Алматыда биіктігі 12 метрлік сабаннан жасалған алып тиін пайда болды

Фотография - Алматыда биіктігі 12 метрлік сабаннан жасалған алып тиін пайда болды

Сурет: instagram/20alesya03

Мүсін авторларының бірі, британиялық Алекс Ринслер сабаннан осындай туындылар жасайды.

1466 0

Алматыдағы "Атакент" көрме кешенінің қақ алдында алып тиін пайда болды. Бұл жаңалықты естіген жандар түрлі пікірін қарша боратып жатыр. Ал мамандар не дейді? Today.kz сұрап көрді... 

Мүсін авторларының бірі, британиялық Алекс Ринслер сабаннан осындай туындылар жасайды. Оны сосын өртеп жібереді екен. Шанхайда орнатылған сабан түлкі мен Оңтүстік Африкадағы сабан керік те осы кісінің қолынан шыққан. 

Өнер саласында қызмет атқаратын жандар тиін туралы мынадай пікір білдірді. 

Дизайнер Нұрлан Төреханов "қандай нысан қойылса да, маңызы жоқ" деген ойда. Оның сөзінше, мүсіннен де маңызды дүниелер бар. 

"Меніңше, бұның ешқандай сөлекеттігі жоқ – біржолғы акция ғана ғой. Тиін емес, керік, қасқыр болуы да мүмкін еді. Бүкіл қала наразылық білдіріп, осыны талқылап жатқанына назар аударуға болады. Бұл – мәдениеттің төмендігінен. 

Адамдарға барыс пен домбырадан басқа ештеңе керек емес 

Басқа нәрсе көрсе, ашуланып шыға келеді. Бұдан зардап шегетін азаматтардың өздері, ал суретші жарады. Бұл жақсы, өзгеше тәсіл. Тиін болсын, тышқан болсын, бұл әдемі әрі қызықты дүние. Көп болса, өртеп жіберер, оның өзінде өрт әдемі жанатын болады", – деді Төреханов. 

"Алматы қаласының даму орталығы" АҚ урбанистика орталығының директоры Наталья Ливинская "мүсіннің айтары бар" дейді. 

"Автордың тарапынан сөйлей алмаймын, бұл оның өнерді көре білуі, өз шығармашылығы. Автормен ойымыз бір жерден шыққаны мынау – қалада адамнан бөлек, жануар да көп. Олар да қаланың бір бөлігі болып саналады. Мысалы, осы тиіндер Горький атындағы паркте өте көп. Біз оларды байқамаймыз да. Мүсіннің өзі автордың ойынша адамды бейнелейтін шығар. Менің ойымша, қалаға көбірек құлақ түріп, адамдарға ғана емес, басқа да тұрғындарға, яғни, жануарларға да жағдай жасау керек. Бұл тұрғыда жақсы үндеу шыққан", – деді ол. 

Фото -

Сурет: instagram/20alesya03

"Дизайнер ретінде қуанатыным сол – біздің заманымызда осындай дүниелер жасала бастады. Қалай жасалғаны екінші сұрақ. Меніңше, бәрі өмір сүруге құқылы. Мүсін ұнады деп айта алмаймын, бірақ осындай нәрселердің жасалуы – жақсы. Бұндай дүниелердің мүмкін екеніне жақсы бастама. Маған осы жағынан ұнады. 

20-30 жыл бойы қайдағы бір тиінді алаңға қоюды елестете де алмадық 

Эстетикалық жағынан ештеңе айта алмаймын. Оны әркім өзі шешеді. Ол қорқынышты, бірақ бұл біреуге ұнауы мүмкін. Уақыт өте келе адамдар үйреніп, назар аудармайтын болады. Дизайнер ретінде мүсіннің ойын түсіндім", – деді Бекет Мүсірепов. 

Фото - Сурет: instagram/alexrinsler

Автордың өзі жұмысын былай деп түсіндіріп өткен екен: "Тиін – парктер мен скверлерде тіршілік ететін біздің көршіміз. Тиіндер адам сияқты үнемі қозғалыста жүреді, қоршаған ортасына байланысты көп өзгереді, аман қалу үшін ресурстар іздейді. Осыған қарамастан ол – жыртқыш емес". 

Сабаннан жасалған алып тиін біреуге расымен ұнап жатқанға ұқсайды, ал автордың ойы түсініксіз қалып отыр. Қаншама адам болса, соншама пікір бар. Өнер дегеннің өзі таласты тақырып емес пе? Айтпақшы, алматылық алып тиін алаңда күзге дейін тұрады екен. 




Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?