болмақ? Жамал қажет емес деп шешті.

Мұғалімдердің білімін жетілдіру институндағы екі апта зыр етіп өте шықты. Жамал ертең ауылға кетпек. Шерниязға хабарлассам қалай болар екен деп ойланды. Бір ойы қажет емес десе, екінші ойы онда тұрған ештеңе жоқ дейді. Шындығында кездескенде тұрған не бар? Бірақ, онсыз да өзін жалғыз сезініп, адасып қалған аруын аңсап жүрген адам ғой, ол кездесуден кейін ойы бұзылып жүрмес пе екен? Жамал өз бақыты үшін біреудің ошағын бұзып, отбасын талқандайтын адам емес. Тышқан мұрнын қанатпайтын адам үшін, біреудің үйінің тыныштығын бұзу – кешірілмейтін күнә. Онсыз да өксігі мен өкініші көп өмір ғой, осы жолы тартынбай-ақ қояйыншы, кездесейін деп шешті. Оның үстіне ол Шерниязға да сенді. Шернияз да ақымақ адам емес. Бұрын екеуінің де басы бос кезінде бас салмаған адам, енді осыншама тағдырды кешіп келіп, бағытынан кері айнала қоймас. Обал-сауапты білетін адам ғой. Ақыры хабарласты. Бірер күн бұрын келгенін, ертең жүріп жатқанын айтты. Шернияздың сол сәтте қолы бос болды ма, әлде бұл үшін бар шаруасын жиып қойды ма, белгісіз, әйтеуір көп күттірген жоқ. Салып ұрып келіп тұр. Сол баяғы Шернияз. Екеуі таяу маңдағы дәмханалардың біріне бас сұқты. Айтылмаған әңгіме, бөліспеген сыр қалмағандай. Жамал өмірінде татып алмаған, ал, Шер бұл күнде ішімдікті ада-күде қойған екен. Оны өзі айтты.

–  Екеуміздің соңғы кездесуімізден кейінгі күндер маған ауыр болды. Ертерек қоштасып қойған жоқпын ба деп те ойладым. Содан бір күні сырамды тастап, өзімді қалыпқа келтіріп, бір құшақ гүлімді алып барсам, кетіп қалған екенсің... Кешігіп қалыппын. Бұлай бәрі тез болып кетеді деп ойлаған емеспін.

–  Өзім де соның қалай тез болып кеткеніне таңым бар. Тағдыр шығар.

–  Мүмкін. Саған барғанда бәрін қайта бастайын деген ойым болған жоқ. Соңғы рет адам қалпымда көрсе екен дедім. Өйткені көбінесе қоштасқан адамдардың санасында соңғы көрген сәті сақталып қалады ғой. Мен туралы ойлай қалса, сыраға сылқия тойып алып, қасірет шегіп отыратын адам емес, есі дұрыс жігітті елестетсе екен деп ойлаған болуым керек.

–   Жақсы екен. Расында мен сіз туралы ойлағанда ылғи өзіңіз айтқан образда елестететінмін. Сізге бір сұрақ қойсам болады ма?

–   ...

–  Сіз маған ылғи дос ретінде қарап келдіңіз. Бірақ, өлеңдеріңізді оқығанда ғашықтық ғазалдары екенін түсіндім. Егер шынымен дос ретінде қараған болсаңыз, өлеңдеріңіз неге өрекпіп тұр. Ал, сүйген болсаңыз, неге мені алып қалмадыңыз.

– Сен бақытты болса екен дедім.

–  Сіз бақытты ете алмайтын ба едіңіз?

– Ол ұзақ әңгіме. Сен жақсы өмір сүрсін, жарқырап жүрсін деп армандадым. Ал менің өмірімнің күнгейінен көрі көлеңкесі басым.

–  Пейіліңізге рахмет. Бірақ сол күндерде мені емес, өзіңізді бақытсыздықтан қорғап қалғаныңызды білесіз бе?

–  Түсіндім. Әрине, екі балам менің бақытым. Өмірімнің мәні. Бірақ, сенімен қосылған болсам, қандай жағдай да да өзімді бақытты санар едім...

–   Сол... Өзіңіз айтқандай сіздің ендігі өміріңіздің мәні балаларыңыз. Өміріңіздің мәні кетпесін. Сізге сондай бақыт сыйлаған жарыңызды құрметтеңіз.

Екеуара әңгіме біразға созылды. Шернияз бұны институт жатақханасына жеткізіп салды. Бұл кезде де ол қол беріп қана қоштасты. Кетіп бара жатып:

–  Әлі жассың ғой, бақытыңды табуға тілектеспін. Уақытыңды өткізіп алма, – деді.

Жамал сол сәтте ғана өзінің әлі де жас екенін, әлі де бақытты болуға мүмкіндігі бар екенін түсінгендей болды. Бірақ қалай? Басқалай жағдайда бағы ашылмай келсе, жанын түсінетін, көңілі жарасатын адамның табылуы мүмкін де шығар. Бірақ, пұшпағы қанамай келген келіншектің кімге керегі бар. Кімнің ондай басы ашық бақытсыздыққа батылы барсын. Қайшы енесі айтпақшы, бір жігіттің ғана емес, тұтас бір отбасының бақытсыздығына себеп болғанша, өзімен өзі жүрген жақсы емес пе? Жамал осы шешімге біржола тоқтаған. Анасы жанында, бауыры қасында. Сол бауырының балалары бұған да бала. Бала демекші, Жамалдың балажандығында шек жоқ. Үйдегі бауырының балаларына, мектептегі оқушыларға кереметтей қамқор. Оларды ылғи мейіріміне бөлеп жүреді. Кейде өзі солармен ойнағанда бала болып кете жаздайды. Егер баласы болғанда нағыз ана болар еді-ау. Қайтесің, Алланың бермегенін тартып ала алмайсың. Қазақтың да кейде тілі ащы ғой, әлгібірде "баланы ұялсын деп қызға береді, қиналсын деп кедейге береді" дегенді естігені бар еді, сол рас-ау тегінде. Әйтпесе, Жамалдың өстіп сорлайтындай не кінәсі бар еді?

