4811

Астана әкімі баланың өмірін сақтап қалған тұрғынға 500 мың теңге табыстады

Елорда басшысы оған алғыс хат табыс етіп, 500 мың теңге көлемінде сыйақы берді.
Фотография - Астана әкімі баланың өмірін сақтап қалған тұрғынға 500 мың теңге табыстады Сурет: today.kz

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов 24 қыркүйекте тұрғын үйдің 10-қабатынан құлап кете жаздаған баланы аман алып қалған 28 жастағы Артем Караевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Today.kz

Елорда басшысы оған алғыс хат табыс етіп, 500 мың теңге көлемінде сыйақы берді. 

Артем Караев 2018 жылы адам өмірін сақтап қалғаны үшін марапатқа ие болған 14-ші тұрғын болып отыр. 

"Құрметті Артем Семенұлы, бәріміз сіздің әрекетіңізге тәнтіміз. Өз өміріңізді қауіп-қатерге тіге отырып өте жас, жеті жастағы астаналықтың өмірін сақтап қалдыңыз. 

Ісіңіз үлгі тұтуға лайық – азаматтар қоршаған ортасына қалай қарау керектігін көрсетеді 

Біз бұндай әрекеттерді назардан тыс қалдырмауға тиіспіз, сондықтан қорымыздан марапат бөлуді ұйғардық. Шын жүрегімнен әкімдік аппаратының және барлық астаналықтың атынан сізге ісіңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздің ісіңіз шексіз бағаға лайық", – деді Бақыт Сұлтанов. 

Фото -

Артем Караев туралы қазақстандық қана емес, ресейлік және әлемдік БАҚ та жазды. Қаһарманның өзі абдырап, ұялып тұрды. Журналистерге басқаша жасау қолынан келмейтінін айтты.

"Баланы құтқару туралы ой болды, басқаша істей алмас едім. Басқа ой да келді, оларды ысырып тастадым, бала көз алдыңда құлап кетсе, ол жақтан кетіп қалып, терезені жауып алып... Бұны істей алмадым. Үйде едім. Бірдеңе түртіп, балконға шықтым. Төменнен айғай-шу естідім. Терезеден қарадым. Адамдар топталып қалыпты. Бәрі жоғарыға қарап тұр, мен оларға, олар мен жаққа қарап тұр. Біреу асылып қалған болар деп ойладым. Жоғарыға қарап едім, бала "Көмектесіңдер, анашым!" деп айғайлап тұр. Қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым", – деді Артем. 

Әкім берген ақшаны қайырымдылыққа жұмсамақ. 

"Қаржылай көмекке зәру емеспін. Бастысы – бала тірі қалды", – дейді Артем Караев. 

Естеріңізге салайық, Астанадағы тұрғын үйдің 10-қабатынан жеті жастағы бала құлап кете жаздады. Бір қабат төменде тұратын көршісі Артем Караев айғайды естіп, баланы құтқарып қалды. 

Бала терезенің торын ашып алған. Осылайша көшеге шыққысы келген. Бұл кезде баланың анасы үйді сыртынан кілттеп, көшеге шығып кеткен. 

Желі қолданушылары бұның бәрін видеоға түсіріп алды. 


Загрузка...