4913

Олар мені танитын сияқты – Букмекер кеңсесінің тепкі астында қалған күзетшісі

Олар қашып кеткенде, күзетші пультті басып, қарулы топты шақырған.
Фотография - Олар мені танитын сияқты – Букмекер кеңсесінің тепкі астында қалған күзетшісі Сурет: Қайрат Елтімбетовтың жеке мұрағатынан

"Пари-Матч" букмекер кеңсесінің күзетшісі Қайрат Елтімбетов ("СТАРТ" ЖШС күзет компаниясының қызметкері) Today.kz тілшісіне Алматыда 19 қаңтардан 20-сына қараған түні болған шабуылдың мән-жайы туралы айтты. Ол белгісіз жандарға қалайша төтеп бере алмағанын айтты. 

36 жастағы ер адамның сөзінше, бұл уақыт – адамдар көп ойын ойнайтын кәдімгі сенбінің түні еді. Белгісіз үш адам бетперде киіп кіріп, оның екеуі бұны ұра бастаған. 

"Үшіншісі кассаға қарай атылды. Қыздың өзі айтқандай, оған бір-екі соққы жасаған. Кассирші қыз көбіне шок, стресс алды. Бір жарым миллиондай алып кеткен сияқты. Үшінші адам қызды байлап тастады. Оның қолында пышақ болды. Скотчпен аузын байлап қойды", – деді Қайрат. 

Күзетші әлеуметтік желідегі өзіне қатысты пікірлерді де оқыған.

"Сол уақытта ешкім болмады бізде. Ешкім жоқта мысалы, телефон қарауға құқығым бар. Кейбіреулер "ол реакция білдірмеді" деген сарында пікір жазыпты. Есік ашылған кезде... Бағана тұр ғой, одан кімнің кіргені анық көрінеді. Мен бағанадан төмен отырдым. Әдетте сағат бестерге таман тұрақты ойыншыларымыз келеді. Ол (бірінші шабуылдаушы, – ред.) бағананы айналып өтті, басымды көтеріп, амандасуға келе жатқан таныс кісі болар дедім. 

Қарасам, бетперде киіп алыпты! Тұруға уақытым болмады. Тұрғанымда бәрі басқаша болар ма еді. Мен солай ойлаймын. Тұруыма мүмкіндік берген жоқ... 

Таяғым бар. Оны белге байламаймыз, бағананың артында тұрады. Шыны керек, оны қолдануға да құқым жоқ. Қарулы күзет шақыруым керек, бұл да уақытты талап етеді", – деді Қайрат Елтімбаев. 

Күзетші кезінде еркін күрес пен велоспортпен айналысқан. 

Үнемі жанында күзет шақыратын мобильді пульті жүретін, төбелес кезінде ол да ұшып кеткен. Дабыл қағатын тетік кассир қызда бар, бірақ ол басып үлгермеген. 

"Сұр киімдегісі дауысын өзгертіп тұрды. Денесіне қарап, дауысы қандай екенін болжауға болады. Бұны "тыныш жат" деп сөйлеген кезінде түсіндім. Оны танитын сияқтымын. 

Ол да дауысын өзгертпеген жағдайда танып қоятынымды түсінді. Ең ашулысы да сол кісі болды

Бізде қалай? Мас адамдар келеді, олардан шығып кетулерін сұраймын. Жанжалдасқан сәттер де болды. Мүмкін біреу маған ренжіп жүрген болар. Ол жақта контингент сондай. Қимылдарына қарасам, физикалық тұрғыда аса дайындалмаған сияқты. Жастары 20-25-терде", – деді Қайрат. 

Олар қашып кеткенде, күзетші пультті басып, қарулы топты шақырған. 

Күзетшілер бес минуттан кейін келген, одан соң оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем бригадасы келіп жеткен. 

"Қалқамандағы ауруханаға (Алматыдағы №7 аурухана, – ред.) апарды. Алғашқы көмек көрсетілді, бала кезімнен аурухананы ұната бермеймін, сондықтан дәрігерлерден үйге жіберулерін сұрадым. Олар "Барсаң болады, бірақ жағдайың нашарласа, қайта кел" деді. Мысалы, лоқсып, есімнен танып қалған жағдайда...  

Қазір арасында басым айналады, денем ауырады, бұл түсінікті де ғой. Сол күні ауруханадан полицияға бардым, олар түсініктеме алып қалды", – деді Қайрат. 

Қазір үйінде ем қабылдап жатыр. Полиция аталған дерек бойынша "Тонау" бабымен іс қозғады. 

Фото -

Еске салайық, оқиға 20 қаңтар күні, таңғы сағат 4-5 арасында Абай мен Саин қиылысындағы Пари Матч букмекерлік кеңсесінде болды. Бетперде киген үшеу мекемеге баса көктеп кіріп, күзетшіні темір таяқтармен соққының астына ала жөнелген.

Күзетшінің миы шайқалған және бірнеше жерінде бұлшық еттері соғылған. Сонымен қатар оң қолының ортаңғы саусағы шығып кеткен.