Жүректе жара да, көңілде нала да, бәрі де басылады екен. Кезінде әкесі қайтқанда да жалғасқан тіршілік қой бұл. Қайтып келдім екен деп, керексіз болдым екен деп қайғыра берудің де еш реті жоқ. Оның үстіне арада біраз уақыт та өтті. Ал уақыттан асқан емші жоқ. Қар жауады, із басылады, ит үреді, керуен көшеді.

 

***

 

Күндердің бір күнінде бұлардың үйлеріне егде тартқа екі әйел мен бір еркек сау ете қалсын. Жамал екі кісіні танымағанымен етжеңді әйелді таныды. Осы ауданға қарасты шеткерірек бір ауылда тұратын Жәмилә деген жекжаттары. Жамалдың жұмыстан келген беті еді. Қатар отырып шай ішті. Дастархан басында анау айтқандай басы артық әңгіме қозғала қойған жоқ. Келімді-кетімді кісілердің кезекті бірі деп қоя салған. Жоқ, бұлар кезекті қонақтардың бірі болғанымен келістерінің мәні бөлек екен. Оны Жамал кейіннен білді. Сапарлап бара жатып жолай кіре кеткен адам құсағанымен, бұлар Жамалды көре кетпек екен. Көргенде де анау ұзынша бойлы үнсіз отырған жігітке көрсетпек болған екен. Аты Қайрат екен. Және Жамалды Қайратқа көрсетіп қана қоймай, Жамал да жігітті көрсін десе керек. Бірақ, Жамал ол жігітке назар да аудармаған. Қайрат болса, ешкімге білдірмей ішіп-жеп қараса керек. Кетерлерінде келген қонақтар Жамалдың анасына емеурін де танытыпты. Қызыңыздың ойын білгіміз келеді. Егер қарсы болмаса жігітіміз келер жолы өзі келіп сөйлессе деген көрінеді.

Жамал не десін иығын қиқаң еткізді де қойды. "Ешкімнің керегі жоқ, екі жастың біріне келмей осы көргенім де жетеді, енді хабарласпасын" деді. Бұл сөзді Жамал шын ниетімен айтты. Шындығында Жамал ешкімді керек етпейтін. "Алса, Нұрболға екінші әйел боламын", – деп әзілдеп күлетін.

Жамалдың қайтып келіп отырғанын және қайтқанда да қалай қайтқанын біле тұра келгендері қызық екен. Міне, бар гәп осында болып шықты. Жамалды көрмек болып келген жігіт те оңып тұрмаса керек. Жоқ, Қайрат жаман адам емес. Тек, оның да тағдырының тарылған жері бар екен. Ол да сүйгеніне қосылып, сүйген жарымен аз да болса бақуатты ғұмыр кешкен екен. Екі балалы болған кездерінде сүйген жары күтпеген жерден қаза болыпты. Жасы қырықтан енді асқан қырмасақал жігіттің со бойы бойдақ кетпесі анық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Оның үстіне шиеттей балаларға қарайтын да адам керек емес пе? Әйелінің жылы өткеннен кейін бұл жігітке айналалсындағы тума-туыстары ыңғайлы адамдарды қарастырса керек. Жаңағы Жәмилә деген жекжаттары Жамалдың жайын айтыпты. Содан қыз көрелік деп келген беттері екен.

Жамал Қайратқа қатты ұнапты. Жанындағы кісілер бұның жауабын естігеннен кейін, "е, бопты" деп қоя салғанымен, Қайраттың қоя салғысы келмепті. Одан кейінгі ұсыныстардың бәрінен бас тартқан көрінеді. Жамалды шынымен ұнатқаны ғой. Бір күні өзі іздеп келді. Жамал о баста бұл кім еді деп тосырқай қарағанымен, артынша, бірден есіне түсірді. Қайрат Жамалды мектептің алдынан күтіп алды. Көлігіне шақырып еді, Жамал бас тартты. Бәрі осы көлікке отырудан басталады. Қайрат атына заты сай жігіт болып шықты. Басқа біреу болса, машинасына отырып, тайып тұрар ма еді. Қайрат өйтпеді. Машинасын мектептің алдына қалдырып, өзі Жамалға еріп жүрді. Бірақ, Жамал ешқандай ыңғай танытпады. Жарым жолға жеткенде:

–  Осы жерден қайтыңыз, көрген адам не ойлайды? – деді.

Қайрат қайтты. Содан кейін де екі-үш рет келген. Жамал ыңғай бермеді. Керек емес деді. Бірақ, кейінгі келгендерінде ол алғашқыдағыдай емес, білдірмей, назар да аударған. Киген киіміне қарағанда өте ұқыпты адам болса керек. Және өзі де өңді жігіт екен. Бойын айтсаңшы. Қайрат та келуін тоқтатпады, Жамал да жақындатпады.

