978

Төреғали ұшаққа билетсіз қалай кірді – Алматы халықаралық әуежайы түсіндірді

Әртіс пен оның отбасын әуе қауіпсіздігі қызметкері алып жүрді деген мәлімет те жалған болып шықты.
Фотография - Төреғали ұшаққа билетсіз қалай кірді –  Алматы халықаралық әуежайы түсіндірді Cурет: Kapital.kz

Алматы халықаралық әуежайы Төреғали Төреәлінің ұшаққа билетсіз кіріп кетуінен кейін ішкі қызметтік тергеу жүргізіп, авиациялық қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын мойындады, деп хабарлайды Today.kz Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Әуежайдың ішкі қызметтік тергеуі барысында анықталғандай, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері, оның ішінде тексеру бөлімі, сондай-ақ жолаушылар тасымалы ұйымының VIP-қызметі агенттері өтініш жасап, ер адамды бортқа билетсіз кіргізуге рұқсат бермеген. VIP-терминалы ішінде орналасқан бақылау камераларындағы жазбалар оған дәлел бола алады. Тергеу барысында видеоматериал мұқият зерттелді", — делінген таратылған хабарламада.

Спутник Қазақстан сайтының жазуынша, әуежай өкілдері бұдан бұрын БАҚ-та таралған "VIP-агент шекарашылардан отбасын шығарып салғысы келген ер адамды залға өткізуді өтінді" деген ақпаратты жоққа шығаруға тырысты. Сонымен бірге, әртіс пен оның отбасын әуе қауіпсіздігі қызметкері алып жүрді деген мәлімет те жалған болып шықты.

Әуежай Авиациялық қауіпсіздік қызметі тексеру бөлімінің инспекторлары Ринат Рахымгереев, Абылай Қырғызбаев және Шолпан Зәкірова әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Қызметкерлерге 20 АЕК (48100 теңге) көлемінде айыппұл салынды

"Анықталғандай, жолаушылар мен олардың қол жүгі авиациялық қауіпсіздік талаптарына сай мұқият тексерілген. Алайда тексеру бөлімі қызметкерлері өз бақылау учаскесінде жолаушылардың өткізу ережесін бұзды – жолаушыдан отырғызу талоны және басқа да құжаттарды көрсетуді талап етпей, бортқа кіргізген", — деп түсіндірді Алматы халықаралық әуежайы.

Айта кетейік, оқиға 14 қыркүйекте болды. Танымал әнші Төреғали Төреәлі "Алматы – Гонконг" рейсін орындаушы Air Astana ұшағының салонына билетсіз кіріп, әйелі мен баласын шығарып салған. Сол кезде бортта рейске тіркелмеген адамның бары белгілі болып, мән-жайды анықтау үшін рейс кешіктірілді. Жолаушылар ұшақтың аттануын 20 минут бойы күткен.

Загрузка...