Еш қарызсыз жалақыдан келесі жалақыға қалай жетуге болады – лайфхак

Фотография - Еш қарызсыз жалақыдан келесі жалақыға қалай жетуге болады – лайфхак

Көрнекі сурет

Жалақыңыз бен қосымша пайданы үнемі карточкада ұстаңыз.

2312 0

Ақша адамзат өмірінде бұрыннан маңызды рөл атқарады. Сол үшін ежелден талай адамның қаны төгілді, өмірі қиылды, әлемдегі миллиондаған адам зардап шекті. Арада қаншама жылдар мен ғасыр өтті. Десе де біз айтқан картина өзгерген жоқ. Ақша бізге керек және ол болмаса тіршілік те жасай алмаймыз. Бірақ ақша жетпейді.

Әсіресе қазіргі заманда ақша тамақтанудың, өз-өзіңді дамытудың әрі көңіл-көтерудің негізгі кілтіне айналды. Сол үшін адамдар еңбек етіп, жалақы да алады. Бірақ ақша бәрі бір жетпейді.

 Today.kz сайтының оқырмандарына қаржыгер Сымбат Баенбаева ақшаны сәл де болса тиімді пайдаланып, осы жалақыдан келесі жалақыға дейін ешқандай қарызсыз жетуге болатын лайфхактармен бөліседі.

Фото -

Бірінші қадам: Бір айда табатын табысыңыздың жалпы сомасын шығарыңыз. Оған негізгі қызметіңізден алатын жалақы мен қосымша жұмыстардан алатын қолақыңызды қосыңыз.

Екінші қадам: Бір айлық қаражатыңыздың нақты сомасын шығарғаннан кейін міндетті түрде төлеуіңіз керек шығындарды есептеңіз. Оған егер үй жалдап тұратын болсаңыз, пәтерді жалға алу ақысы, коммуналдық қызметке төлейтін ақшаңыз, бір айлық интернетке төленетін қаржы кіреді.

Үшінші қадам: Бір айлық керек азық-түліктің тізімін шығарып, төмен бағада сатып алуға болатын шағын маркеттен немесе базардан сауда жасаңыз. Азық-түлікті күнсайын немесе апта сайын бөліп алу сізді артық шығынға батырады. Сондықтан бірден бір айға жететін азық-түлік алуға тырысыңыз.

Төртінші қадам: Сіздің жеке көлігіңіз болса, жанармайға қажетті ақшаны бөлек алып қойыңыз. Егер қоғамдық көлікке тұрақты мінетін болсаңыз, бір айға кететін жолақысын есептеп, арнайы карточкаға салып тастаңыз.

Бесінші қадам: Ақшаңызды үнемі карточкада ұстаңыз. Қолма қол қаржы керек  болған жағдайда қажетті соманы ғана банкоматтан шешіп алыңыз. Төлем жасаған кезде банк карточкасы арқылы төлеңіз.

Алтыншы қадам: Бір айда міндетті түрде жақыныңыздың, әріптесіңіздің, танысыңыздың туған күні немесе өмірінде қандай да бір қуаныш болып, атап өтуге шақырады. Онсыз мүмкін емес. Ал сіз жақсы дос, сыйлас әріптес ретінде шақырған жерге бармай қала алмайсыз. Сондықтан әмияныңыздың өзіңіз ұмытып кететін кішкентай қалташасына ақша салып қойыңыз. Туған күн не мереке болса, сол ақшадан аласыз. Бір айды ешқандай мерекесіз өткізсеңіз де ештеңе етпейді. Келесі айға сақтап қойыңыз.

Жетінші қадам: Егер сізден қарызға ақша сұраса, мүмкіндігіңіз болып тұрса беріңіз. Бұл қарыз сіздің ертеңгі күніңіздің ең жақсы салымы. Бірақ қарызды кез келген адамға бере беруге де болмайды. Жақсы танитын, ұзақ уақыт араласып жүрген, сенімді адамдарға бергеніңіз жөн.

Ақша қанша көп болған сайын, адамның қажеттіліктері де арта береді. Сондықтан ақша ешқашан жетпейді. Бастысы өзіңіздің ең қажетті, маңызды нәрселеріңізден ақша аямаңыз.

Қарызды саналы түрде алмауға тырысыңыз. Қарызды мойныңызда тұрған арқан деп елестетіңіз де, оның қалыңдай беруіне жол бермеңіз.

Егер осы лайфхактар кәдеңізге жарап жатса, әрине, қуанамыз. Бірақ, ақша ешқашан жетпейді.



Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?