Бір күні шешесі Жамалға ақылын айтты.

–Қызым, мен саған жамандық ойламаймын. Сыйдырмай отыр деп ойлайтын болсаң, әңгімені осы жерден тоқтатамын. Ал, тыңдаймын десең айтайын, – деді. Жамал да бетпақ, таяз адам емес.

– Апа-оу, неге олай ойлайын. Айта бер, құлағым сенде, – деді.

–  Соңғы шешімді өзің қабылдайсың. Менікі әшейін айтқан ақыл. Мен сұрап білдім. Мына жігіт текті әулеттің тұқымы екен. Тіршілігі де, тұрмысы да жаман емес көрінеді. Еліне, ағайынына сыйлы, дос-жарандарының ортасында беделді екен.

– Бәрі дұрыс делік. Бірақ, мен әйелі қайтыс болған адамға ере кететіндей елудегі әйел емес шығармын.

– Айналайын, сені ешкім жетпістегі шалға теліп отырған жоқ қой. Өзіңнен он-ақ жас үлкен адам. Әрбірден кейін қыздай баруға болатын азамат екен. Мен сені ойлаймын ғой. Қазір жастықпен ештеңені білмейсің. Кейін қартайғанда жалғыздықтың жарасы ауыр болады.

–  Дәл қазір қартая қояйын деп тұрған жоқпын ғой. Ерте сияқты.

–   Ерте дейтін ештеңесі жоқ. Кеш қалмаудың қамын ойлау керек. Оның үстіне Қайраттың балалары әлі шиеттей екен. Көресің осы балалар ертең сені анасындай көріп кетеді. Олар да сенің балаңдай болып кетеді.

Жамалға ең ұнаған тұсы осы болды. Өзіңнің өзегіңді жарып шықпаса да, балалы болғанға не жетсін. Рас-ау, ол балаларды Жамал баласындай көріп кететіні анық. Анасындай қамқор болар. Бірақ, ол балалар бұны анасындай көре ала ма? Қабылдамаса қайтпекпін. Жастай жесір атанғаным аздай, қырыққа келмей жатып, өгей шеше атанамын ба? Бір үміт пен бір күдік, Жамалдың санасында итжығыс түсіп жатты. Сол бір сәтте Жамал Қайраттың балаларын көргісі келіп кетті. "Өздері шеттерінен сүйкімді шығар. Байғұс балалар аналарын сағынып жүрген де болар" деп ойлады. Егер бұны жек көрмейтін болса, бұл сол балалар үшін-ақ барғысы, көнгісі келді.

Қайрат енді келсе сөйлесіп көрейін, әңгімеміз жарасып жатса, балаларымен кездесіп көрермін деп шешті. Бірақ, Қайраттан хабар болмады. Қанша Қайрат болғанымен, оның да меселі қайтқан болар. Оның үстіне емешегі үзілетіндей он сегіз жасар бозбала емес. "Кішкентай ботақандарына қарап жүрген болар. Ботақандары не істеп жүр екен". Жамал шешесінің айтқандарының бәрі рас екеніне көзі жетті. Шындығында солай екен-ау. Қайраттың өзімен де жарасып кетер, балаларына да бауыр басар. Жамал бір шешімге келді. Бірақ қырсыққанда Қайраттан хабар жоқ. Бақыт дегенің де қырсық қыз сияқты. Қашсаң қуады, қусаң қашады.

Мұғалімдер бөлмесі мектептің екінші қабатында еді. Терезесі көше жаққан қараған. Бір күні түстен кейінгі уақытта Жамал сол көше жаққа қараған терезеге қарап еді, таныс машинаны көрді. Иә, сол Қайраттың машинасы. Жүрегі өрекпіді, көңілі толқыды демей-ақ қояйық, бірақ, тұлабойы жылып сала берді. Келді-ау. Жасап отырған жұмыс жоспарын ертеңге қалдырып, қағаз-қаламдарын сөмкесіне салып, сыртқа беттеді. Шыға беріс жердегі айнаға қарап, өзін ретке келтірді. Күнде таңда жұмысқа шығарында айнаға бір қарайтыны анық қой. Бірақ бұл жолғы қарасы өзгеше болды. Өзіне назар сала қарады. Жамалдың тағы бір жақсы қасиеті сол – бұл қыз көзбояушылықпен айналыспайтын. Өзгелер құсап бетіне бес батпан бояу жақпайтын. Тіпті ерніне далап жаққан кезі жоқ. Астыңғы ернімен үстінгі ернін, сосын үстінгі ернімен астыңғы ернін сулап, сыртқа беттеді. Бұл сыртқа шыққанда Қайрат та көлігінен батылсыз түсті. Жамал да бірден елп ете қалмады.

–    Мен сізге келме деп едім ғой, – деді.

Қайрат та бай қайратын бойына жиғандай болып:

–  Кешір, Жамал, ендігәрі мазаламаймын. Осы жолы соңғы келуім. Аз ғана уақытыңды қишы, – деді.

Енді кері кетудің еш жөні жоқ. Осы жолы қырсықса, бәрі де кеш болуы мүмкін. Баяғы Шердің де сөзі есіне түсті. "Сен әлі жассың, әлі-ақ бақытыңды табарсың, сен бақытқа лайықтысың" деген. Мүмкін менің бақытым осы шығар. Жамал Қайраттың көлігіне отырды. Екеуі ауыл сыртындағы өзеннің жағасына барып тоқтады.

