Әсия Бағдәулетқызы
Журналист
10451

Шарасыздық пен ресайкл туралы

Қазақстанда кез келген адамның әрекетсіздігін бетіне басып көріңізші. "Мен не істей аламын" дейді.
Фотография - Шарасыздық пен ресайкл туралы Сурет: Әсия Бағдәулетқызының жеке мұрағатынан

Қазақстанда кез келген адамның әрекетсіздігін бетіне басып көріңізші. "Мен не істей аламын" дейді. Өздерін шарасыз, дәрменсіз сезінеді. Ұрысқа кіріспей жатып жеңіліп қойған адамдар. Кез келген кедергіні, үлкенді-кішілі сәтсіздіктің бәрін тағдырға, Құдайға, қоғамға жауып қойып жүре береді.

Батыстағы адамдардың бір айырмашылығы, бұлар өмірінде нендей оқиға болса да өздерін жауапты сезінеді. Сол түсініктен қоршаған ортаға, жалпы дүниеге деген жауапкершілік өсіп шығады. Соның бір ғана мысалы, ресайкл. Бізде кейбір жылдары бөтелкеге, қағазға, т.б. бөлек қоқыс жәшіктерін орнатып көрген. Кейін оның бәрі жайына қалды. Тіпті тұтынушы реттеп салайын деп ниеттенген күннің өзінде, ненің өңделетінін, ненің өңделмейтінін де дұрыс біле бермейді.

Британияда күні түні насихаттап, ақыры ресайкл деген әбден жолға қойылған. Әр өнімнің қорабына анықтап тұрып жазады. “Қорабы толық қайта өңделеді, қақпағы жартылай өңделеді, шынысы өңделмейді” деген секілді. Есік алдында қоқыс салатын үш жәшік тұрады. Бір апта “дженерал уейст”, негізгі қоқысты алып кетеді. Келесі аптада “ресайкл уейст”, өңделетін жәшіктегіні өңгеріп әкетеді. Үшінші аптада тек қана газон мен жапырақты әкетеді.

Британ тұтынушысын тағы бір алаңдататын дүние, ол фейр трейд. Әділ сауда. “Тесконың” сөресінен шоколад таңдап тұрған адам үшін анау Бразилияда какао өсіріп жатқан фермердің еңбегі әділ бағаланауы маңызды. Индонезиялық банан өсіруші дұрыс жалақы, балаларын оқытуға мүмкіндік алуы керек. Мен бір фунтқа шоколад алсам да әлемдік теңсіздікке, не теңдікке үлес қосып жатқанымды түсінемін.

Осы бүтін ойлау жүйесі ұнайды. Біздің ауылдарда қоқыс шығарудың реті де жоқ. Кең дала, қалаған жеріңе төңкересің де кете бересің. Экология, табиғатты ластап жатырмыз деген ой қазақтың түсіне үш ұйықтаса кірмейді. Өзінің дуалынан шыққаннан кейін қоқыс оны мазаламайды. Біздің тұтынушыны шоколадтың дүкен сөресіне дейінгі “өмірі” алаңдатпайды. Біз әбден қаналушы, бағынушы роліне бейімделіп алған секілдіміз. Жауапкершілік жоқ.

Бұл бір жекелеген мысалдар ғой. Жалпы, “мен жауаптымын, менің қолымнан келеді, мен күресемін, мен жеңемін” дейтін идеология жетіспейді. Өзінен табысты біреуді көрсе, “оның жағдайы жақсы ғой”, “оның танысы мықты ғой” деп сылтау іздейді. Таныс тапсаң, саған кім қой деді? Жағдайыңды жасасаң, кім қолыңды байлап қойды? Абай да айтпады ма, "Құдай тағала сеніменен мені бірдей жаратып па?" демек - құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл - ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ” (Қырық үшінші сөз).

Егер адам өзі соған сеніп, әлденеге жетемін десе, шынында оны тоқтататын күш жоқ. Дональд Трамп құсап жетпіс алты жасында президент болуға да болады))).

Загрузка...