1654

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналарды өзі қабылдады

Қала тұрғындары "Астана" концерт залына келіп, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды.
Фотография - Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналарды өзі қабылдады Сурет: astana.gov.kz

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналарды қабылдады, деп хабарлайды Today.kz елорда қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу "Астана" концерт залында өтті. 

Бақыт Сұлтановтың көпбалалы аналармен кездесуі "Ашық есік күні" аясында ұйымдастырылды. Қала тұрғындары "Астана" концерт залына келіп, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды. 

"Ай басталғалы бері аудан әкімдіктері мен бейінді басқармалар азаматтарды қабылдауды жүргізіп жатыр. Нәтижесінде аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы құрылды, нақты қажеттіліктері мен проблемалары анықталды. Бірінші кезеңде азық-түлік, көмір, мектеп құралдары арқылы көмек көрсетілді. Біздің тарапымыздан әр отбасын қолдау жөнінде жоспарлы шаралар әзірленді", – деді Бақыт Сұлтанов. 

Әкім көмекке аса мұқтаж отбасыларға үй беру мәселесі шешімін табатынын атап өтті. 

"Біз аз қамтылған және көмекке аса мұқтаж отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіспіз", – деді әкім. 

Бақыт Сұлтанов атап өткендей, қиындық көріп отырған әрбір отбасы үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларының мүмкіндіктері,  әлеуметтік қолдау және атаулы әлеуметтік көмек тетіктері пайдаланыла отырып, қолдау құралдары анықталатын болады. Сондай-ақ, азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі де шешілмек.  

Сөз орайында айта кетейік, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" 2013-2020 жылдар аралығын қамтиды. Бағдарламаның мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу. Ал "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің "Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарламаның мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Осынау екі бағдарлама аясында ел тұрғындарына көптеген мүмкінідік қарастырылған. 

Фото -

Астана қаласының әкімі азаматтарға алдымен мамандық, кейін жұмыс орны ұсынылатынын айтты. 

"Біз азаматтардың қала үшін басым бағыттар бойынша біліктілігін арттырып кейіннен жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Сондай-ақ, қолда бар ақпараттың негізінде көмек көрсету, соның ішінде тұрғын үй сертификаттарын тапсыру мүмкіндігін ұсыну үшін ресурстарды жұмылдыру алгоритмі әзірленеді", – деді Бақыт Сұлтанов.  

Сұрақ қойғысы келетіндердің қарасы қалың болғандықтан, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов аудан әкімдерімен және барлық басқармалардың басшыларымен бірге азаматтарды жеке қабылдауды жалғастырды. 

"Қала тұрғындарының барлық арыздары мен өтініштері жедел түрде жүйелендіріліп, талданып, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан құрылған жұмыс тобының қарауына жолданды", – деді әкім.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, көпбалалы аналардың бірде-бір өтініші жергілікті атқарушы органдардың назарынан тыс қалмайды. 

Естеріңізге салайық, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың ақпан айында Үкімет жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылған болатын.