–  Жамал, мен де осы күнді Құдайдан тілеп алған жоқпын. Басыма салған тағдырға көндігіп жүрген адаммын. Шынымды айтсам, әйел ала қояйын деп алып-ұшып жүрген де жоқпын. Тек балаларыма да қиындау болып тұр.

–  А-а-а, балаларыңызға қарайтын адам іздеп жүрмін деңіз...

– Олай деме. Балаларыма қарайтын адам емес, ана болатын, шеше болатын адам іздеп жүрмін. Және әйтеуір бір адам болса болды деп жүрген жоқпын. Өзім де ендігі өмірімде жарасты ғұмыр кешетін, жаны аяулы адам іздегем.

–   Таптыңыз ба?

–   Таптым. Ол сенсің.

–  Мен екеніме қалай сенімдісіз. Мені сіз толық білмейсіз де ғой.

–   Білемін.

–   Жарайды, білесіз делік. Балаларыңыз қалай қабылдайды екен.

–  Жақсы қабылдайды. Оған да сенімдімін. Сенбесең барып көр. Ұнамаса, бас тартуыңа болады.

Екеуі келісті. Алдағы демалыс күні Жамал Қайраттың ауылына баруға келісім берді. Оның бұл шешіміне анасы да қатты қуанды. Жасы үлкен адамдар кісі таниды ғой. Оның үстіне жағдайды да кеңінен түсінеді. Әйтпесе, Жамалдан құтыла алмай отырған жағдайы жоқ.

Келісілген уақыт келгенде Жамал ерекше дайындалды. Ең әдемі көйлегін киді. Қайраттың ұнатқаны анық. Енді балаларына ұнауы тиіс. Егер балалары теріс көретін болса, онда арыға барудың керегі жоқ. Өйткені баланың көңілі, баланың жан дүниесі деген ерекше нәрсе. Онымен ойнауға болмайды. Жамал сол балаларға арнап әртүрлі ойыншықтар алғысы келді. Барғанда құры қол бармай, қолдарына ұстатайын деп ойлаған. Артынша ол ойынан айнып қалды. Балалардың көңілін аулап, сол арқылы жігіттің басын айналдырып алғандай болмайын, қаласа осы қалпым, қаламаса оны да көрейін деп шешті. Шындығында алғаш бара жатып ойыншығын көтере барса, кім не ойлайды?

Қайрат Жамалды ертерек алып кетті. Жол бойы әртүрлі әңгімелерді айтқан болды. Бірақ, әлі нақты шешім қабылданбағаннан кейін екеуі де қысқа қайырып отырды. Жамал қайбір әңгіме айтсын, Қайраттың сұрақтарына жауап беріп, кейбір түсінбеген жерлерін сұрап қана отырды. Жамалдың "Балаларыңыз сіздің бұл шешіміңізді біледі ме, қалай болар екен, егер мені қабылдамаса ше?" деген сұрағына, "Алдын ала ештеңе демейін, барғанда өзің көресің" деп қана қоя салды.

Қайраттың үйі ауылдың орталығына орналасқан екен. Кең сарайдай. Ауласы да тап-тұйнақтай. Бұл үйден ұқыптылық пен тазалық бірден көрініс берді. Қайраттың үлкен қызы бар болғаны үшінші сыныпта оқиды екен. Аты – Айым. Сол бірінші шығып, амандасты. Үшінші сыныптың қызы деген аты болмаса, ересектеу көрінді. Жамал оның бетінен сүйіп еді, ол да бұның бетінен сүйген болды. Алғашқы қадам жаман болған жоқ. Одан кейінгісі Айбар атты ұлы екен. Ол шатақтау болып шықты. Бірінші сыныпқа биыл барған батырыңыз амандасқан да жоқ, қолындағы планшетінен көз алмай, ойнап отыра берді. Әкесінің "Тәтеңе амандаспайсың ба?" – дегеніне, "Ол менің тәтем емес!" – деп жауап берді.

–  Мейлі, тәтең болмаса да, жасы үлкен адамға амандасу керек!

Сол кезде барып қана басын көтермеген күйі:

–    Сәлеметсіз бе! – деді.

–   Сәлеметпін.

Бірінші қадам сәтті болғанымен, екінші қадам ауырлау болды. Айбар тіксінтіп тастады. Бұл Жамалдың көңілін түсірмесе де, уайымын қалыңдатты. Тәрбиелі бала екені көрініп тұр. Бірақ, мына бөтен адамның келісінің жәй келіс емес екенін білетін сияқты. Әкесіне өкпелеп, бұны жек көріп отырған да болуы мүмкін. Үшінші баласын көргенде Жамалдың жүрегі ауырып кетті. Бар болғаны үш жастағы қыз бала екен. Аружан десе Аружан дерсің. Өзі сондай сүйкімді. Өзімен-өзі ойнап отыр. Қолына алып көтеріп еді, қарсы болған жоқ.

–   Сен менің жаңа мамамсың ба?– деді.

Жамал не деп жауап берерін білген жоқ. Сол себепті де кішкентай періштенің мына бір аңғал сұрағын жауапсыз қалдырды. Жауабын күткен ол да жоқ.

–  Менің өз мамам аспанға ұшып кетті, – деді.

