7066

Қазақстанда жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспанов отадан кейінгі өмірі жайлы айтты

Қазір кардиохирургия орталығына науқастармен жұмыс істейтін әкімші ретінде жұмысқа тұрған.
Фотография - Қазақстанда жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспанов отадан кейінгі өмірі жайлы айтты Сурет: kstnews.kz

Қазақстанда жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспанов Today.kz тілшісіне отадан кейінгі өмірі жайлы айтып берді. Ол 2012 жылдың тамызында Қазақстанда жүрегін ауыстырып, еліміздегі осындай ота жасатқан алғашқы адам болып отыр. 

Қазір кардиохирургия орталығына науқастармен жұмыс істейтін әкімші ретінде жұмысқа тұрған және " Өмір тынысы"қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

– Отадан кейін өміріңіз қаншалықты өзгерді?

– Ауру болып, өліп қалғаннан тірі жүрген жақсы ғой. Отадан кейін дені сау, кәдімгі адамға айналдым. Оған дейін қатты ауырдым, кез келген уақытта о дүниеге аттанып кетуім мүмкін еді. 

Өмірді қайта бастағанда оның қадірін түсіне бастайсың. Көбірек пайдалы етіп өткізуге тырысасың

– Донорыңыздың ұлы Игорьмен араласып тұрасыз ба?

– Иә, біз өте жақсы қарым-қатынастамыз. Қалай танысқанымызды ұмыта бастаған сияқтымыз. Біз бір-біріміз үшін қуанамыз, қуанышта да, қайғыда да бір-бірімізді тастамаймыз. Ол үйленді, әке атанды, ол үшін өте қуаныштымын. 

– Спортпен шұғылданасыз ба?

– Иә, шұғылданамын. Жоғары жетістікке жету үшін емес, спортта белсенділік танытып, физикалық күйімді сақтау үшін айналысамын. Дене мүшесін қайта салған адам үшін бұл өте қажет.  

Көп дәрі ішеміз, оның зияны жоқ емес. Қосымша зиянын бейтараптандыру үшін физикалық түрде белсенді болу керек. Бұны ғылымның өзі дәлелдеген. Сондықтан отадан кейін адам спортпен шұғылдануға мәжбүр. Мен де осыны білетіндіктен Қазақстанға физикалық және спорттық белсенділігіммен пайдамды тигізгім келеді. 

Фото -

Сурет жеке мұрағаттан 

– Өзіңіз халықаралық жарыстарға қатысып көрдіңіз бе?

– Біз көптеген жарысқа қатыстық. 2017 жылы Испанияда өткен трансплантологиядан шыққан адамдарға арналған Бүкіләлемдік еуропалық ойындарға қатыстық, кейін осы жылдың қаңтарында Швейцарияға Бүкіләлемдік қысқы ойындарға бардық. Қыркүйекте Ақтауда ұлттық іріктеу ойындарын өткіздік, нәтижесінде Еуропа чемпионатына аттанған команда жасақтадық. Ол жарыс бір ай бұрын Сардиния аралында өтті. Испаниядан сегіз медаль әкелдік. Біз ол жаққа мойнымызға медаль тағу үшін бармаймыз, біздің міндет – барынша көп адамды спорттық белсенділікке шақыру. Дене мүшесін ота арқылы ауыстырған адамдарға үлгі көрсетеміз. Жақында трансплантациядан шыққан Еуропа федерациясына мүше болдық, трансплантациядан кейінгі спорт бүкіләлемдік федерациясына 2017 жылдан бері мүше болып келеміз. Ол жақта донорлық пен түрлі мүшенің трансплантациясы дамыған 70 ел бар. 

– Жүрек ауыстыру үшін не істеу керек?

– Ең алдымен науқасқа ота қажет деген шешім керек, оны дәрігерлер консилиумы қабылдайды. Тексерістен өту керек, содан кейін дәрігерлер қандай ем қолданатынын шешеді. Оның ішінде ота да болуы мүмкін. Бірақ хирургиялық көмекке жүгінбестен бұрын ем-домның басқа түрлерін қолданып көру керек. 

