1670

Шымкентте "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасы азайды

Азаматтардың аталған санатына Шымкент қаласының әкімдігі ұзақ мерзімді, жеңілдетілген несие беру арқылы алғашқы жарнаның жартысын төлейді.
Фотография - Шымкентте "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасы азайды Сурет: avocat-alina-szilaghi.ro

Шымкент қаласының жас отбасылары мен бюджеттік сала қызметкерлері баспана бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, "7-20-25" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Today.kz "Баспана" Ипотекалық Ұйымының Сыртқы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Тиісті Меморандумға "Баспана" Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды.

Екі жақты келісім бойынша, азаматтардың аталған санатына Шымкент қаласының әкімдігі ұзақ мерзімді, жеңілдетілген несие беру арқылы алғашқы жарнаның жартысын төлеп бермек.

Осы мақсатта биылғы жылы бөлінген сома 500 миллион теңгені құрайды. Жалпы, алдағы 2 жылдың көлемінде, Шымкент әкімдігі өз тұрғындары үшін "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасын төмендетуге 2 миллиард теңге жұмсамақ. Осы арқылы, әкімдік шамамен 2 мың жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдаумен қамтуды жоспарлап отыр.

"Шымкент "7-20-25" бағдарламасына қатысып жатқан тұрғындарына жергілікті әкімдіктер қолдау көрсететін бірлескен жобаны іске асыратын тұңғыш өңір атанып отыр. Өз кезегінде, осы игі бастаманы біз басқа да өңірлермен бірлесіп, жүзеге асыруға дайынбыз", - деді, "Баспана" Ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада "7-20-25" бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын хабарлады. Бұл 8 333 пәтер.

Қазіргі таңда, Шымкент қаласының тұрғындары ЦентрКредит, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK мен Еуразиялық банк арқылы ипотекалық несие ала алады.

Загрузка...