Жамал мына балалар үшін осы үйде қалу керектігін түсінгендей болды. Жарайды. Алла бұның өзінің құрсағына бала бітірмеген екен, бірақ, мына балаларды беріп тұр емес пе? Әсіресе, Аружанның "Сен менің жаңа мамамсың ба?" дегені жанын жылытты. Өмірінде "мама" деген сөзді алғаш естіді. Айым да бұған теріс қарамайтын сияқты. Айбар батырдың кішкентай жүрегіндегі үлкен қызғаныш қана болмаса, бәрі де дұрыс сияқты. Мейлі, уақыт өте келе оның да өкпесі жазылар.

Жамал Аружанды ойнатып отырғанда Қайрат пен Айым екеуі бірге жүріп дастархан жайып, шәй даярлаған. Жамал да келмей жатып ас үйге араласуды жөн көрмей отыра берген. Тек дастархан басына келгенде ғана Қайраттың қолынан шәугімді алды.

–  Мен құяйын, – деді.

Төртеуі отырып шәй ішті. Айбар батыр "қарным тоқ, жаңа ішіп алғанмын, ішпеймін" деп отырып алды. Шай ішіп болғаннан кейін бұлар кетуге ыңғайланды.

Жамал шығып бара жатқанда Айым оның жанына келіп:

–  Келесіз бе?..– деді.

–  Келемін!– деді, Жамал шешімді бірден қабылдап. Сөйтті де Қайраттың машинасына отырып кетті.

Жолда келе жатқанда Жамал Қайраттан:

– Балаларды жалғыз қалдырғаныңыз қалай?-деп сұрады.

– Жалғыз емес, қарындасым бар. Сен қысылмасын деп уақытша үйіне кеткен. Жақын маңда тұрады, ендігі келіп те алған болар.

Қайрат пен Жамал қайтар жолда еркін сөйлесіп қайтты. Келерде әлі шешім қабылданбаған еді, ал, бұл жолы бәрі де айқын. Бірақ, бірден еркінсіп кеткен екеуі жоқ. Сол сіз-бізден ары аспай сөйлесіп отырды. Қайрат батылсыздау үн қатты.

–  Сонымен келістік қой?

–   Түсінбедім.

–   Алдағы өмірімізде бірге боламыз ғой.

–     Мен әлі сізге уәде берген жоқ едім, неге олай сенімді сөйлейсіз?

–    Уәдені маған бермегеніңмен Айымға бердің ғой. Үлкен адамға берген уәдені орындамауға болады. Ал, баланың көңілін қалдыруға болмайды. Кетерде келемін деп кеттің, енді баруға тиістісің.

–    Иә, мен сол Айым мен Аружан үшін-ақ барамын. Бірақ, Айбардан қорқамын.

–   Айбарды уайымдама, ол тура мен сияқты...

–   Сіз қандайсыз?

–   Сыртым қатты болғанымен, ішім майдай еріп тұрады. Айбар да сол. Бір жібітіп алсаң болды, кіп-кішкентай қорғанышың болады.

Қайраттың осы әңгімесі шындық екен. Оған Жамалдың кейіннен көзі жетті. Осы кездесуден кейін көп ұзатпай Қайрат Жамалдың үйіне құдалықтың жөнімен ағайынын жіберген. Он сегіз жасар қыз қылып ұзатып, той қылып алып шықпаса да ата-бабаларымыздан келе жатқан құдалықтың жөнін жасаған. Қалың мал, киіт дегендей. Сөйтіп Жамалды біржола өз үйіне кіргізген. Жамал балаларды, балалар Жамалды жатсынбады. Өткен жолғы алғашқы кездесуден кейін тіпті сағынысып тапбысқандай болды. Әсіресе, Айым мен Аружан шешелері тіріліп келгендей қуанып қалды. Шіркін-ай, дүниеде жас сәбидің қуанғанынан артқан, сол жас сәбиді қуантқаннан асқан не бар дейсің. Сол сияқты жас сәбидің өкпесі де ауырлау болады екен. Екі қыздың шаттығы қуантқанымен Айбардың реніші ауырлау болды. Жамалды жақтырмады. Жақтырмады, жаратпады деген жәй сөз, жек көрді деуге келеді. Тіпті анасын сол өлтіргендей қабақ ашпады. Өмірде осындай да ауыр жағдай болады екен. Жамал бәріне шыдады. Анау екі қыздың бұған деген сүйіспеншілігі керемет болды. Бұның да олар дегенде шығарда жаны бөлек болды. Ойпырмай, осындай да болады екен, мына балаларды Жамал тумады дегенге кім сенеді. Құдды туған шешесі дерсің. Таңын солармен атырып, күнін солармен батырады. Жамал осыған дейінгі қиын күндерінің өтеуін көргендей болды. Шындығында солай, Жамал өзін нағыз бақытты адам сезінді. Бақыт деген осы екен-ау. Енді бұдан артқан қандай бақыт, қандай байлық керек. Айымның шашын өріп отырған сәті қандай десеңші. Аружанды көтеріп жүрген кезі ше? Айбардың ғана қыртысқан қабағы болмаса бәрі де жақсы, бәрі де тамаша.