Ота – ең соңғы шешім. Ол басқа ем қонбағанда ғана жасалады

Егер дене мүшесі ауыстырылады деген шешім қабылданса, науқасты күту парақшасына тіркейді, яғни отаға кезекке қояды. Күтіп отырған уақытта кейбір анализдерді қайта-қайта тапсыру қажет болады. Бұл донор табылған жағдайда өзіңізге керек. Донор табылған кезде, науқасты отаға шақырады, егер денсаулығы отаны көтеретіндей болса, онда жүрегін ауыстырады. 

– Жаңа жүректі қанша уақыт күтуге болады?

– Әр адам әрқалай күтеді, біреулер ұзақ күтсе, кейбіреулер аз уақытта жүрегін ауыстырады. Бәрі сәйкес келетін мүшенің табылуына байланысты. Мысалы, жүрек пайда болғанда ол бірнеше науқасқа сәйкес келуі мүмкін. Бәрін бірдей шақырады, соңында жүрек көбірек сәйкес келетін науқасқа салынады. 

– Құны қанша?

– Отаның бағасы бойынша айтпай-ақ қояйын, бірақ Қазақстанда аталған ота ел азаматтары үшін квота бойынша тегін жасалады. Бұл трансплантация бойынша барлық отаға қатысты.

Фото -

Сурет: sterling.quick.aero

– Бізде жүректі квотасыз, ақылы түрде ауыстыруға бола ма?

– Жоқ, Қазақстанда бұл мүмкін емес жағдай. Бұл техникалық түрде мүмкін емес, өйткені барлық донор мен барлық науқас анық. Арнайы орталықтан тыс жерде ота жасау заң бұзушылық, қылмыс болып саналады. Отаның өзі өте ұзақ, қиын процесс, оған бірнеше адам қатысады. Отаны бейберекет жасау мүмкін емес. Қазақстанда дене мүшені сату, сатып алуға тыйым салынған, сондай-ақ дене мүшесін сатуға жарнама жасауға да рұқсат жоқ. 

– Қазақстанда қазір күту парақшасында қанша адам тұр?

– Нақты санын айтпай-ақ қояйын, 150 адам шамасында. Бұл нақты диагноз қойылған анықталған науқастар ғана. Шын мәнінде бұдан да көп. 2012 жылдан бастап қазірге дейін Қазақстанда жүрек ауыстыру бойынша 65 ота жасалды. Бұл жерде де бәрі донор санына байланысты, тек жүрегін ғана емес, бүйрегін, бауырын да алады. Мемлекет елдегі трансплантацияның дамуы үшін көп жұмыс істеді: орталықтар бар, күту парақшалары құрастырылды, мамандар бар, қадағалаушы мекеме бар. 

–Егер тірі адам донор болғысы келс ше?

–Бұндай мүмкіндік те бар. Өз ауруханаңызда жатып осыған байланысты пікіріңізді білдірсеңіз болады, eGov сайтынан электронды түрде жасасаңыз болады, нотариусқа шандырып, өсиетхатыңызда қалдырсаңыз болады. Мен үнемі айтып жүремін, егер тірі кезіңізде өлген соң донор болғыңыз келсе, туысқандарыңыздың көзінше істеңіз. Туысқандарыңыздан тілегіңізді орындауын өтініңіз. Осылайша оларды ауыр таңдаудан құтқарасыз. Міндетті түрде сұрайды, өйткені трансплантация үшін донордың туысқандарының рұқсаты керек. 

Фото -

Сурет: storyfox.ru

– Қазақстанда жүрек ауыстыру тек бір орталықта жасала ма, әлде басқа да орталықтар бар ма?

– Жүрек ауыстыру Астанада, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта ғана жасалады. Бұнда аталған ота 2012 жылдан бері жасалып келеді. 

– Қызықты әңгімеңізге рақмет!

Загрузка...