893

Нобель сыйлығының лауреаты қазақ жастарына өз бизнесін ашуға кеңес берді

Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад Юнус жастарға кеңес берді.
Фотография - Нобель сыйлығының лауреаты қазақ жастарына өз бизнесін ашуға кеңес берді Сурет: АХҚО баспасөз қызметі

Елордада 16-17 мамыр аралығында XII Астана экономикалық форумы өтуде. Әлемнің білікті сарапшылары мен көшбасшылары Нұр-Сұлтанда екі күн қатарынан адами капиталды дамыту, экология мәселелері, “жасыл экономика” және басқа да өзекті тақырыптарды талқыға салмақ. Айта кетерлігі биылғы басқосуға 2006 жылдың Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад Юнус та қатысты. Ол “Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында өткен AEF Talks дәрісі барысында жастарға құнды кңестер беріп, бизнес ашуға кеңес берді. Бұл туралы Today.kz хабарлайды.

АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының мұрындық болуымен өткен іс-шараға қатысушылардың санында шек болмады. Олар дәріскерлерге түрлі қызықты сауалдар жолдап, тұщымды жауап ала білді. XII Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан ауқымды шарада қатысушылар бизнес ашуға қатысты құнды кеңестерімен бөлісті.

Осылайша 2006 жылдың Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад Юнус жастарға белді университеттердің дипломына қол жеткізу мақсатынан бұрын, өз бизнесін ашуға кеңес берді.

"Мыңдаған, тіпті миллиондаған адам магистр, ғылым докторы атағын алып, кейін жұмыс іздеп жүреді. Жұмыс іздеудің қажеті бар ма? Әрине жоқ немесе ол жөнді идея емес дегенді айтқым келеді. Егер сіз дәл солай ойласаңыз, онда ойыңызды жедел түрде өзгертуге тура келеді. Яғни өмір адамның жұмысына тікелей байланысты деген ойдан арылу керек. Немесе өзіңізге “Мен жұмыс іздемеймін, мен керісінше өзгелерге жұмыс ұсынушы адаммын” деп ойлап көріңіз. Мысалы өз аналарыңызға қарап көріңіздерші? Олардың тұрақты жұмысы болса да, олар бизнеске бет бұрады. Мәселен орамал тоқиды, сүт, тамақ немесе көкөністерді сатады. Сонда өзіңіз бен анаңыздың арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз? Анаңыз қандай да бір бизнес курсқа бармаса да, ол өз ісін аша алады. Бір сөзбен айтқанда, өмір деген - жұмыс іздеу емес, ол керісінше, өз ісіңді, бизнесіңді ашу”, – деді ол.

Еске сала кетсек, XII Астана экономикалық форумы биыл “Ынталандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономика” тақырыбында өткізіліп отыр. Ауқымды шараға АХҚО өкілдері мен білікті сарапшылары да қатысты. Бұл ретте АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының адами капиталды дамыту және Қазақстандағы қаржыгерлердің біліктілігін арттыру ісіне зор үлес қосып келе жатқандығын атап өткен абзал. Сонымен бірге АХҚО елге инвестиция тарту ісіне де өз үлесін қосып отыр. Қазіргі таңда АХҚО-да Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінен жүзден астам компания тіркеліп үлгерді. Өңірлік қаржылық хаб 2020 жылы тіркелетін компаниялар санын 500-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.