Иә, шеше ретінде, ана ретінде өте бақытты. Ал, жар ретінде ше? Жар дейтіндей әлікүнге жар қызығын көре қоймаған екен. Қайрат екеуі ерлі-зайыпты емес, басқалай туыс жандар сияқты болды. Айтсаң біреу сеніп, біреу сенбес, шындығы сол, екеуі бас құрағанымен әлікүнге бірге жата қоймаған. Қайрат Айбармен бірге жатады, Жамал екі қызды құшағына алады. Бірақ, дастархан басында да басқа жерлерде де жарасып жүрді. Қайрат Жамалды жұмысқа шығармады. "Керек болса, қалаған уақытыңда шығарсың, қазірше балалардың жанында бол, бір-біріңе бауыр бас, менің табысым тіршілігімізге жетеді" деді. Жамал да қарсы болмады. Оған осы тірлігі ұнайтын. Тіпті өмір бойы осылай жүре беруге де бейіл еді. Тағдыр дейсіз бе, басқа дейсіз бе, өзіңіз білерсіз, бірақ, адамнан сор арылмаймын десе, арылмайды екен ғой. Осынау тәп-тәтті күндердің көп өтпей шырқы бұзылады деп кім ойлаған. Жамал әдеттегідей төсегінен бақытты болып оянып, бақытты болып тұрып, бақытты болып әр баланың қамын жасап, күйін келтіріп, үйдің бітпейтін тірлігіне кірісіп кеткен еді. Түс әлетінде Күлиша атты көрші апа кіріп келді. Жамал ол кісіге дастархан жасап, шәйін берді. Күлиша апа дастархан басында біраз әңгіменің тиегін ағытты. Қайраттың алдыңғы әйелінің жақсы қасиеттерін айтып еске алды. Өлім түгілі өкпеге қимайтын адам еді деді. Сондай адамның дүниеден өткеніне жаны ауыратынын жеткізді. Балаларға обал болды-ау деп жүргенде Жамалдың кезіккеніне шүкіршілік ететінін де айтты. Неге осы Жамалға тоқталғандарын айтқанда Жамал у жұтқандай болды. Осынша жасқа келген адамның таяз болатыны қандай жаман еді. Жамалдың жанын ауырту үшін емес, әшейін, әңгіменің жалғасы ретінде айтқан әңгімесі жаның мен жүрегіңді ауыртып қана қоймай, адамды қорлап тастарлық еді.

– Келіннің жылын өткізгеннен кейін Қайратқа адам іздей бастадық. Өзінің ешкімі жоқ екенін білдік. Әркім өзі танитын адамдарын ұсына бастады. Содан саған тоқталдық. Саған тоқталған себебіміз сол, бала тумайтындығың болды. Егер бала туатын әйел болса, мына балаларға қарамай, өз баласына іш тартып, мына бейшаралар шеттеп қалады, өгейлік көреді дедік. Оның үстіне әйелі өлген адамға байдан қайтқан біреу болмаса, қыздай тие қоятын кім бар? Байдан қайтқанда да салдақылығымен, нашар мінезімен емес, адамшылық себебімен қайтқаны да есепке алынды.

Күлиша апа сөйлеп отыр. Бірақ, бұдан әрісін Жамал тыңдай алмады. Адам дегенді тағдыры қорлаймын десе оңай-ақ екен-ау. Жамал қатты қорланды. Өзін қор сезінді. Мына сөздерден кейін адамның еңсе тіктеуі де қиын шығар. Қайшы енесі керексіз қылып қайтарғанда да дәл осылай қорланбаған шығар-ау. Мазақ болудан асқан азап бар десе, басқалар сенер, Жамал сенбейді. Құдай-ау, осынша қорланатындай не кінәм бар еді деді. Шындығында еш кінәсі жоқ еді ғой. Бала тумайтындығың үшін саған тоқталдық деді ме? Өзін қорлаған адамға кетіңіз, шығыңыз деп айтпаса да, бір сылтау айтуға болатын еді ғой. Жамал мүлде олай етпеді. Шыдап бақты. Шыдады дейміз-ау, қайдан шыдасын, жанарының шарасына толып, төгіліп бара жатқан жасын көрсетпей, келесі бөлмеге шығып кетті. Тамағына кептелген өксік ауа жұтқызбай тұр еді, жылаған сәтінде жібіді. Жамал ұзақ жылады. Осыншама азапты ғұмыр болады екен-ау. Күлиша көрші бұл үйді өзі үйіндей сезінетін. Кіріп-шығып жүре беретін. Сол әдетіне салып, дастарханнан бірер түйір кәмпитін алып қайтқан екен.

Жамал жылауын доғарып, орнынан тұрды. Орнынан тұрған бетті шифонердегі киімдерін жинастыра бастады. Өзіне тиесілі киімдері мен заттарын екі-үш сөмке қылып, буып-түйді. Жиналып болды да Қайратты күтті. Сол аралықта Айым да сабағынан келген. Жан мамасының жабырқау жүзін көріп, кішкентай жүрегі бір шикілікті сезгендей болды. Бірақ, сұрауға батпады. Жамал оның шайын беріп, сабағын оқытты. Кешкілік Айбар мен Аружанды балабақшадан әкеліп, төртеуі теледидар көріп отырғанда Қайрат келді. Бұл күнде ол да уайымнан, қайғыдан арылған, жүзіне шуақ тұнған. Өзіне деген бір сенімділік бар. Бұның бәрі де Жамалдың арқасы. Сөйтіп еңсесін тіктеген Жамалының жабырқау жүзін көріп тұрып қалды.

–  Айбар ренжітті ме? – деді.

–   Жоқ.

–   Енді не болды?

Жамал жауап берудің орнына өз бөлмесіне кіріп кетті. Қайрат ере кірді. Жамалдың жиюлы жүгін көріп, әңгіменің терең екенін түсінді. Бірақ, ештеңе сұрамады. Өзі айтар деген. Жамал бұның жүзіне тік қарады. Осызда сұлу келіншек жылағанда тіпті құлпырып кетеді екен ғой.

–    Неге?-деді.

–    ...

–  Неге мені бұлай қорладыңыздар?

–    Кім сені қорлаған?

–     Мені не үшін таңдағандарыңыз белгілі болды. Балаларға қарау үшін өзі бала көтере алмайтын кемтар келін іздеген екенсіздер. Сол кемтарларыңыз мен екенмін. "Іздегенім сенсің" дегеніңізде қуанып қалғам. Сөйтсем, сіз басқа оймен айтқан екенсіз.

–  Рас, о баста сондай әңгіме болған. Жанашыр туыстардың қысқа ақылы. Ал, сені ол үшін емес, адамдығың үшін алдым. Мына ойың мүлде қате. Қате екеніне сенші.

Қайрат жылап тұрған Жамалды жұбатпақ болып құшағына тартты. Тұңғыш рет құшақтады. Құшақтап тұрып маңдайынан, шашынан иіскеді. Жамалдың денесі босап кетті. Сүйенетін адамың болса, бойыңнан күш кете ме деймін. Қайрат Жамалдың ернінен сүйді. Тұңғыш рет. Екеуі татуласқандай, табысқандай болды. Қайрат Жамалдың жинап қойған сөмкелерін нұсқап:

–   Киім-кешектеріңді орнына қой. Мына балаларды жылатып қайда кетпексің?

–    Балалар менің кеткеніме өкіне қоймас.

–    Қайдам, олар аз уақытта саған бауыр басып қалды. Енді сенен тірі болып айырылмас.

Қайрат балалары отырған бөлмеге қарап:

–   Айым, Айбар, Аружан, – деп айқайлады.

Үшеуі де бұлар отырған бөлмеге кіріп келді. Сұраулы жүзбен бұлардың бетіне қарап тұрды.

–  Тәтелерің "енді сендерге мама болмаймын" дейді.

Мына сөзді естіген Аружан жүгіріп келіп, Жамалды құшақтап алды.

–   Анашым, ешқайда кетпейсің, кетсең мені ала кет, – деді.

Айым ересектеу ғой, жәймен басып жақындады да:

–   Кетпеңізші. Сізсіз бізге қиын болады,-деді.

–    Айбар, сен не дейсің?– деді Қайрат еркесіне қарап.

Айбар жауап берген жоқ. Ол да Жамалға жақындап келіп, бетінен сүйді. Кетпеңіз дегені де, жақсы көремін дегені де, осыған дейінгі салған қиғылықтарына сұраған кешірімі де сол шығар. Жамал да оның бетінен сүйіп шашынан иіскеді. Міне, бір отбасы болды деген осы. Көрші кемпірдің шолақ ақылының кесірінен басталған реніш, ақыр аяғында бұларды табыстырып, жақындастырып кетті. Ортада көз көрінбейтін бір перде бар еді, ол сыдырылды. Бәрі бірге отырып, кешкі ас ішті. Жамал кетемін деп жиналғанымен, жылып жүріп тамақ жасаған еді, өте дәмді болған екен. Тамақтанып болғаннан кейін, біраз уақыт теледидар тамашалады. Ертерек ұйықтап қалған Айбар мен Аружанды көтеріп апарып орындарына жатқызды. Бұл кезде Айым да өз бөлмесіне кіріп кеткен. Қайрат пен Жамал үнсіз түсінісіп, үнсіз келісті...

Қайрат таң алдында оянып, көзін ашып қарап еді, бауырында бүрісіп жатқан Жамалды көрді. Суыққа тоңған бозторғайдай, иә, болмаса, пана іздеп қана талып, ақыр соңында сол іздеген панасын тауып, саялаған көгершіндей болып жатыр екен. Қайраттың бойында аяушылық сезімі туды. Кейде адамның адамға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі осы бір аяушылық сезімінен де туындап жатады емес пе... 

Жамал осыған дейінгі көрген зәбірі мен шеккен жапасын ұмытып, Қайраттың қайратты құшағынан сая тапқандай, жалғыздығынан да құтылғандай сезінді. Енді ол жалғыз емес. Оның арқа сүйер азаматы бар. Балалар да өздеріне ерте келген жетімдіктен құтылғандай қуанды. Бірін-бірі аяй жүріп жақындасып кеткен оларды өгей деуге келмейді.

Кейде Жамал "Осы мен өмірімде кездескен азаматтардың қайсысын сүйдім, кімді шын жақсы көрдім немесе қайсысын құрмет тұттым, кіммен бақытты болдым?" деп ойланатыны бар. Бүгінгі күніне көз салса, бәрі де жақсы, бәрі де керемет. Жамалдың да бақытты болуға хақысы бар. Ол да Алланың жаратқан пендесі. Көрсетемін десе, Алланың пендесіне деген жақсылығы аз ба?

***

 

Бір күні Жамал күндегідей тірлігін жасап жүрген. Үйде жалғыз еді. Бір кезде іші бүлк етті. Шошып кетті. Бұрын да бірді-екілі басы айналғандай болған. Енді міне. Шынымен солай болғаны ма? Жамалдың жүзі жанып сала берді. Айнаға қарады. Бұрын осы айнадан мұңға, ойға толы көзді көретін. Бұл жолы басқа адамның көзін көрді. Кәдімгі жас адамның жалынды жанары. Қуанышқа толы көз. Өмірге құштар жанар. Тағы да көзіне жас толды. Бұл бірақ қуаныштың жасы еді. Қуаныш демекші, Қайрат қалай қарар екен? Ол қуана қоя ма? Баяғы көрші кемпірдің әңгімесі есіне түсті. "Өзі бала туса мына баларға қарамай, өз баласына тартып кетеді, сондықтан тумайтын адам керек деп сені алды" демеп пе еді. Қайратқа қалай жеткізерін білмеді. Бойында аздаған қорқыныш пен уайым да жоқ емес. Бәрібір айту керек. Бекер қорқып, бекер уайымдаған екен. Қайрат естігенде есі шыға қуанды. Сенер-сенбесін білмеді. Жамалды қапсыра құшақтап басынан асыра көтеріп алды.

–   Сіз шынымен қалайсыз ба? – деді, Жамал. Қайрат болса:

–    Ақымағым-ау, менің қалауымды қайтесің, бұл Алланың қалауы ғой. Алланың қалауымен бір-бірімізді бақытқа бөлеп жатсақ, бұдан асқан қуаныш бар ма?– деді...

Жамал осы сәтте өзін толық бақытты сезінді. Шын бақытты сәті еді бұл. Бақыт деген осы екен ғой. Бұның да дәмін татты. Ең бірінші анасына телефон соқты. Ол да балаша қуанды:

–   Құдай-ау, Құдай, бар екенсің ғой!

 

***

Айтпақшы, бұл уақыт аралығында Жәнібек те үйленген. Бір ұл туып берген әйелі сол үйдің толық қожасына айналыпты. Қит етсе, кетем деп қорқытатын көрінеді. Оның жәйсіз мінезіне Жәнібек те көндігіп кетсе керек. Жәнібек былай тұрсын, Қайшының да екі аяғын қайшылатқан күйі бір етікке тығып жіберетін сәттері жоқ емес екен.

 

***

Жамалдың бала күнінен келе жатқан кітап оқитын әдеті қалмаған. Бұл күнде ол осы үйден кішігірім кітапхана жасап алған. Бүгін де бар жұмысын бітіріп қойып, кішкентай бөпесі жатқан бесікті тербеп, кітап оқып отыр. Кейде бұрынғы оқыған кітаптарын қайталап оқитын. Бұл жолы да сөйтті. Сырласына, мұңдасына айналып кеткен Мұқағалидың өлеңдерін қолына алған. Кезекті өлеңінің мына бір жолы оны тағы да ойландырып тастады.

"Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,

Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе?.

Жастықта жалын атып сүйсем егер,

Түспес ем осындай күйге мүлде".

Рас-ау, Жамал кімді сүйіп еді?. Нұрболға деген сезімі жылт етпе балаң сезім сияқты. Шердің адамдық болмысын сыйлағаны болмаса, арыға барған емес. Жәнібекті жақсы көрді. Бірақ оны да махаббат дей қою қиын. Туа бітті момындығының арқасында еріп кете берді. Еріп кете бергені өз алдына, қайт дегенде үнсіз қайтып кете салды. Сонда мұның өзіндік ішкі мені, адамдық құны болмағаны ма? Қарап тұрса, осыған дейінгі өмірі бақытты Жамал деуге келмейтіндей екен. Тағдыры сарсаңға салған біреу, әйтеуір. Ал, қазір ше? Қазір ол бақытты. Тым бақытты. Енді өмір бойы әйел бақыты, ана бақыты бұйырмайтындай сезініп жүргенде, бірден үш баланың анасы атанып, артынша төрт балалы әйел болды. Арқа сүйер, құрмет тұтар азаматы бар. Ол екеуінің арасындағы нәзік сезім ештеңеге айырбастамайтындай, айырбасталмайтындай аяулы. Қайрат жұмысқа кетерінде қимай қоштасады, кеште сағынысып көріседі. Кейде жастар махаббаттың елесін  қуып, қиялдағы қалқасын қуалап, ақыр соңында қалың тұман ішінде өздері адасып қалып жатады... Ал, Жамалдың мына бір момын жүрегіндегі момақан махаббаттың мағынасы мүлде бөлек. Момынның ісін Құдай оңдайды деген рас екен, бұл махаббат, бұл бақыт – Жамалдың тағдырының өзіне тартқан сыйы еді. Кішкентай жетімектерге бақыт сыйлаймын деп келіп, өзі бақыт тапты.

 

***

Жамалдың жырдан қызық өмірі жалғаса бермек. Бақыты баянды болсын.  Ал, әңгіме осымен тәмам.  

Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ bodies[news_open].title }}

{{ bodies[news_open].rubric }}
{{ bodies[news_open].views_count }}
{{ bodies[news_open].preview }}
Согласны ли вы с тем, что в Алматы нужно ввести платный въезд?
34 %

Да. Это улучшит ситуацию с пробками в центре

13 %

Нет. Это только лишний повод содрать деньги с людей

5 %

Да. Но если только въезд будет бесплатным для тех, кто живет вне города, а работает в нем

20 %

Нет. Это нарушение моего права на свободу передвижения

28 %

Оставлю свой вариант в комментариях

Комментарии

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить

{{ comment.comment_author }}

{{comment.datetime}}

{{comment.text}} Ответить